«Еще один день«
Режиссері: Виталий Кистанов, Фуркат Файзиев
Актерлер: Александр Багрянцев, Қажымұқан Қалымбетов, Виктор Бондарев, Латина Сатарова, Сухраб Мамтелов, Владимир Мищенко
Жанры: драма, қызықты хикая
«Тағы бір күн» шытырман оқиғалы фильмі — Виталий Кистановтың режиссерлік алғашқы жұмысы. Фильм жер шарын аралаушы Дмитрий Петрухиннің саяхатынан сыр шертеді. Режиссер Виталий бұған дейін Индар Жендубаевтың «Он дракон» және «Өз елінің әскері» фильмдерінің түсіріліміне (Ресей) оператор ретінде қатысқан.
Картина желісі төмендегідей өрбиді:
Виктор — Испаниялық фотограф. Оны Алматыдағы досы Дәурен қонаққа шақырады. Виктор қуана қабыл алады. Себебі jk қаланың әдемі жерлерін суретке түсіруді, сноуборд тебуді армандап жүрген.
Бір күні қарлы шыңдарды суретке түсіріп тұрғанда оны шаңғышы қағып кетеді. Артынан қар көшіп, Викторды басып қалады. Құтқарушылар оны ары іздеп-бері іздеп таба алмайды. Ал фотограф болса, бір үңгірге түсіп, аман қалған екен. Алайда бұл туралы ешкімге хабар бере алмайды, себебі байланыс жоқ еді. Осылайша Викторға азапқа толы ажал төнеді. Бірақ кейіпкер берілмек емес. Тағдыры оған аман қалуы үшін тағы бір күн сыйлады.
Прокатқа 5 қаңтарда шыққан фильм көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы. Еліміздегі киноафиша жарияланатын kino.kz сайтында фильм 7.99 балл жинаған.
«Қазақ хандығы. Алмас қылыш«
Режиссері: Рүстем Әбдрашов
Актерлер: Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмажинов, Аян Өтепберген, Мадина Есманова
Жанры: экшн, тарихи драма
“Қазақ елі” сериалының кино нұсқасы жыл басында көрерменге жол тартқан болатын. Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясының негізінде түсірілген фильм Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінен сыр шертеді.
Фильмнің түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде, арасында жоңғар тілінде және солтүстік моңғол диалектісі бар. Прокатқа орыс тілді нұсқасы да әзірленді.
«Бізде материалдың үлкен қоры жинақталды. Сондықтан фильмнің жалғасы міндетті түрде болады», – деген еді Р.Әбдірашев.
Тарихи жобаның авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Президент аталған фильмді «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалады. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген.
«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи фильмін қытайлықтар мен америкалықтар прокатқа сұраған. Бұл туралы фильмнің продюсері Арман Асенов отандық басылымдарға берген сұхбатында:
“Алмас қылыш” фильмі Голливудтағы American Film Market-ке қатысқан еді. Сол байқауда Қытай, Латын Америка мен АҚШ біздің картинаға қызығушылық танытып, прокатқа сұрады. Бұл дегеніңіз, бізді тарихы ерлікке бай ел ретінде мойындай бастады деген сөз. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіліп жатыр”,-деген еді.
Фильм кинотеатрларға 5 қаңтар күні шықты. Көрерменнің бағалуы бойынша 6.28 балл жинаған.
«Навстречу мечте»
Режиссері: Онищенко Константин
Актерлер: Василий Левит, Александр Винокуров, Данияр Елеусінов, Жақсылық Үшкемпіров, Елдос Сметов, Дмитрий Баландин, Зүльфия Ғабидуллина, Саттар Бейсембаев, Гузель Манюрова, Ольга Рыпакова, Дамир Рыспаев, Дариға Шәкімова, Жазира Жаппаркұл, Раушан Қойшыбаева, Гүлбану Әбдіхалықова, Леонардо Игита, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Берік Әбдрахманов, Біржан Жақыпов, Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Дильназ Ахмадиева, Құмар Лұқманов, Руслан Висингериев, Ерболат Тоғызақов, Луина, Кентал, Ермұрат Меңтай, Әли Оқапов, Тәуекел Мүсілім, Айдана Меденова, Дарья Александрова, Төреғали Төреәлі, Әсел Ақбарова, Төлепберген Байсақалов, Шәріп Серік, КешYou, RinGo, «Орда» тобы, Кәмшат Жолдыбаева, Айқын, Нұрлан Батыров, Әлішер Каримов, Серік Ибрагимов, Даут Шахислямов.
