16 тамыз күні ауа райы қандай болады?

«Қазгидрометтің» қысқамерзімді болжамына қарағанда, 16 тамыз күні атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстан аумағында найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғады.

Республиканың солтүстік-батысы мен шығысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі. Қазақстанның батысында, оңтүстігінде және шығысында ауа райы жауын-шашынсыз болады.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жел күшейеді, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Қостанай облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз бұршақ жаууы мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысында да түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз өңірдің жекелеген аудандарда жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында да екпіні 15-22 м/с-қа жететін жел соғады.

Алматы облысында қатты ыстық болады.

Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды облыстарында дала өрті қаупі күшті болады.

«Қазгидромет» мамандары 16-18 тамыз күндерінде ауа райы қолайсыз болатынын да ескертеді.

Кар теңізі аймағынан Арктиканың суық дымқыл ауасы келеді, соның ықпалымен республиканың солтүстік бөлігінде күн күркіреп, жаңбыр жауады және екпінді жел соғады, күндізгі уақытта бұршақ жаууы мүмкін, түнде температура 7-15, күндіз 18-25 градус жылыға дейін төмендейді.

Республиканың қалған аумағында ауа температурасы бұрынғыдай климаттық нормаға жуық болады, 17-18 тамызда елдің оңтүстік-шығыс және шығыс бөлігінің кей жерлерінде күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады.