«Ақылды» үй технологиясын енгізу туралы қоғамдық тыңдау өтеді

«Мемлекет басшысының әкімдікке «ақылды» қала салу туралы міндеті жүктелген Жолдауына, міне, бір айдан астам уақыт өтті. Технология енгізу ең күрделі саладағы — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы өзекті мәселелердің шешілуіне жол ашпақ», — деп жазды әкім өзінің Facebook-тегі парақшасына.

Оның айтуынша, «барлығы адал, әділ және ашық болуы тиіс» қағидасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

«Бүгінде коммуналдық қызмет көрсету, яғни су-жылу-электрмен жабдықтау, қоқыс шығару және қызмет көрсету ұйымдары қаржыларының жұмсалуы әрбір тұрғынға барынша түсінікті әрі ашық болуы тиіс. Әрине, нормативтік және ұйымдық шаралар кешені қажет. Бұл тұрғыда «смарт технологиялар» үлкен рөлге ие», — деп атап өтті Ә.Исекешев.

Елорда әкімі лифттердің қауіпсіз жұмыс істеу мәселесін де көтерді.

«Бізге лифттердің жұмысына қатысты бірнеше рет шағым түсті, олардың адамдардың денсаулықтарына зиян келтіргені сәттері де болды. Біз лифттердің жағдайына тұрақты және объективті бақылау жасауымыз керек. Яғни, біз істен шыққан лифттерді жөндемей, одан түскен деректердің көмегімен ақауды алдын ала болжауымыз қажет. Лифттердің жағдайын талдайтын жүйемен біріктірілген, оның жұмыс істеу параметрлерінің өзгергені туралы хабарлайтын датчиктер лифтілердің бұзылу жағдайларын біржола жоюы мүмкін», — деді әкім.

Оның айтуынша, осы жүйені енгізудің бірнеше нұсқалары қаралып жатыр.

«Бұл жүйе қаржылық тұрғыдан лифт компанияларына тиімсіз, сондай-ақ ол автоматты түрде тұрғындардың шығындарын көбейтуі мүмкін. Осыны түсіне отырып, тұрғындармен ақылдаспай шешім қабылдай алмаймыз. Осы мәселеде олардың пікірлері мен қолдауы біз үшін маңызды», — деп атап өтті Ә.Исекешев.

Осыған байланысты елордалық әкімдік «ақылды» үй технологиясын енгізу және лифт жұмыстарын бақылау жүйесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізбек.

Дереккөзkazinform.kz