Алматыда балалар алаңында болған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиға салдарынан бала жарақат алып, күдікті қамауға алынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда ер адамның балаларға жақындап келіп, олардың бірін жұлқып көтеріп, жерге лақтырып жібергені көрінеді. Салдарынан бүлдіршін дене жарақатын алған.
Полиция күдіктіні жедел түрде анықтап, ұстады. Белгілі болғандай, ол осы тұрғын үй кешенінің тұрғыны.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалар арасында ойын кезінде туындаған жанжал себеп болған. Осыдан кейін ер адам жағдайды өз бетінше шешуге әрекеттенген.
Балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазір қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Полиция балаларға қатысты жасалған кез келген заңға қайшы әрекетке оның себеп-салдарына қарамастан қатаң құқықтық баға берілетінін атап өтті.
