«Қазгидромет» РМК Алматы бойынша филиалының екінші категориялы инженер-синоптигі Ақзер Әшім бұған дейін мекеменің азаматтық авиация бөлімшесінде қызмет атқарған. Ал қазір күнделікті ауа райын болжап, халыққа хабарлаумен айналысады.

Ақзер Әшім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Ауа райын екі түрлі әдіспен болжаймыз. Біріншісі синоптикалық, екіншісі математикалық сандық деп аталады. Сандық болжаудың арнайы ғалымдармен жасалған әдісі бар. Осы арқылы өзгерістер мен мәліметтерді есептеп отырамыз. Синоптикалық картаға ауа райын белгілі бір мерзім ішіндегі бақылаудан кейінгі нәтижелерді бейнелейміз. Метеорологиялық станциялардан алынған мәліметтер бойынша жауын-шашын мөлшері, ауаның температурасы, атмосфера қысымының таралуы, циклондар, антициклондар, атмосфералық фронттар, ауа массалары, желдің бағыты, бұлттылық, тұман сияқты құбылыстар синоптикалық картаға тәулігіне бірнеше рет түсіріледі.»,- дейді Ақзер Әшім.

Оның айтуынша, синоптика картасы жер және биіктік картасы болып екіге бөлінеді. «850, 750, 500» минибаро арасындағы карта биіктікте ауа массаларының қалай жылжитынын, траекториясы қай жақтан келе жатқанын, Қазақстанға қандай процестер әсер ететінін, қандай қысым алқабының әсері болатынын және ауа температурасының қандай болатынын анықтайды.

Синоптикалық карта
Синоптикалық карта. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Бізде әдетте ауа массасы құрғақ және ылғалды болады. 850 картасына фронттарды сызу арқылы болашақта жауын-шашынның болатынын не болмайтынын анықтаймыз. Егер жылы фронт өтсе, онда ауа райы да жылы әрі ашық. Ал суық фронттар болса, онда ауа райы жауын-шашынды, салқын болады. Мысалы, дәл қазір сары фронт көрсетіліп тұр, яғни ауа райы жауын-шашынсыз болады. Биіктік картасымен жыраның осі қалай жылжып, қанша уақытта келетінін және қай аймақта болатынын есептейміз», — дейді инженер-синоптик.

«Қазгидромет» орталығында болжау карталары да бар, олар арқылы бір аптаның ауа райына болжам жасалады. Синоптика картасының дәлдігін тексеру үшін сандық әдіс пайдаланылады. Ал 500 минибаро картасы арқылы алдағы ауа райының қандай болатыны анықталады.

«Қазгидрометтің» математикалық есептеліп қойған «космон және VRC» деп аталатын сандық әдісі бар. Бұл әдісті синоптика картасындағы есептеуімізбен салыстырамыз. Бөлімге ғарыштық түсірілімдер әр сағат сайын келеді. Ақпен бейнелегендер — ғарыштық түсірілім. Бұл арқылы бұлттар мен жауын-шашынның қай жерден келетінін бақылаймыз және  36 сағатта қай жаққа дейін қозғалатынын біліп, бұлттың траекториясын сызуға болады. Экстремал карта арқылы кеше Қазақстанда қандай температура болғанын, сонымен қатар минимал және максимал жауын-шашын деңгейін бақылап отырамыз.»

Ғарыштық түсірілім
Ғарыштық түсірілім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Синоптиктің айтуынша, ауа райы қысқа, орта және ұзақ мерзімді үш әдіспен болжанады. Ең қысқамерзімді ауа райы  болжамы бірнеше сағатқа, яғни 1-3 тәулікке, ортамерзімдісі бір аптаға немесе бір айға, ал ұзақмерзімдісі бір жылға дейінгі уақытқа арналады. Ұзақмерзімді болжаммен астаналық мамандар айналысады.

Гидрометеорологтар мен синоптиктер ауысыммен жұмыс істеп, демалысқа қарамайды. Мамандардың бір тобы келесі топтан таңертең ауысымды қабылдап алады. Әр үш сағат сайын деректері бар айналмалы карталар келеді. Сол арқылы атмосфера фронттарының қалай жылжып жатқанын бақыланады. Сағат 12.00-де ауа райын болжау басталады. Мәлімет тіркеу журналына жазылады. Сонымен қатар Іле Алатауына, Шымбұлақ, Көкжайлау сияқты таулы аймақтардағы ауа райына қатысты болжам жасалады.

Ақзер ӘшімАқзер Әшім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Адамдардың ауа райына болжамдарына сенімі әртүрлі. Ал Ақзер Әшімнің сөзіне қарағанда, «Қазгидрометтің» ауа райы болжамы 5-10%-ға ғана дәл келмеуі мүмкін.

«Бізде арнайы журнал бар, мұнда күндегі болжаған температура мен факті түрде болған ауа райын жазып отырамыз. Қарап отырсақ, ауа райы 95-90%-ға сәйкес келеді. Барлық болжам уақытқа байланысты, яғни егер бір аптаға болжайтын болсақ, онда оның дәлдігі де жоғары болады. Ал күн өткен сайын дәлдігі азая бастайды. Сондықтан күнделікті ауа райын нақтылап отырамыз», — дейді маман.

Ақзер Әшім
Ақзер Әшім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

» — Осы уақытқа дейін ауа райы болжамына қатысты қате болмады. Себебі күндіз де, түнде де ауа райы бақылауда болады.  Барлығын максимал түрде нақтылап береміз. Ауа райында қандай да бір өзгеріс болса, бірден барлық қызметке қоңырау шаламыз. Ал олар адамдарға хабарлайды.»

Инженер-синоптик алдағы астрономиялық күздің күнтізбедегі қай күннен басталатынын айтты. Болжам бойынша күз мезгілі өз уақытында, қыркүйектің 15-інен кейін келеді.

Ақзер Әшім геомагниттік дауылдар туралы болжамдарға қатысты да түсінік берді. Геомагниттік дауыл — Жердің магнит өрісінің Күн желісінің әсеріне реакциясы. Бұл құбылыс ауа райына әсер етпейді. Тек атмосфералық ластануға әкелуі мүмкін. Тұрғындарға қауіптенудің қажеті жоқ. Бұл құбылыс ешқандай адам шығыны мен басқа да қайғылы жағдайларға себеп болмайды.