Жанры: музыкалық комедия
Олимпиада чемпиондары қатысқан тұңғыш отандық мюзиклде Санжар есімді баланың хикаясы көрсетілген. Ол өзі жасаған медальді боксшы Василий Левитке табыстауды армандайды. Бұл туралы күні-түні тілейді. Тілектердің орындалатынына, армандар алдамайтынына сендіретін фильмнің премьерасы 12 қаңтар күні болды. Жарнамасы нашар болды ма, әлде шынымен көрерменнің көңілінен шықпады ма, 10 баллдан тек 2.42-сін алған.
«В сетях»
Режиссер: Татьяна Нам
Актерлер: Айсұлу Әзімбаева, Динара Бақтыбаева, Санжар Мәди, Ефим Иванов
Жанры: мелодрама
Карла телестилист болып қызмет етеді. Ол — білімді, әдемі, өзін ханшайым сезінетін танымал қыз. Онда бәрі жақсы болатын, бірақ күндердің күнінде өмірінде қара жолақтар пайда бола бастайды. Карланың жан құрбысы әлеуметтік желілердің бірінде оның сүйіктісімен көңіл қосқаны туралы жариялайды. Бұл ақпарат стилист өмірінің тас-талқанын шығарады. Танымал адамның жеке өмірі жұрт назарына шықса, не болады? Фильм сол туралы түсірілген.
19 қаңтар күні прокатқа шыққан фильм көрерменнің бағалауы бойынша тек 2.70 балл жинаған.
«Я люблю тебя, Ақерке!»
Режиссері: Мейірім Арғымбаева, Нәзия Назарбек
Актерлер: Айсаным Қастеева, Нұрлан Наурызбаев, Нәзия Назарбек, Данияр Тұранов, Аяулым Тұрысбекова, Жұлдыз Әлиманова, Санди Госман, Әділет Мәкен, Хаким Ерғалиев, Абылай Ибрайұлы
Жанры: мелодрама
“Ақерке, Мен сені сүйемін” фильмі мыңдаған жүректерді тебірентті. Өмірде болған шын оқиғаға негізделген кинокартинаны Қазақ Ұлттық өнер университеті студенттері түсірген. Басты рөлде – олардың жақын досы, әрі группаласы Ақерке есімді қыз. Студенттер төртінші курс оқып жүрген кездерінде оның ауырып жүргенін біледі. Қан ауруы тез арада қымбат емді қажет етеді. Қаржыны жинау мақсатында Ақеркенің достары және оның айналасындағы жақын адамдары Астана қаласы бойынша қайырымдылық концертін ұйымдастырады. Біреулер қолдан жасалған бұйымдар, тағы бір достары кітаптар, сабын және тағы сол сияқты заттарды сатады. Еріктілер екі аптаның ішінде Ақеркені Түркияға емделуге жіберу үшін 24 мың доллар көлемінде қаржы жинайды. Кетер алдында достары ол жайлы фильм түсіруге уәде берген. Өкінішке орай Ақерке бұл өмірден өтіп кетеді. Алайда достары сөздерінде тұрып, ол жайлы кино түсіреді. Мыңдаған жүректі бір жерге тоғыстырған үміт, қайырымды іс туралы фильм көрерменге 2 ақпан күні жол тартқан болатын.
Фильм 8.17 балл жинады.
«В поисках мамы»
Режиссер: Руслан Акун («Салам, New York», «Бішкек, мен сені сүйемін»)
Рөлдерде: Тәуекел Мүслім, Азамат Ұланов, Майкл Мапонго
Жанры: отбасылық комедия
16 ақпанда үлкен экранға жол тартқан фильм анасын іздеп Америкаға аттанған Азамат есімді бала туралы. Оның есте сақтау қабілеті жоғары, кез келген ақпаратты үтір-нүктесіне дейін жадында сақтайды. Алайда туған анасының түрі есінде жоқ…
Руслан Акунның фильмі көрерменнің ықыласына бөленіп, 8.49 ұпай жинады.
