Жамбыл облысында мектеп мұғалімі әріптесінің үйіне екі рет заңсыз кіріп, алтын әшекейлерін ұрлағаны үшін сотталды. Әйелге үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, алайда үкімді орындау кейінге қалдырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс материалдары бойынша, жәбірленуші мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Өткен жылы оның туған інісі үйдің кілтін сұраған кезде, әріптесі кілттің қай жерде сақталатынын естіп қалған.
Бірнеше күннен кейін сотталушы жұмыстан ертерек шығып, үй кілтін алып, әріптесінің үйіне заңсыз кірген. Сол жолы ол алтын кулон мен сақинаны ұрлаған. Арада бірнеше күн өткен соң әйел дәл сол тәсілмен қайтадан үйге кіріп, алтын алқа мен білезікті алып кеткен, — делінген хабарламада.
Сот барысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы оған үш жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленуші сотта келтірілген материалдық шығынның толық өтелгенін мәлімдеді.
Әйелге қатысты іс қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі («Бірнеше рет жасалған ұрлық») бойынша қаралды. Бұл бап бойынша екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот үкімімен әйел үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.
Үкім заңды күшіне енді.
