Сахна декорациясы қандай мамандық?

Суретке деген құлшынысым кішкентай кезімнен байқалса керек. Балабақшадағы тәрбиешім ата-анама менен жақсы суретші шығатынын айтыпты. Алайда, әкем де, анам да әскери шекара қызметінде жүргендіктен менің сурет салумен айналысуыма арнайы көңіл бөле алмады. Қатарластарым сияқты қарапайым орта мектепте оқыдым. 9-сыныпты аяқтаған соң, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сəндік қолданбалы өнер колледжіне оқуға түстім. Мұнда сценография – яғни, сахна декорациясы, безендіру, реквизит және костюмдерді дайындау мамандығы бойынша оқыдым.

Колледждің 3-курсында оқып жүргенімде маған сценография емес, кескіндеме өнері жақын екенін түсіндім. Сондықтан, колледж бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кескіндеме мамандығына оқуға тапсырдым. Ата-анамның өнерге ешқандай қатысы жоқ. Бірақ, олар менің таңдауыма қарсы болмады.

Суретші Mandarin Narbayev
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Мадина қалай Mandarin атанды?

Оқушы кезімде Mail.ru, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілерге кіру «мода» еді ғой. Аталған желілерге Мадина есімді қыздар жиі тіркеліпті. Mandarin атауын солардан ерекшелену үшін ойлап таптым. Өзіме мандарин жемісі ұнайды. Есімім де осы атауға сәйкес келді. Адамның есімі оның өміріне әсер етеді деп жатады. Мандарин маған сәттілік әкелген есім. Көпшілік мені Мадина ретінде емес, Мандарин ретінде таниды. Өнер адамдары үшін ерекше есімінің болуы аса маңызды. Маған Мандариннің ұнағаны сондай, тіпті төлқұжаттағы атымды осылай өзгертіп алмақ та болғанмын (күліп).

  • Аты-жөні: Мадина Нарбаева, лақап аты – Mandarin
  • Туған жылы: 1994 жыл
  • Туған жері: Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы
Суретші Mandarin Narbayev
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«Mandarin Narbaeva» бренді және тоқыма киімдер

Колледжде оқып жүргенімде жас дизайнерлер байқауына қатыстым. Байқауда жүлделі орын алғандарды арнайы Қазақстан сән апталығына шақыртады екен. 2013 жылғы осы жеңісімнен соң дизайнерлік өнімдер шығаруға деген құлшынысым пайда болды. Осы тұста маған анам көп қолдау көрсетті.

Студент кезімде анам маған киімнің барлық түрін өзі тоқып беретін. Ондай киімдерімнің көп болғаны сондай, киіп тоздырып үлгермейтінмін. Уақыт өте келе достарым мен қатарластарымның арасында ерекше «тоқыма стилім» сұранысқа ие бола бастады. Сол кезде маған «неге тоқыма өнімдерін сатылымға шығармасқа?» деген ой келді. Осылайша, анам екеуміз «Mandarin Narbayeva» киім брендін шығаруды қолға алдық.

Біздің өнімдер барлық адамдарға арналған. Қоғамда жастар мен қарттар, оқушылар мен студенттер, ерлер мен әйелдер, байлар мен кедейлер деген сияқты көптеген таптық бөлініс бар. Біздің киімдерді аталғандардың барлығы өз стиліне үйлестіріп кие алады.

Тоқыма тек қана әжелердің ермегі емес

Тоқыма киімдер күз және көктем мезгіліне арналған маусымдық болып бөлінеді. Көп адамдар тоқыма тоқуды өнер деп емес, ермек деп есептейді. Сосын бұл іспен тек әжелер ғана айналысады деген қате түсінік қалыптасқан. Кез келген дүниені өнерге, ал өнерді кәсіпке айналдыруға болады. Анам екеуміз тоқымадан тек қана бас киім мен қалың шарф емес, қазіргі жастардың сұранысына сай барлық киім түрлерін жасаймыз.

Суретшілер де спортшылар сияқты күнде жаттығады…

Шығармашылық адамдар үшін шабыт үлкен рөл ойнайды. Бірақ, шабыт қашан келеді екен деп күтіп отыра беруге де болмайды. Спортшылар жақсы көрсеткішке жету үшін күн сайын жаттығады ғой. Суретшілер де сол сияқты. Күн сайын сурет салу техникасын жетілдіріп, суретші қолына қылқалам ұстамаса дамымайды. Табиғи талант бір бөлек, сурет салу техникасын меңгеру бір бөлек.

Қанша заман өтсе де, қандай қиындықтар болса да қоғамда суретшіге, әншіге, бишіге, жалпы өнер адамдарына деген құрмет төмендемеген. Қазақ қоғамында баланы «бастық бол», «бай бол» деп тәрбиелейтін отбасылар жиі кездеседі. «Ең жақсы кәсіп — ақы төленетін хобби» деген сөз бар ғой. Суретшілердің де табысы жаман емес. Бір картинаның стандартты бағасы шамамен 100 доллардан басталады.

Суретші Mandarin Narbayev
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«The First» көрмесіне не қойылды?

Жақында Астана қаласында «The First», яғни «Алғашқы» деп аталатын жеке көрмемді өткіздім. Көрмеде өзім меңгерген жан-жақты өнер салаларын бір орталыққа тоғыстыруға тырыстым. Онда кескіндеме (живопись) туындылары, түрлі графикалар мен инсталяция және «Mandarin Narbayeva» киім брендінің тауарлары қойылды.

Негізі Астана қаласының бірнеше дүңгіршектерінде киім сататын орталығымыз болған. Бірақ, елордада жалға алу және пайыздық мөлшерлеме жоғары болды. «Mandarin Narbayeva» арнайы тапсырыс бойынша киім тікпейді. Анам екеуміз өзіміздің шығармашылық туындыларымызды жарнамалаймыз. Тұтынушылар тарапынан ұсыныс болса сатумен айналысамыз. Қазір арнайы дүкеніміз жоқ, инстаграм желісі арқылы ғана онлайн сауда жасаймыз. Алдағы уақытта жеке дүкен ашу ойымызда бар.

Жетістікке жету формуласы

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курсында оқимын. Өзімді үлкен жетістікке жеткен тұлға сезінбеймін. Қол жеткізетін жетістіктерім әлі алда деп ойлаймын. Келесі жылы академиядағы оқуымды аяқтаймын. Өнер адамдары үшін диплом тақырыбы оның өнердегі дебюті саналады. Сондықтан, қазір диплом тақырыбы туралы ойланып жүрмін.

Өмір кездейсоқ оқиғалар мен сәттіліктерден тұрады. Сондықтан, жетістіктің нақты формуласы жоқ. Ол әр адамда, әр салада әртүрлі. Менің басты формулам ниетте деп ойлаймын.

Жастар уақытын бос өткізбесе екен…

Қазіргі қатарластарымнан «өмір бір-ақ рет беріледі», «жастық шақта барлығын көріп, біліп қалайық», «жастық шақта қыдырмасаң қашан қыдырасың» дегендерді жиі естимін. Рас, жастық шақта жалын да, жігер де көп. Бірақ оны қыдыруға, көңіл көтеруге, тағы басқа пайдасыз істерге емес, өзін-өзі дамытуға, болашағына азық жинауға жұмсасақ деймін.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.