Адамдар қоғамға деген көзқарасын қалай білдіре алады? Әнші ән айту арқылы, биші би арқылы, ал суретші өз ойын бояумен бейнелеу арқылы халыққа паш етеді. Кез келген мегаполис көшелерінен қабырғаға салынған түрлі суреттерді байқауға болады. Біреулер мұны өнер деп бағаласа, кейбіреулер бұзақылыққа балап жатады. Қазақстанда стрит-арт өнерімен айналысатын танымал топтар бар. Солардың бірі — REPAS командасы.

REPAS атауы қалай қалыптасты?

Алматы көшелеріндегі граффити суреттерге зер салып қарасаңыз, көпшілігінен REPAS деген таңбаны байқауға болады. Бұл Қазақстандағы танымал стрит-суретшілердің тобы. Олардың шеберханасы Алматы қаласында орналасқан. Шеберхананың сыртқы безендірілуі де, ішіндегі атмосфера да ерекше.

"REPAS" шеберханасы
©Baribar.kz

«REPAS» командасының құрылғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Алғашында команданың құрамында 4 адам болды. Үшеуі Алматыдан, біреуі Бішкек қаласынан. Осы уақыт аралығында «REPAS-тың» аты әлем елдеріне танылып үлгерді. Бізден барлығы команданың неге бұлай аталғанын жиі сұрайды. Шынымды айтсам, команданың атауы кездейсоқ туындады. Алғашында команда «SAPER» деп аталды. Кейін кері оқып, «REPAS» деп атап жүрдік. Бірде Болгария жерінде француздармен бірге сурет салып жүргенде команданың атауы не мағына беретінін сұрады. Мен ешқандай мағынасы жоқ екенін, кездейсоқ таңдалған атау екенін айттым. «Репа» француз тілінен аударғанда тамақ деген мағына береді екен. Осылайша, команда атауын «REPAS» деп қалдыруды жөн көрдік»,- деді Andrew бізді шеберханамен таныстыра жүріп.

REPAS-тың қызмет көрсету сферасы кең

Бала күнімде көше суретшісі боламын деп армандамаппын. Алғашында сурет салу хоббиім болатын. Граффити жанрымен танысқан соң бізден басқа ешкімнің бұл саланы дамыта алмайтынын түсіндім. Сурет салумен айналысқаныма 10 жылдан асты. Бұл жолды таңдағаныма өкінетін жайттар көп болды, бірақ мен осы салада жүргеніме қуаныштымын.

Граффитиді өнер ретінде қабылдамайтындар, еріккеннің ермегі санайтындар көп. Мен үшін қабырғаға сурет салу өнері хобби, әрі кәсіп. Менің достарым да, отбасым да, саяхатым да, қызығушылығым да осы. Көше суретшілері – үлкен отбасы. Біздің отбасымыздың мүшелері Ресейде де, Қырғызстанда да, Қазақстанда да бар. Бізді ортақ мүдде мен мақсат біріктіреді.

"REPAS" шеберханасы
©Baribar.kz

Қоғамда көше суретшілері тек қабырғаларды бояумен айналысады деген түсінік қалыптасқан. Біздің қызмет көрсету сферамыз кең. Суретпен байланысты қызметтің барлығын да жасай аламыз. Қазір мейрамхана мен асханалар, тіпті үйлердің де қабырғасын түрлі суреттермен безендіру үрдіс алған. Портреттен бастап қарапайым графикаға дейін біздің қолымыздан шығады.

Бала күнінде адамдар «бұл саған нан тауып бермейді» деген сөзден қашады. «Ең табысты кәсіп – ақы төленетін хобби» деген сөз бар ғой. Қалауын тапқан адамға кез келген сүйікті ісін бизнеске айналдыруға болады. Мысалы, REPAS командасы арнайы тапсырыстар қабылдап, табыс тауып отыр.

Көше суретшілері — жағдай талғамайтын таланттар

Біз құрыл-жабдық пен жағдай талғайтын суретшілер емеспіз. Кейбір суретшілер болады, мен тек қана майлы бояумен немесе қарындашпен сурет саламын дейтін. Нағыз талантты суретші аэрозолмен болсын, бояумен болсын, фломастермен болсын сурет сала алуы керек.

