Өскеменге жаңа әкім тағайындалды

Жақсылық Омар Өскемен әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған еді.

Жақсылық Омар еңбек жолын 2001 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші маманы ретінде бастады. Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігінде, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында, Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасында басшылық қызметте болды.

2011-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы қызметін атқарды. Өскемен әкімі лауазымына дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болды. Мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Өскеменнің бұрынғы әкімі Қуат Тұмабаев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сынынан кейін өз еркімен қызметінен кеткен еді.

“13 тамызда Өскемен әкімі Тұмабаев қызметінен кететіні жайлы арыз жазды. Өскемен қаласы әкімінің қызметінен кетуі ҚР Президентінің 2002 жылдың 29 наурызындағы  №828 жарлыққа сәйкес келеді”, – деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина ШҚО облыс орталығы әкімінің міндетін уақытша атқарды.

Қуат Тұмабаев Риддерде адам өлімімен аяқталған жол апатының куәгері болған еді. Жол-көлік оқиғасы 2018 жылдың 15 сәуірінде шамамен сағат 21.00-де болды. Кейінірек Өскемен әкімінің адам қаққан шенеуніктің көлігінде болғаны анықталды. Жол апатынан жас жігіт қаза тапты. Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің этика жөніндегі кеңесі Тұмабаевтың өз лауазымына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Кеңес мүшелерінің айтуынша, ол мемлекеттік қызмет имиджіне нұқсан келтірді.