«Келинка тоже человек»
Режиссер: Асқар Ұзабаев («Осторожно, корова!», «Жол», «Гламур для дур»)
Рөлдерде: Әсел Садуақасова, Данагүл Темірсұлтанова, Данияр Алшынов, Әмина Малғаждар.
Жанры: комедия
Картина сюжеті ене мен келін арасындағы қиын қарым-қатынас жайында. Бақытты отбасы махаббат пен шыдамдылықты қажет етеді. Бір күні таңертең кейіпкерлердің жандары ауысып кетеді. Осының арқасында олар өмірге мүлдем басқа қырынан қарай бастайды. Ене мен келін өздері үшін үлкен сабақ алады.
Кино тек қана қызықты оқиғаны баяндап қоймай, өмірдің әртүрлі қиын сәттерінде қалай жол табу керектігін үйретеді.
23 ақпан күні прокатқа шыққан фильм еншісінде — 7.02 ұпай.
«Всё из-за мужикoff»
Режиссер: Виктор Бормотов («Универ», «Интерны» сериалдары)
Рөлдерде: Мұрат Бисенбин, Тәуекел Мүслім, Данияр Алшынов, Жәния Джуринская, Сая Оразгалиева, Әсел Ақбарова, Наталья Наумова.
Жанр: комедия
2 наурыз күні шыққан фильм — қазақстандық режиссер Виктор Бормотовтың тағы бір комедия жанрындағы туындысы. Ол үш еркек және тек қана әйелдер бар әлем жайында. Кино сюжеті Астана қаласында орын алады. Фильм қаһармандары әйелдер әлемінің ішінен көруге мүмкіндік алады. Алғашқы кезде оларды барлық қыздар алақандарында аялап, жігіттер қалаған барлық армандарды орындайды. Осының әсерінен олар бұл жерді жұмақ екен деп ойлайды. Алайда шынтуайтына келгенде бәрі керемет емес еді. Жігіттер өмірінің соңына дейін әйелдердің кумирі болып қалғысы келе ме, әлде олар қарапайым өмірге қайтып оралуды қалай ма? Картина көрерменге қызықты болған сыңайлы. Kino.kz порталы оған тұп-тура 7.00 ұпай беріпті.
«Наурыз.kz»
Режиссер: Асқар Бисембин («Свадьба на троих», «Адель», «Папины дочки» сериалы)
Рөлдерде: Берік Айтжанов, Жанар Дұғалов, Анатолий Кренженчуков, Алдабек Шалбаев, Кентал, Айқын, Шәріп Серік, Жеңіс Омаров, Антон Зайцев.
Жанр: комедия
Наурыз мерекесіне орай түсірілген фильм үлкен экранға 16 наурыз күні шықты. Ол адамдардың әр жыл сайын ғажайыпқа толы көктемнің келуін күтетіні туралы. «Ал ғажайып – әкімнің комада жатып ауылды басқаруы… Ғажайып – американдықтың алыс Шымкенттен туыстарын табуы… Ғажайып – махаббат үшбұрышының қатысушыларының жасы 200-де болуы… Ғажайып – ең әдемі қыз бизнесменге емес, қарапайым такси жүргізушісіне бұйыруы… Ғажайып – шексіз махаббаттың студенттік шәкіртақыға өмір сүруі… Көктем – ол Наурыз, барлық армандар орындалар сәт!»- деп жазады фильмнің шығармашылық тобы. Олардың ғажайыбына көрермендер де сенгісі келген сынды. Картина көрсетілімі бойынша 7.37 балл жинаған.
«Соқыр махаббат»
Режиссері: Данияр Саид
Актерлер: Сиви Махмуди, Ренат Баситов, Жан Байжанбаев, Нұртас Айдарбеков, Серікбол Сайлаубек, Ербол Шарипов, Марина Сүлейменова, Мақпал Жүнісова
Жанр: мелодрама
Фильмнің желісі бойынша Арлан атты жігіт (Ренат Баситов) тағдырдың талай сындарына төтеп беріп, жанарынан айырылған Анель (Сиви Махмуди) есімді қызға ғашық болады. Қос ғашық өмірдің қиындықтарына төтеп беру жолында неше түрлі оқиғаларды бастарынан кешіреді.
Фильм 6 сәуір күні прокатқа шықты. Ол толығымен қазақ тілінде түсірілген. Картина еншісінде — 7.47 ұпай.
