Геннадий Головкин Сауль «Канело» Альвареспен болған рематчта жеңіліп қалды

Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да көптен күткен кәсіпқой бокс кеші өтті. Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин осы салмақта WBC, WBA және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен болған рематчта жеңіліп қалды.

Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің жұдырықтасуы 12 раунд бойы жалғасты.

Жеңімпаз төрешілер шешімі бойынша анықталды. Бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Нәтижесінде Головкиннің WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағын, WBC арнайы белбеуі мен The Ring журналы белбеуін Сауль «Канело» Альварес иеленді.

Невада штатының атлетика комиссиясы (NSAC) қос боксшыға ақылы трансляциядан түсетін табыстан бөлек 5 миллион доллардан берілетінін де хабарлады.

Бокс кеші Астана уақыты бойынша 03.00-де басталды. Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес жұдырықтасуға шамамен сағат 09.00-де шықты. Кәсіпқой бокстағы жылдың басты оқиғасын HBO телеарнасы ақылы трансляция жүйесі арқылы көрсетті. Ал Қазақстан көрермені бокс кешін әдеттегідей Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тамашалады.

Бұл бокс кешінде Давид Лемье — Гэри О’Салливан, Хайме Мунгия — Брэндон Кук, Роман Гонсалес — Мойзес Фуэнтес, Верджил Ортис — Роберто Ортис, Алексис Роча — Карлос Ортис Сервантес, Джаба Хоситашвили — Лоуренс Кинг, Брайан Себальо — Давид Томас жекпе-жектері де болды.

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес ең алғаш тура бір жыл бұрын — 2017 жылдың 16 қыркүйегінде жекпе-жекке шыққан еді. Жүлдеге WBA (Super), IBO, WBC, IBF және The Ring титулдары тігілді. Шаршы алаңда Геннадий Головкиннің басымдық танытқанына қарамастан, судьялар кездесуде Альварестің ұпайы — 118-110, Головкиннің ұпайы 115-113 деп бағалады, қорытынды есеп 114-114, яғни тең болды.

Жекпе-жектен соң екі боскшы да қайта кездесуге шешім қабылдады. Судья Аделаида Берд көпшіліктің сынына ұшырады. NSAC оның қатесін мойындады, бірақ бір жолға кешірім берді. «Канелоның» ағзасынан тыйым салынған кленбутерол затының табылуына байланысты есе қайтару кездесуі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Геннадий Головкин рематчты 2018 жылдың 5 мамырында өткізбек болған еді.