Өскемен әкімі Қуат Тұмабаев қызметінен кетті

Қуат Тұмабаев Өскемен әкімі қызметінен өз еркімен босатылды.

«13 тамызда Өскемен әкімі Тұмабаев қызметінен кететіні жайлы арыз жазды. Өскемен қаласы әкімінің қызметінен кетуі ҚР Президентінің 2002 жылдың 29 наурызындағы  №828 жарлыққа сәйкес келеді», — деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина ШҚО облыс орталығы әкімінің міндетін уақытша атқарады.

Ақпарат құралдары Қуат Тұмабаевтың қызметтен босатыла сала, Instagram-да Өскеменмен қоштасқанын хабарлап жатыр. Бұрынғы әкім желідегі парақшасына қаладан шығаберістегі Қабанбай батыр ескерткішінің фотосын жариялап, I will see you again деп жазған.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен әкімі Қуат Тұмабаевқа жұмыстан кетуді ұсынған болатын.

«Меніңше, Қуат Тұмабаевтың осындай жоғары лауазымда отыруға моральдық құқығы жоқ. Мен оған өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуды ұсындым», — деген еді Даниал Ахметов.

Қуат Тұмабаев Риддерде адам өлімімен аяқталған жол апатының куәгері болған еді. Жол-көлік оқиғасы 2018 жылдың 15 сәуірінде шамамен сағат 21.00-де болды. Кейінірек Өскемен әкімінің адам қаққан шенеуніктің көлігінде болғаны анықталды. Жол апатынан жас жігіт қаза тапты.

ДереккөзTengrinews.kz