«Знакомьтесь, Ибалы»
Режиссер: Дарханбек Кальменов
Рөлдерде: Арна Мақұлбек, Саят Исембаев, Нұрқанат Молдахан, Спандияр Мамреев, Сапара Алайдарова, Закир Асадов
Жанры: романтикалық комедия
6 сәуір күні көрермен назарына ұсынылған фильм ауылдан қашып келген Ибалы есімді қыздың тағдырын баяндайды. Қыз ауылдағы бір жігітке атастырылған, алайда оған тұрмысқа шыққысы келмейді. Қалаға барып, оқу оқымақ. Астанаға келіп, Әлемгер деген жігітпен танысады. Екеуі бір-біріне ғашық болады, бірақ Әлемгер Ибалының күйеу жігіті бар екенінен хабарсыз. Сөйтіп жүргенде қызға бай біреудің көзі түседі. Комедиялық фильм тек 3.01 ұпай жинаған. Ол еліміздегі кинотеатрлардан 6 сәуірден бастап көрсетілген болатын.
«Оралман из Питера»
Режиссері: Әлен Ниязбеков
Актерлер: Дәурен Айдарқұлов, Қуандық Шәкіржанов, Асан Мәжит, Динара Бақтыбаева, Дина Тасболатова, Ерік Жолжақсынов
Жанры: комедия
Фильм — композитор Арман Дүйсеновтің продюсер ретіндегі алғашқы жұмысы.
Кинокартина үш талантты жігіттен тұратын музыкалық топ жайында. Біреуі Питерден келген. Жігіттер танымал болуды қалайды. Олар аспаптар сатып алуға Астанаға келіп, жолда қомақты қаржыларын жоғалтып алғанына қарамастан, үлкен сахна, жанкүйерлер жайында армандайды. Танымал болу үшін музыкалық байқауларға қатысады. Егер жеңетін болса, барлығы әп-сәтте өзгеретініне сенеді. Бірақ әзірге тек қиындықтар күтіп тұр. Сюжет бойынша Jingle тобы 100 мың доллар сыйақысы бар музыкалық конкурсқа қатысады. Танымалдық үшін ештеңеден тайынбайтын үшеу туралы фильм 4.67 балл ғана жинаған. Ол 12 сәуірден бастап жарыққа шыққан еді.
«Бір сен үшін«
Рөлдерде: Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Айжан Байзақова, Зарина Кармен
Жанры: мелодрама
Актер Азамат Сатыбалдының продюсерлігімен түсірілген фильм бала сүйе алмай жүрген отбасы туралы. Асқар мен Айжанның отасқанына сегіз жыл болған. Ал Асқардың әкесі немере сүюді аңсайды, баласына ажырасуды ұсынады. Алайда Асқар сатқындыққа барып, некесіз балалы болады. Енді оған таңдау жасау керек. Оның қандай болатынын көрермендер 27 сәуірде кинотеатрлардан көрді. Бірақ аталған фильмге қызығушылық төмен болған сынды. Картина тек 3.70 ұпай жинаған.
«Мы из Сандыктау»
Режиссері: Елена Шестакова
Актерлер: Инабат Әбенова, Түймехан Атымтаева, Майра Омар, Гүлбаршын Қылышбай, Жанат Чайкина, Дастан Байбосынов, Жеңіс Әбдіғазиз, Ерғұлан Жанпейісов
Комедия жанрында түсірілген картина Сандықтау ауылынан Астанаға келген апалар туралы. Олар құрбысының туысқанына жаңа үйге қоныстануға көмектеседі. Алайда одан да басқа шаруалары бар. Себебі олардың үйленбеген ұлдары бар еді. Соларға қалыңдық тауып беру керек. Ал астаналық отбасының тұрмыс құрмаған Жанна есімді қызы бар. Бәрінің көзі сол қызға түседі. Ал Жанна болса, Сандықтаудан келген қаз Сильвестордың көмегімен өз махаббатын жолықтырады. Осындай қызықты хикая 13 шілде күні жарыққа шығып, 4.42 ұпай жиды.
