Үкіметте «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіндегі жаңа технологияларды енгізу мәселесі талқыланды

Жиында «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды қолдану мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы, теміржол көлігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, азаматтық авиация қызметі, қорғаныс және аэроғарыштық өндіріс салалары бойынша ұсынылған жобалар басымдылыққа ие болды.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігінің жұмысы туралы ақпарат тыңдалды.

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, жұмыс тобына ұлттық компаниялардан сарапшылар тартылып, көрмеде ұсынылған 105 шетелдік және 28 отандық технологиялар іріктелініп алынды.

Шара нәтижесінде, ұсынылған жаңа технологиялардың базалары құрылып, ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Сондай-ақ тәуелсіз жобалар, авторлар мен инвесторлармен бірлескен жобалар әзірленді.

Кездесу барысында ұлттық компаниялардың 25, ал облыстық әкімдіктердің 85 технологияны таңдағаны белгілі болды. Осыған қатысты арнайы жол картасы жасалып бекітілді.

Айта кетейік, мұнай-газ саласында 25, электр энергетикасы — 24, көмір — 5, ал экология саласында 36 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.