Халық саны
Фото: Kapital.kz

Мәжілістегі жұмыспен қамту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда жұмыспен қамту саласындағы ұлттық сарапшы Жақсыбек Күлекеев 2031 жылға дейінгі демографиялық даму жөніндегі болжамын айтты.

Болжамдардың белгілі бір жағдайларға сүйеніп жасалатыны белгілі. Сондықтан 2031 жылға дейінгі болжауды жасау барысында бірнеше жағдай ескерілді. Біріншіден, соңғы 15 жылда еліміздегі халықтың өсу қарқыны жаман болған жоқ. Жалпы халықтың орташа жылдық өсімі 1,2% болды. Оған еліміздегі жалпы халықтың табиғи өсімі 2001 жылмен салыстырғанда соңғы кездері 3 есеге дейін өскені әсер етті. Екіншіден, Қазақстан өңірлеріндегі халықтың өсу қарқыны әртүрлі болды. Мысалы, ең жоғары өсім Астана мен Маңғыстау өңірінде жоғары болды. Мұндағы халықтың саны 15 жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Оңтүстік аймақтарда да халықтық өсу көрсеткіші жақсы екені байқалды, – деді сарапшы.
Сонымен қатар ол Ресеймен шекаралас аудандардағы халықтың саны азайғанын атап өтті.

Ресеймен шекаралас 5 аймақта халықтың санының қысқаруы байқалып отыр. Сонымен қатар 2012 жылдан бастап, сыртқа кетіп жатқан азаматтарымыздың саны Қазақстанға келіп жатқан азаматтардан басым екені байқалды, яғни сыртқы миграция айналымы теріс болжамға әкеп соғып отыр. Салдарынан халқымыздың саны жылына орта есеппен 12-15 мың адамға азайды, – деді Жақсыбек Күлекеев.

Осы орайда сарапшы жоғарыда факторларды ескере келе 2030 жылы Қазақстан халқының саны қанша болатынын айтты.

2030 жылы халықтың саны 20 миллион 560 мыңға жетуі мүмкін. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысында бұл кезеңде де халықтың азаюы жалғаса беретінін байқаймыз. Сонымен бірге 2030 жылға дейінгі уақытта Астана мен Шымкент халқының қарқынды өсуі байқалады. Маңғыстау мен Атырау облысында да халық санының өсуі өте жоғары деңгейде болады. Алайда Ресеймен шекаралас аймақтарда халықтың өсуі көңілдегідей болмайды, – деді Жақсыбек Күлекеев.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!