Алматының «Алғабас» шағынауданындағы Бесінші белес көшесінде орналасқан автосервис нысаны бұзылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс жүргізілген тексеріс барысында құрылыстың рұқсатсыз салынғаны анықталды. Нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма Алматының Алатау аудандық сотына талап-арыз түсірген.
2025 жылғы 29 мамырда аудандық сот талап-арызды қанағаттандырды, ал Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысанды бірер күн бұрын бұзды, — делінген хабарламада.