«Мажоры»
Режиссер: Жәнібек Гусманов
Актерлер: Марсель Махмуди, Бақтияр Байсерік, Әнуар Талғатов, Айым Сейтметова
Жанры: комедия, мелодрама
Қазіргі таңда барлық жастардың мүмкіндіктері бірдей емес. Алайда, бұл бұрынырақта осылай болған. Адамдардың әлеуметтік деңгейі әртүрлі. Сондықтан да балалар әрқилы жағдайда дамуға мүмкіндік алады. Көптеген дүние қызықтарына қаржысы жоқ қарапайым қыз-жігіттер байдың балаларын ұната бермейді. Бай ата-аналар баласына сұрағанының бәрін беріп өсіреді. Ондай жағдайға үйреніп кету оңай, ал алғың келгеннен бас тарту – қиын. Алайда өмірдің өзіндік тосын сыйлары бар. Тағдыр тартуының барлығы тәтті бола бермейді.
Сиви Махмудидің продюсерлігімен түсірілген биылғы жылдағы екінші картина 20 шілдеде кинотеатрларға шығып, 5.72 ұпай жинады.
«Последняя невеста»
Режиссері: Берик Ошакбаев
Рөлдерде: Жұлдыз Әлиманова, Айдар Мұқашев, Ерғұлан Жанпейісов
Жанры: триллер
Аталған картина маньяк туралы түсірілген. Ол қыздарды ұрлап әкетіп, зорлап, өлтіріп отырады. Оның келесі құрбандығы — Әсел. Қыздың тағдыры қалай өрбиді, ол қанішерден құтыла ала ма?
Бұл сауалдың жауабын 17 тамыз күндері кинотеатрға барған көрермендер біліп қайтты. Алайда отандық триллер сұранысқа ие бола алған жоқ. Бар-жоғы 4.16 балл жинады.
«Ninety one»
Режиссері: Асқар Ұзабаев
Актерлер: AZ, BALA, ALEM, ACE, ZAQ
Биографиялық мюзикл жанрында түсірілген Асқар Ұзабаевтың фильмі атышулы Ninety one тобының тарихын баяндайды. Қазақылыққа жат көрінген жаңа бағыттағы топ бастапқыда халық тарапынан және өнер жолындағы әріптестерінен көп сынға ұшырады. Кей қалаларда концерттерін өткізбей тастады. Бәрі жоғалғандай көрінген сәтте өз іштерінен күш тауып, олардың өнерлерінің құны бар және өз фан зонасы қалыптасқан топ екенін дәлелдей түсті. Олардың осы қиын уақытта басынан кешкен қызық сәттерін және ішкі толғаныстарын көрсететін фильм 24 тамыз күні көрерменге жол тартып, 7.37 балл жинады.
«Крылья, подаренные матерью»
Режиссері: Қажымұқан Қалымбетов
Актерлер: Санұржан Сүлейменов, Жәния Қалиева, Гүлнара Ералиева, Нышанбек Жұбанаев, Еркен Губашев
Жанры: драма
Картина ауылда тұратын ағайынды екі жігіт туралы. Олардың өмірге деген көзқарастары әртүрлі. Бірі қалаға келген соң, оның қызықты өмірінен шыға алмай қалса, екіншісі өлең жазып, қиындықтарды жеңуді, арман жолында жүрек қалауына сенуді үйренеді. Фильм адамның өзіне, жарқын болашаққа сенуі туралы. Ол 14 қыркүйек күні шықты. Жинаған баллы — 4.60.
«Оралман«
Режиссері: Сәбит Құрманбеков
Актерлер: Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева
Фильмде қазақ отбасының өмірі баяндалады. Олар бұрын туған отанынан кетіп, Ауғанстанға көшіп барған. Кейіпкерлер туған жерлеріне ұзақ жол жүреді. Картина сценарийін Нұрлан Санжар, ал музыкасын композитор Айдос Сағат жазды.
«Оралман» қарашаның 9 — 19 күндері Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Ал, келесі жылдың басынан бастап фильмі Италияда прокатқа шығатын болады. Ол елімізде 14 қыркүйек күні шыққан еді. Көрерменнің бағалауы бойынша 4.60 ұпай жинады.
