Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану ережесіне маңызды өзгерістер енгізілмек. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 маусымда электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды.
Жаңа ереже
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңдағы өзгеріске сәйкес, электр самокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал Ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап электросамокаттарға қатысты жаңа талаптардың күшіне енетінін мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы электр самокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 149 адам жарақат алған. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында жаңа талаптар енгізіліп отыр. Соған сәйкес, әрбір жалға берілетін электросамокатқа мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Бұл жол қозғалысы ережесін бұзған самокаттарды бейнебақылау камералары арқылы анықтауға мүмкіндік береді.
Пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаған жағдайда да сервис оның самокатпен жолдың жүру бөлігінде қозғалуына мүмкіндік бермейді.
Ал 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салынады.
Тұрғындар бұл өзгерісті қалай қабылдады?
Алматы қаласының тұрғыны Құлпынай Ахметова жаңа талаптарды қолдайтынын айтады.
«Кейде тротуарда келе жатқанда самокатшылардың жанымыздан өте жылдам өтіп кететін жағдайлар жиі кездесетін. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет өзгеріс деп есептеймін. Электросамокат – ыңғайлы көлік, бірақ оның да өз тәртібі болуы керек. Жаяу жүргіншілер жолы ең алдымен адамдарға арналған. Сондықтан бұл өзгеріс қаладағы қауіпсіздікті арттырады деп ойлаймын», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Құлпынай Ахметова.
ІІМ: жолдағы қауіпсіздік өзімізден басталады
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және электросамокат пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Оның сөзінше, 1 шілдеден бастап жалға берілетін әрбір электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, осылайша заң бұзған электрсамокаттар камералар арқылы анықталатын болады. Сонымен қатар әрбір самокат қолданатын азаматқа сақтандыру полисі міндеттеледі.
Ал кикшеринг компаниялар электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген жерде жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, оларды ретсіз қалдыруды болдырмауға, самокаттардың есебін жүргізуге, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдауға міндетті.
«Егер самокатты пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жүріс бөлігінде қозғала алмайды. Мұны сервис қатаң бақылауы қажет. Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Жолдың жиегімен жүруге тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі», – деді Мұрат Қабденов.
Ол азаматтарға электросамокатпен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру қажеттігін еске салды. Ал мұндай жолақтар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға болады. Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс. Жолаушылар мен жүкті тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолға шығуға тыйым салынатынын атап өтті.
«Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік өзімізден басталады», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
Yandex Qazaqstan: кейбір шара жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді
Baribar.kz порталының сұрағына жауап берген Yandex Qazaqstan өкілдері жаңа талаптардың бір бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге ықпал ететінін мәлімдеді.
Компанияның айтуынша, жаңа заң күшіне енгеннен кейін Яндекс Go қосымшасында пайдаланушының жеке басын мемлекеттік цифрлық сервистер арқылы растау енгізіледі. Егер пайдаланушы тексеруден өтпесе, самокатты жалға ала алмайды.
Сонымен қатар компания мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің енгізілуі құқық бұзушылықтарды анықтауды жеңілдететінін атап өтті.
«Кейбір шара жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді. Мысалы, самокатағы мемлекеттік тіркеу нөмірі фото және бейнебақылау жүйелеріне жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын дәлірек әрі жылдамырақ анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде самокат пайдалану мәдениетін жақсартуға әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, кейбір талап пайдаланушылардың бір бөлігінің самокатты жалға алудан бас тартуына себеп болуы ықтимал. Бұлай болып жатса, халықтың едәуір бөлігі бақылауда ұстау қиынырақ болатын жеке самокаттарға немесе басқа көлік түрлеріне ауысады деп болжаймыз. Сәйкесінше, қалалық қоғамдық көлік пен жол инфрақұрылымына түсетін салмақ артуы мүмкін.
Қазір Қазақстанда ай сайын шамамен 180 мың пайдаланушы Яндекс Go самокаттарын қолданады. Олардың 90%-дан астамы сервисті жұмысқа, оқуға баруға немесе басқа көлік түріне отыратын жерге дейін жету үшін пайдаланады», – деп жауап берді Yandex Qazaqstan компаниясы.
Жаңа талаптар сұранысқа әсер ете ме?
Компания әзірге нақты қорытынды жасауға ерте екенін айтады.
«Жаңа талаптардың нақты әсерін олар күшіне енгеннен кейін ғана бағалауға болады. Пайдаланушылардың бір бөлігі бұл талаптарды шамадан тыс деп қабылдап, самокатты жалға алудан бас тартуы мүмкін. Ондай жағдайда олар басқа көлік түрлеріне немесе реттеуі күрделірек жеке самокаттарға ауысуы ықтимал», – дейді Yandex Qazaqstan.
Yandex Qazaqstan жаңа заңның самокатты жалға алу құнына әсері туралы әзірге нақты айтуға ерте екенін мәлімдеді.
«Яндекс Go сервисінде самокатпен жүру құны маусымдық ерекшеліктерге, сұранысқа және басқа да факторларға байланысты қайта қарастырылып, өзгеріп отырады. Сонымен қатар, сервисте тұрақты түрде түрлі акциялар өткізіледі. Сондай-ақ пайдаланушылар минуттар пакетін немесе стартқа арналған жазылымды рәсімдей алады. Бұл сапарларды тиімдірек ете түседі», – деп жауап берді компания.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу статистикасына қатысты компания:
«Жол қозғалысы ережелерін бұзу статистикасын жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауға жауапты мемлекеттік органдар жүргізеді. Өз тарапымыздан біз пайдаланушыларға қауіпсіз сапардың негізгі ережелерін үнемі еске салып отырамыз. Атап айтқанда, бір самокатпен бір ғана адам жүруі керек екенін, жаяу жүргіншілер өткелінде самокаттан түсіп, жетелеп өту қажеттігін және жаяу жүргіншілер көп жерде жылдамдықты төмендету керектігін ескертеміз», – дейді Yandex Qazaqstan.
Сонымен қатар компания қауіпсіздікті арттыру мақсатында технологиялық шешімдерді де қолданатынын атап өтті.
«Бұдан бөлек, сервисті қауіпсіз пайдалануға көмектесетін технологиялық шешімдерді дамытып келеміз. Мысалы, саябақтарда, университеттердің, сауда орталықтарының маңында және адам көп жиналатын басқа да орындарда самокат жылдамдығын автоматты түрде шектейміз немесе баяулатамыз», – деп мәлімдеді Yandex Qazaqstan компаниясы.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптардың негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру және электросамокаттарды пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Ал олардың жалға беру нарығына қалай әсер ететіні заң толық күшіне енгеннен кейін белгілі болады.
Baribar.kz редакциясы Қазақстандағы кикшеринг қызметін ұсынатын компаниялардың бірі – JET-ке де ресми сұрақ жолдады. Алайда материал жарияланғанға дейін компаниядан жауап болған жоқ.
