Шілде айының алғашқы демалыс күндері Алматының бес ауданында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Қала тұрғындары отандық фермерлер жеткізген жаңа өнімдерді делдалсыз әрі қолжетімді бағамен сатып ала алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұйымдастыратын жәрмеңкелерде 1000-нан астам атаудағы өнім ұсынылады. Оның ішінде жаңа піскен көкөністер мен жемістер, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, кептірілген жемістер мен үйде дайындалған тағамдар бар.
Жәрмеңкелерге Алматы қаласы, Алматы облысы және еліміздің өзге өңірлерінен 300-ден астам фермерлік шаруашылық, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және кәсіпкер қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат фермерлерге өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік беріп, отандық өндірушілерді қолдауға және азық-түлік бағасының қолжетімді деңгейде сақталуына ықпал етеді.
Қазір жәрмеңкелер Алматының Әуезов, Алмалы, Медеу, Бостандық және Жетісу аудандарында жұмыс істейді. Сонымен қатар Бостандық және Әуезов аудандарындағы сауда алаңдарын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты Әуезов ауданындағы жәрмеңке уақытша Рысқұлбеков көшесі, 33/2 мекенжайына көшірілген. Ал биыл мамыр айында Жетісу ауданындағы Құлагер шағынауданында жаңа жәрмеңке алаңы ашылды, — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері жәрмеңкелерде 16,5 мың тоннадан астам өнім сатылып, 85 мыңнан астам адам келген. Орта есеппен ай сайын шамамен 3 мың тонна өнім өткізіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20% көп.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
- Бостандық ауданы – Қазақфильм шағынауданы;
- Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
- Медеу ауданы – Меңдіқұлов және Бектұров көшелерінің қиылысы;
- Алмалы ауданы – Масанчи көшесі (Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы);
- Жетісу ауданы – Құлагер шағынауданы.