«Любовь по наследству»
Режиссері: Нияз Әбдіғапар
Актерлер: Мұрат Бисенбин, Нұрлан Батыров, Альбина Оганесян, Мөлдір Мекенбаева, Эдуард Табишев, Азиза Рыскельдиева
Жанры: мелодрама, комедия
28 қыркүйекте экранға шыққан фильм 30 жастан асып кеткен ағалы-інілі Арсен мен Арманның өмірін көрсетеді. Олардың әлі отбасы да, балалары да жоқ. Бір күні әкелері балаларының басын қосады. Отбасылық жиналыс кезінде аналары ауыр жағдайда есінен танып түседі. Осыдан соң балаларына шарт қояды. Егер таныс отбасыларының қыздарын алып, немере сүйгізбесе, жігіттер мұрасыз қалмақ. Дүние үшін күрес кезінде ағайындылар көптеген сынақтардан өтіп, кімнің нағыз дос, кімнің жау екенін анықтайды.
Айта кетейік, “Мұрагерлікке қалған махаббат” – Нұрлан Батыровтың комедиядағы дебюті.
Картина 4.08 ұпай ғана жинады.
«Арман»
Режиссері: Рашид Сулейменов
Актерлер: Жұлдыз Айдарбекова, Қайрат Нұртас, Тілектес Мейрамов, Елжас Рахимбеков, Шадияр Абдуллаев, Олжас Нұрбаев, Дархан Манаков
Жанры: драма, экшн
Қайрат Нұртастың 12 қазанда көрерменге жол тартқан киносы шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген қыз бен жігіт туралы. Олардың бақытты күндерін бай балаларының бассыздығы бұзады. Арақ пен нашаға тойып алған төртеу қалыңдық Арманды ұрлап әкетіп, ойына келгендерін істейді. Ал күйеу жігіт болса, сүйіктісі үшін бәріне дайын. Тіпті түрмеге отырып шығуға да…
Қоғамдағы ащы шындықты, әйел тағдырын, бай балаларының заңды аяққа таптап жүргені туралы түсірілген фильм 5.37 ұпай жинады.
«Біздің қаланың ханзадасы»
Режиссері: Талғат Теменов
Жанры: драма, мелодрама
Бұл Бибол есімді жетім бала мен музыкант Қасымхан қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі — бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі. Бір-біріне бөтен бас кейіпкерлер етене жақын болып кетеді. Адамгершілік қасиеттердің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын насихаттаған картина 19 қазаннан бастап үлкен экрандарда көрсетілді. Бірақ 2.13 ұпайды қанағат тұтты.
«Брат или брак»
Режиссері: Ернар Нургалиев
Актерлер: Құралай Анарбекова, Дәурен Серғазин, Нұрлан Сабуров, Әбунасыр Серіков, Мұрат Бисенбин, Тәуекел Мүсілім
Жанры: комедия
«Аға ма, әлде неке ме?» фильмі – Айдар мен Гаухар туралы баяндайтын комедиялық хикая. Жас жұп үйленуге шешім қабылдайды, оларға ешкім кедергі келтірместей көрінеді. Бірақ, барлығы оңай бола салмайды. Гаухардың бес ағасы қарындастарының таңдауымен келіспейді. Айдар кез келген жолмен олардың жүрегіне жол тауып, өзі туралы қарсы пікірді өзгертуге тырысады.
Режиссер Ернар Нұрғалиевтің толық метрдегі дебюті 26 қазан күні жарыққа шықты. Ол 6.33 ұпай жиды.
«100 минут о любви»
Режиссері: Альмири Карпыков
Рөлдерде: Елдана Қансейітова, Альмири Карпыков, Айсұлу Әзімбаева, Мұқағали Мырзамбетов, Зайтуна Карпыкова, Лидия Кәденова, Азат Сейтметов, Әзиз Бейшеналиев, Данагүл Темірсұлтанова, Нұрлан Төреханов, Мұрат Нұрасылов, Телеубек Аралбай, Қуаныш Жылжақсынов
Жанр: лирикалық мелодрама
Фильм 22 жастағы Мика есімді қыз туралы. Ол АҚШ-тағы беделді университетте экономист мамандығын оқып келген. Ата-анасы оны банкке жұмысқа тұрғызбақ, алайда Мика ән айтып, әуен жазуды қалайды. Күндердің күнінде ол Әнуар есімді банкир жігітпен танысып, ғашық болып қалады. Ал Әнуардың қалыңдығы бар. Ол — банк бастығының қызы. Мика болса, сол банкке жұмысқа тұрмақ. Махаббат үштігі қалай шешілгенін 23 қарашада кинотеатрға барған көрермендер көрген болар. Картина қызықты болған сыңайлы — 6.59 ұпай жинаған.
