ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік нысандарға бару жоспарланып отыр. Осылардың негізінде Бақытжан Сағынтаевқа өңірде индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы Жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу қарқыны туралы баяндалады. Сондай-ақ Индустрия 4.0 элементтерін енгізу нәтижелері ұсынылады.
Сапар кестесіндегі негізгі іс-шаралар — бизнес өкілдерімен, облыстың жұмыс активімен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, денсаулық сақтау қызметкерлерімен және студент жастармен кездесулер болады.
Атап өтсек, «Жабай ата» ЖШС және «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС агроөнеркәсіптік кәсіпорындарын аралау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен АӨК мемлекеттік бағдарламасын және Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылайды.
Облыстық клиникалық аурухананың жаңартылған инфрақұрылымымен танысқаннан кейін өтетін дөңгелек үстелде өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және саланы қайта реттеу шаралары, МЖӘ және жеке қызметтер секторын дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралады.
Шымкенттің ЖОО-лары мен колледждерінің басшылығы мен студенттері, студенттік ұйымдардың көшбасшылары ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттердің жатақханада тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жаңа құралдарды талқылайды.
Жоспар бойынша, ҚР Премьер-Министрінің іссапары соңында облыстың жұмыс активтері мен бизнес өкілдерімен кездесу өтеді. Күн тәртібінде: өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері, оның ішінде инвестициялар тарту, ШОБ дамыту, индустрияландыру, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0, цифрландыру, жұмыс орындарын ашу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресімдеу мәселелері.