Геннадий Головкин жеңілісіне қатысты пікір білдірді

Баспасөз мәслихатында Геннадий Головкин Сауль «Канело» Альвареспен болған реванштағы жеңілісі туралы пікір білдірді.

Иә, бұл жолы рингте Альварес қашпады. Бірақ бұл ол жеңіске жетті дегенді білдірмейді. Мен бокстастым және біз бұған дайын болдық. Бірінші кездесуде ол рингте қашып жүріп алған еді. Бұл жолы ол тұрып алды. Бүгін ол «супер мексикалық стиль» көрсетті деп айта алмаймын. Ол таң қалатындай ештеңе көрсеткен жоқ. Бүгінгі керемет жекпе-жек үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Альваресті және оның командасын құттықтаймын. Ол — бүгін чемпион, — деді қазақстандық спортшы.

Сауль «Канело» Альварес өзіне берілген тапсырманы орындағанын, бірақ нокаутпен жеңу жоспары орындалмағанын айтты.

Мені 14 жастан бері жаттықтырып келе жатқан бапкерлерім Эдди және Чепо Рейносоға алғысымды айтамын. Бірінші раундтан бастап Головкинді нокаутқа түсіруді ойладым. Бірақ жеңісіме ризамын. Бұл мен үшін және менің елім үшін өте маңызды жеңіс. Өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі, — деді Канело.

Айта кетейік, 16 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да көптен күткен кәсіпқой бокс кеші өтті. Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин осы салмақта WBC, WBA және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль “Канело” Альвареспен болған рематчта жеңіліп қалды. Жеңімпаз төрешілер шешімі бойынша анықталды. Бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Нәтижесінде Головкиннің WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағын, WBC арнайы белбеуі мен The Ring журналы белбеуін Сауль «Канело» Альварес иеленді.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңіліс тапқан Геннадий Головкинге қолдау көрсетті. Ол Facebook парақшасына «Гена, сен біздің Чемпионымызсың, саған алғысымыз зор, қолыңнан келгеннің барын жасадың. Баршамыз сені мақтан тұтамыз!», — деп жазды.

Еске салайық, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес ең алғаш тура бір жыл бұрын – 2017 жылдың 16 қыркүйегінде жекпе-жекке шыққан еді. Жүлдеге WBA (Super), IBO, WBC, IBF және The Ring титулдары тігілді. Шаршы алаңда Геннадий Головкиннің басымдық танытқанына қарамастан, судьялар кездесуде Альварестің ұпайы – 118-110, Головкиннің ұпайы 115-113 деп бағалады, қорытынды есеп 114-114, яғни тең болды.

ДереккөзAzattyq.kz