«Больше чем кино»
Режиссері: Асқар Бисембин
Актерлер: Данияр Алшынов, Аружан Жазылбекова, Еркін Губашев, Жәния Джуринская, Дәурен Айдарқұлов, Марат Әлибаев, Марат Достаев, Ратбек Байенов, Нағима Ахметова, Газрет Ержанов
Жанры: комедия
Жас режиссер өзінің дебютті фильмін түсіру үшін басын тәуекелге тігіп, бағдарламаның түсірілім алаңын рұқсатсыз пайдаланады. Ол үшін шығармашылық топты тегін жұмыс істеуге көндіруі керек. Ал продюсер ретінде өзінің бұрынғы ғашығын көреді. Бірақ үйленуге ұсыныс жасап, өзі Америкаға кетіп қалған жігітті қыз кешіре ала ма?
Айта кетейік, «Кинодан да артық» туындысы — Асқар Бисембиннің толық метрдегі бесінші фильмі. 23 қараша күні үлкен экранға жол тартқан фильм 10-нан 6.10 балл алған.
«Логово»
Режиссері: Айбек Жансейітов
Актерлер: Жан Байжанбаев, Бауыржан Сатов, Айлин Елеукенова, Айым Алтынбекова
Жанры: боевик, криминал
Аталмыш картина — әнші Бүркіттің кинодағы режиссерлік әрі продюсерлік дебюті. Фильмде кейіпкерлер демалыс орнына аттанады. Олар бір қонақ үйге орналасып, керемет демалыстан үмітті болады. Алайда сол күні кешке үйге белгісіз екеу кіріп келіп, барлық тұрғындарды тұтқынға алады.
Фильм сценарийін Бүркіт інісі Әли Жансейітпен бірге жазған. Ал музыкасын композитор Павел Ли шығарды («Барлығы еркектердің кесірінен»). Таспаның қоюшы-операторы – Әубәкір Сүлеев, екінші режиссері – Артём Гансев.
30 қарашада жарыққа шыққан фильм әлі күнге дейін кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Әзірге 4.25 балл жинаған.
«Она»
Режиссері: Ақан Сатаев
Рөлдерде: Айсұлу Әзімбаева, Анастасия Вострова, Ярослав Стаховский
Жанры: триллер, драма
Сюжет бойынша, бүлдіршін қыз анасымен бірге үлкен қалада өмір сүреді. Бұл қалада олардан басқа ешкім болмайды. Алайда бір күні қызға өзін біреу аңдып жүргендей және оны анасынан айырғысы келетіндей сезіледі. Екі кейіпкер де ақырын естерінен ауыса бастайды, бірақ олар тірі жан баласы жоқ қалада тағы бір адамның барын байқайды.
Айта кетейік, «Она» психологиялық триллері 30 қарашадан бастап ТМД-ның 5 еліндегі 400 кинотеатрда, соның ішінде Қазақстанның 70 кинотеатры мен Ресейдің 350 кинотеатрында прокатқа шықты. Фильмнің әлемдік премьерасы Пусандағы кинофестивальде өтті. Әзірге 3.38 ұпай жинап тұр.
«Неделимое«
Режиссері: Олжас Ахметов
Актерлер: Азиз Бейшеналиев, Берік Айтжанов, Алексей Шемес, Нұржан Садыбеков, Чингиз Капин, Асан Мәжит, Ерден Телемисов, Жібек Жаппасбаева, Ербол Семқұлов, Әлия Ахметова
Жанры: криминал, драма, комедия
“Бөлінбейтін” картинасы – қазақстандық режиссер Олжас Ахметовтың толық метрдегі алғашқы туындысы. Ол инкассация көлігін тонаушылар туралы. Қылмыскерлер жол бойындағы ғимаратта бой тасалайды. Бірақ онда ақша салынған ала дорбаға көз салатындар көп. “Миллиондаған қаражат кімге бұйырмақ? Ату, қашу әлде келісу керек пе?” деп жазылған қылмыстық комедияның трейлерінде.
Айта кетейік, Олжас Ахметов осы уақытқа дейін қысқа метрдегі “№6 пәтер” («Квартира №6») фильмін түсіріп, “Байқоңыр” фестивалінде “Үздік сценарий” аталымын жеңіп алған болатын.
Картина 12 желтоқсан күні жарыққа шықты. Қазірдің өзінде 7.42 ұпай жинап тұр.
