Сауль «Канело» Альвареске әлем чемпионы атағы берілмейді — IBO

Халықаралық бокс федерациясының (IBO) президенті Эд Ливайн мексикалық Сауль «Канело» Альварестің Геннадий Головкинмен болған реваншта жеңгеніне қарамастан IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуін ала алмайтынын мәлімдеді.

«Альвареске расында да IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы берілмейді. Біз онымен санкциялық келісімге келе алмадық. Енді бос тұрған титул үміткер екі спортшы арасында сарапқа салынады. Үміткердің бірі Геннадий Головкин болуы әбден мүмкін, өйткені ол осы дивизиондағы рейтингте бірінші орында тұр», — деді Эд Ливайн

Еске салайық, Лас-Вегаста мексикалық боксшы Сауль “Канело” Альвареспен (50-1-2, 34 КО) есе қайтарысу кездесуінде Геннадий Головкин жеңіліс тапқан еді. Реванш 12 раундқа созылды, төрешілердің шешімімен Сауль “Канело” Альварес жекпе-жек жеңімпазы атанды. Ол қазақстандық боксшының WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы деген атақтарын иеленді.

Жекпе-жектен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында Сауль «Канело» Альварестің чемпион атағын ала алмайтыны туралы ақпарат тараған болатын.

ДереккөзSports.kz