Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында нөсер жауыннан кейінгі су басу салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, 85 тұрғын үйдің ауласына жиналған суды сору үшін техника мен мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Бейнеу аудандық әкімдігінің хабарлауынша, нөсер жауыннан кейінгі жағдайға байланысты барлық жауапты қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Жауын суы 85 тұрғын үйдің ауласына жиналған. Қазірге дейін техниканың көмегімен 7 мың текше метрден астам су сорылып шығарылды, — делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстарына 25 техника мен 37 қызметкер жұмылдырылған. Су сору және аумақты қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өтініштерді жедел қабылдау мақсатында 8 705 820 12 91 нөмірі бойынша арнайы жедел желі іске қосылған.