«ZOR«
Режиссері: Шапағат Орынбаев
Рөлдерде: Әлішер Әскербеков, Альбина Болатқызы, Айдын Жұмахан, Адина Бажан, Еркебұлан Тоқтар
Жанр: спорттық драма
Картина боксшы жігіт туралы. Ол Алматыға келген соң, спорттан алыстап, еріктілердің қатарына қосылады, ғашығын кездестіреді. Бір күні достарының сатқындығын естіп, анасына боксты тастау туралы берген уәдесін бұзуына тура келеді. Ол үлкен тәуекелген бас тіккен.
Шапағаттың фильмі 21 желтоқсаннан бастап еліміздегі барлық кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр. Әзір 5.15 ұпай жинаған.
«5 причин не влюбиться в казаха»
Режиссері: Асқар Ұзабаев
Актерлер: Әсел Садуақасова, Нұржан Садыбеков, Морган Сеги
Жанры: комедия
«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмінде қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі – этносаралық некелер қозғалған. Динара Франциядағы оқуынан кейін отанына оралады. Бірақ үйіне жалғыз емес, шетелдік күйеу жігітімен бірге келеді. Бойжеткеннің әкесі бұған қарсы, сондықтан кейіпкер жергілікті такси жүргізушісін уақытша жаңа күйеу жігіті болуға көндіреді.
Фильмдегі басты кейіпкер — Динараны Әсел Сәдуақасова сомдайды. Ол – әр қадамын алдын-ала ойластыратын жігерлі әрі ақылды қыз. Тартымды шетелдік жігітті Морган Сеги сомдады. Ал такси жүргізушісінің рөлі Нұржан Садыбековке бұйырды.
Фильм 27 желтоқсанда үлкен экранға жол тартады.
Айта кетейік, Асқар Ұзабаев пен Әсел Сәдуақасова бұдан бұрын «Келін де адам баласы» және «Ninety One» картиналарын бірге түсірген болатын.
«Бизнес по-казахски в Америке»
Режиссері: Жеңісхан Момышев
Рөлдерде: Нұрлан Қоянбаев, Жан Байжанбаев, Рамазан Амантай, Шон Джеймс, Гүлназ Жоланова, Эшли Агиллар, Дариға Бадықова, Қажет Смағұлов, Рауан Романи, Сәбит Рахымбаев
Жанры: комедия
«Америкадағы қазақша кәсіп» (“Бизнес по-казахски в Америке”) комедиясы – 2016 жылдың желтоқсан айында киноэкранға шыққан «Қазақша кәсіп» фильмінің жалғасы. Жаңа бөлімде алғыр Жомарт достарымен бірге Лос-Анджелеске аттанады, сол жақта қонақ үйіне әлемдік бедел алуға тырысады. Алайда, іссапар қызықты шытырман оқиғаға айналады.
Айта кетейік, кинокартина Алматы мен Лос-Анджелес қалаларында түсірілді.
Фильм 28 желтоқсаннан бастап кинотеатрларда көрсетілетін болады.
Ал сіз биыл экранға шыққан кинотуындылар туралы қаншалықты жақсы білесіз? Тест арқылы тексеріп көріңіз: Тест: Биыл жарық көрген отандық фильмдер туралы не білесіз?
Нанту уан деген топ Қызтекелерды кинога тусуге кым рухсат берып жатыр қазаққа жаны ашитын жоғары да ағалар барма?
Бірінщіден найнти уан нанту уан емес
Екіншіден олар қызтекелер емес
Үшіншіден сіз оларды блмей кормей жатып неге жамандайсыз я олар шаш бояйды брак шаш бояган қызтекелікке жатпайды гой оларды жамандағанша мазақ қылғанша біз оларга демеу беруіміз керек олар алы болашакта озгеретін шғар сіздер қайдан білесіздер оларда адам баласы гой мына сіздер секілді олардын да ата анасы бар гой көмек көрсететін олардада жүрек бар гой сізді мазақ қылып жатса немесе ініңізді ағаңызды балаңызды мазақ қылып отырса сіз тыныш отыра аласыз ба арине жок сіздің жүрегіңізге ауыр тиеді ал олар соган карамастан жүрегіне қанша ауырлық тисе де шыдап жүр
Сондықтан сізде кішкене ойланып сойлеп жазыныз