Қарағанды облысындағы №32 мекемеде сотталған әйелдерді жұмыспен қамтуға арналған жаңа тігін кәсіпорны іске қосылды. Жоба аясында 75 әйел тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды.
Polisia.kz мәліметінше, кәсіпорын Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №32 мекемеде ашылды. Жобаны «Kebis KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отыр.
Кәсіпорында сотталған әйелдер ресми еңбек етіп, тігін ісіне сұраныс бар мамандықтарды меңгереді. Олар тұрақты табыс тауып, талап-арыздар бойынша берешектерін өтеуге, отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуге және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуге мүмкіндік алады.
«Kebis KZ» кәсіпорны медицина ұйымдарына, құрылыс компанияларына, өндірістік кәсіпорындарға және басқа да мекемелерге арналған арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады.
Жобаның ашылу салтанатына Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері және Қарағанды облысы мекемелерінде жазалардың орындалу заңдылығын қадағалайтын мамандандырылған прокуратураның өкілдері қатысты.
Жоба қылмыстық-атқару жүйесі мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Мамандардың айтуынша, жаңа жұмыс орындары сотталғандардың кәсіби дағдыларын дамытуға, еңбекке жауапкершілігін арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне оң әсер етеді.
