Қазақстан халқының саны өсті

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны 159,9 мың адам болды, бұл 2017 жылғы қаңтар-мамыр аралығына қарағанда 2,9%-ға көп.

2018 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 3,8 мың адамға немесе 3,8%-ға көбейіп, 103,5 мың адамға жетті. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,69 адам болды.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны — 56,4 мың адам, бұл 2017 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 1,4%-ға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,46-тен келеді.

2018 жылғы қаңтар-мамырда республикада 1 жасқа дейінгі 1 366 нәресте өлімі тіркелді. 2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 1,6%-ға көбейді.

Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі — перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, бұдан 2018 жылғы қаңтар-мамырда 637 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім саны 46,6% болды. Туа біткен ауытқулардан 283 (20,7%), тыныс органдары ауруларынан 113 (8,3%), инфекциялық пен паразиттік аурулардан 70 (5,1%) және жазатайым жағдайлардан, улану мен жарақат салдарынан 63 нәресте (4,6%) қайтыс болды.

2018 жылғы қаңтар-мамырда нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 адамға шаққанда 8,54 жағдай болды.

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты қоныс аударғандардың тіркелу саны 2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 25,6%-ға кеміп, 5 359 адам болды. Елімізден кеткен мигранттардың саны 17,3%-ға көбейіп, 12 874 адамға жетті, көші-қонның сальдосы 7 515 адам болды.

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада болған.

  • ТМД елдерінен келгендердің үлесі — 77,3%;
  • ТМД елдеріне кеткендердің үлесі — 88,8%.

Өңіраралық мигранттардың үлес салмағы еліміздің ішкі мигранттарының жалпы санының 31,5% -ына тең болды. Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы:

  • Шымкент қаласы – 40 622 адам;
  • Алматы қаласы – 14 185 адам;
  • Астана қаласы – 4 898 адам;
  • Ақмола облысы – 25 адам.