"REPAS" шеберханасы
©Baribar.kz

Қазақстанда граффити өнері жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймын. Өнер жоқ емес, бар. Өсіп жатырмыз. Көше мәдениетін Ресеймен салыстырған бөлек те, Еуропамен салыстырған бір бөлек. Біз бұл өнерді алғаш бастағанда арнайы бояулар жоқтың қасы еді. Жақын болғандықтан Қытай елінен арзан бағадағы бояуларды алып, сурет салып бастадық. Қазір біздің соңымыздан еріп келе жатқан көше мәдениетін жалғастырушыларға жағдай жасағымыз келеді. Сапалы бояудың өзі адамға шабыт береді. Бояуларды Ресейден және басқа да Еуропа елдерінен әкелеміз.

Мақсатымыз — ақша табу емес, ләззат алу

Халыққа стрит-арттың маңызы мен мән-мағынасын түсіндіру шараларын жүргізгіміз келеді. Алайда, бұл салаға адамдар бұзақылық, мәдениетсіздік деп қарайды. Көше өнерінің өзі ерекше мәдениет екенін халыққа насихаттап, түсіндіретін шаралар өткізуге ниеттіміз. Аталған шарада тек қана көше суретшілері емес, көше мәдениетінің барлық өкілдері өнер көрсетсе дейміз. Бұл субмәдениет өкілдерінің ешқандай да үйсіз-күйсіз, қаңғыбас адамдар емес екенін, олардың ерекше өнерлі екенін танытқымыз келеді. Мысалы, көшедегі әншілер мен бишілер, фристайлшылар мен басқа да өнерлі тұлғалар ақша табу үшін емес, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлап, өздері де рухани ләззат алу үшін өнер көрсетеді. Өкініштісі, мұны ешкім түсіне бермейді.

Университеттер мен мектептерде дәріс оқимын

Стрит-суретші болу үшін арнайы оқудың қажеті жоқ. Бастысы – ниет. Біз өзіміздің ізбасарларымызға арнайы дәрістер мен шеберлік сағаттарын көрсетеміз. Кейбір мектептер мен университеттер бізді дәріс беруге шақырады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Көшедегі қарапайым тұрғындар мен мына суретті бір жерден көргенмін деуінің өзі, мына суреттің идеясы мынада екен ғой деп ойлануы – біздің ерен еңбегіміздің ақталғаны. Арнайы шеберханамыз – біздің екінші үйіміз сияқты. Түрлі идеялар осы жерде туындайды.

Andrew, "REPAS" командасының мүшесі, кһше суретшісі
©Baribar.kz

Көше суретшілері қоғамда болып жатқан оқиғаларды өз тілдерінде баяндайды. Оны түсінетін адамдар көп емес. Біз сурет арқылы қоғамға деген көзқарасымызды, кей жағдайларда қарсылығымызды білдіруге тырысамыз. Әр суретшінің өзіне жақын бағыты болады. Мен иллюстрациялармен жұмыс істегенді ұнатамын. Ал біздің командадағы Дмитрий түрлі кейіпкерлердің бейнесін жақсы жасайды. Rekon шрифтілермен көркемдеуді жақсы көреді. Бірақ, нақты мен мынадай жанрдағы суретті ғана саламын дейтін қатып қалған қағида жоқ. Бізде бәрі еркін. Басқа суретшілерден ерекшелігіміз де осында.

"REPAS" шеберханасы
©Baribar.kz

Биылғы жылы екі бірдей көрме өткізуді жоспарлап отырмыз. Біреуін Мәскеу қаласында өткізбекпіз. Жаңа айтқанымдай, Көше мәдениетінің ерекшелігі – еркін стилінде. Сондықтан, нақты жоспар жасамаймыз. Тапсырыс түсіп жатса шетелге баруымыз да мүмкін. Қандай туындылар жасайтынымыз да шабытқа, қоғамда туындайтын мәселеге байланысты.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.