Азиада-2018: Қазақстан спортшылары екінші жарыс күні 2 медаль жеңіп алды

20 тамыз күні Индонезияда өтіп жатқан 2018 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы екі медальмен толықты. Ұлттық Олимпиада комитеті Азиададағы екінші жарыс күнін қорытындылады.

Күндізгі сессияда сынға түскен суда жүзуші Әділ Қасқабай 50 метрге шалқалай жүзуде іріктеуден аса алмай, 38 спортшының ішінде 13-орынға табан тіреді.

Таэквондошы Елдос Ысқақ өз салмағындағы үздік бестікке енді. Ал оның командаласы Фариза Алдоңғарова елімізге Азия ойындарындағы бесінші жүлдені алып берді.

Семсерлесуден сынға түскен нояндар бүгін жүлдесі қалды. Сабляшы Илья Мокрецов пен Нұржан Кәрім 1/16 финалда сүрінді.

Еркін күрестен аса ауыр салмақта белдескен Олег Болтин 7-орында. Ол ширек финалда ирандық балуаннан жеңілді.

53 келіде белдескен Жұлдыз Ешімова ел қоржынын күміс жүлдемен толықтырды. Финалда Солтүстік Корея өкіліне есе жіберген Ешімова Қазақстанға алтыншы медальді сыйлады.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы іріктеуден өтіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Іріктеуден соң біздің команда Вьетнаммен 5-6 орындарды бөлісті. Сонымен бірге Милад Карими мен Нариман Курбанов жекелей сында жүлдеге таласады.

Су добынан Қазақстан қыздар командасы Индонезияны 16:9 есебімен жеңсе, волейболшы ерлер мен көгалдағы хоккейшілер жеңіліске ұшырады. Волейболшылар 1:3 есебімен Мьянмадан ұтылса, хоккейшілер 2:16 есебімен Малайзия командасынан жеңілді.

Іріктеу айналымында Азия ойындары рекордын орнатқан Мария Дмитриенко қорытынды есепте 4-орынды иеленді.

Академиялық есуде қыздардан құралған төрттік өз тобында бірінші орын алды. Теннисшілер төрт бәсекенің барлығында да жеңіске жетті.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 6 медальмен 11-орында келеді. Алғашқы үш орында Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея спортшылары.