«Жылы сезіммен еске аламын» — Назарбаев Кофи Аннан туралы

Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке осы ұйымның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Кофи Аннанның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдаған.

«Кофи Аннан халықаралық деңгейдегі танымал саясаткер ретінде бүкіл ғұмырын әлемде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға арнады. Осыдан біраз жыл бұрын Кофи Аннан сынды парасатты, адал әрі мейірбан тұлғамен таныстым. Жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне қатысты ұстанымдарымыз ұқсас болатын. Мен әлі күнге дейін кездесулеріміз бен өзара әңгімелескен сәттерімізді жылы сезіммен еске аламын», – делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Кофи Аннанның туған-туысқандары мен жақындарына және Біріккен Ұлттар Ұйымына көңіл айтты. БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан 18 тамыз күні 80 жасында қайтыс болды.