Тігіншілікке деген қызығушылығым жұмыстан өз еркіммен шығуға себепкер болды

Тігіншілікті осыдан екі жыл бұрын үйрендім. Жеңгемнің тігін машинасына қатты қызығатынмын. Содан жеңгем тігін машинасын қолдану мен іс тігуді үйретті. Ол уақытта басқа жұмыс орнында қызмет ететінмін. Тігіншілікке деген қызығушылығым жұмыстан өз еркіммен шығып, арнайы тігін машинасын сатып алуға себепкер болды (күліп). Міне, бәрі осылай басталған еді.

Кішкентай кезімнен дизайнер болғым келді. 7-сыныптан бастап қыздардың бейнелері  мен түрлі әртүрлі көйлектерді қағаз бетіне түсіре бастадым. Осы қабілетімді анам байқап, Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясына оқуға жіберді. Дизайнерлік білімімді осы жерде жалғастырдым.

Оқушы кезімде «Max Mara fashion style» дүкенінде сатушы-кеңесші болып жұмыс істедім. Бір күні өзімнің идеяммен тігілген көйлекті жұмысқа киіп бардым. Дүкенге келген клиент киіміме қызығушылық танытты. Содан «егер менің қолымнан іс тігу келетін болса, мен неге басқа адамның қол астында жұмыс істеймін?» деген ой туды.

Тігіншілерімнің кәсібилігінен гөрі адамгершілік қасиетіне мән беремін

Алғашқы кезде үйде тапсырыс қабылдадым. Бір жылдың ішінде  өте көп тапсырыс түсті. Үйде тігу мүмкін емес бола бастағасы, отбасыммен ақылдасып, тігін ательесін, кейін той көйлектері салонын аштым. Шыны керек, тұтынушылардың басым бөлігі туындыларыма қызығушылық танытып, «қалай тігесің?» деп те сұрап жатады.

Киімнің матасын бастапқыда Атыраудан алып жүрдім. Қазір тапсырыстарды Қытай, Оңтүстік Кореяның маталарымен тігемін. Бір жыл бойы тапсырыстарды өзім ғана тіктім. Үйдегі жұмысым кешкі 19:00-ден, түнгі 2-ге дейін жалғасатын. Алғашқы тіккен белдемшемді 5500 теңгеге бағалағаным есімде.

Ательеме жұмыс істейтін қызметкер таңдауда қиналамын. Себебі, олар сенімен үндес, пікірлес болуы маңызды. Бір жанұяға айнала алатындай адамдарды таңдаған дұрыс. Қазір Аллаға шүкір, үш тігіншім бар. Барлығы да менімен құрдас. Білесіз бе,  көбінесе тігіншілерімнің кәсібилігінен гөрі адамгершілік қасиетіне мән беремін. Өйткені, адамгершілігі бар адам жұмысты да жақсы атқара алады деп ойлаймын.

 

Кішкентай қыз үшін той көйлегін тігу — үлкен жетістік

Ең алғашқы той көйлегін тапсырысқа алған кезде қатты толқыдым. Белдемше мен көйлекке ғана тапсырыс алып жүрген кішкентай қыз үшін той көйлегін тігу — үлкен жетістік.

Қыз ұзату көйлегін де тапсырыспен тіккенмін. 2016 жылғы жаңа коллекциямдағы той көйлектерін қаламызға таныстырдым. Нәтижесінде тапсырыстар өте көп түсті. Сұраныс көп болғандықтан, өзімнің той салонымды ашқым келді. Мұнда қыздар тойға көйлекті жалға ала алады. Жалға алу бағасы 80000 теңгеден басталса, арнайы тапсырыспен тігу 150000 теңгеден басталады.

Той көйлектері салонын ашуға 2 миллион қаражатымды жұмсадым. Аллаға шүкір, бүгінде кәсібім өз табысын артығымен ақтап жатыр. Былтыр сәуір айында Астанадан да бутигімді аштым. Бірақ, оған көп қаражат жұмсамаймын.  Киім брендім қазақстандық дизайнерлердің киімдерімен бірге тұрады. Осы күнге дейін, барлық қалаларға тапсырыс жібердім деп айта аламын. Шыны керек, өз қаламнан бөлек Ақтау мен Алматыдан тапсырыс жиі түседі.

«SM» брендінің ерекшелігі: Брендімдегі киімдердің жабық әрі ұзын болуы дизайнерлік жағынан ерекшелігімді көрсетеді. Осы уақытқа дейін ешкімге ашық көйлек тіккен емеспін, тікпеймін де. Егер клиенттің беріп тұрған тапсырысы ашық немесе қысқа болса қабылдамаймын. Өйткені, ондай дүниенің қолымнан шыққаны мен үшін ұят. Мысалы мен галстук тігу, шалбар қысқарту немесе жаңа жылға Аяз атаның киімін тігіп беру деген сынды дүниелерді жасағым келмейді.

Үлкен масштабтағы дизайнер болғым келеді

Қазір Атырау мұнай және газ институтында оқимын. Мамандығым кәсібіме мүлде қатысы жоқ. Себебі, өз мамандығым бойынша  түскім келген оқу орнының мұғалімдерінің студентпен қарым-қатынасы маған ұнамады.

Өзім тігіншілік саласын кәсіби тұрғыда 2 айлық курста ғана оқыдым.  Алайда, одан тәжірибе жинақтадым деп айта алмаймын. Дегенмен, осы уақытқа дейін «тігісің дұрыс емес» деп сын айтқандар болған емес.

Отбасым туралы кітап жазуға болатын шығар. Қандай жағдай болмасын, олар мені үнемі қолдайды. Әкем — ихтиолог, анам — мұғалім. Әпкем мен сіңілім Астанада оқып жатыр. Әпкемнен үйренгенім көп. Ал сіңіліме сол әпкемнен алған тәлім-тәрбиемді үйретуге тырысамын. Менің үлкен мотиваторым – отбасым. Кез келген жағдайда ата-анаммен ақылдасамын. Әр адам өзіндік қолтаңбасымен ерекше ғой. Болашақта әлем танитын үлкен масштабтағы дизайнер болғым келеді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.