Кинотеатр: Бүгін қандай фильмдер жарыққа шығады?

«Менің сүйікті динозаврым» («Мой любимый динозавр»)

Режиссер Мэтт Драммондтың фильмі отбасылық боевик жанрында түсірілген. Ол сәтсіз аяқталған әскери тәжірибенің нәтижесінде пайда болған өте өзгеше жануар туралы. Оны бір жеткіншек тауып алады. Ешкімге көрсетпей үйінде өсіреді. Бірақ жаңа досы өте тез өсіп, қала ішінде ойына келгенін істейді. Бұған жергілікті тәртіп сақшылары наразы. Жаңа жануар үшін сақшылар мен жеткіншектердің тартысы қалай өрбиді?

Өндіруші ел: Австралия, 2017

Актерлер: Джордан Дюльо, Аннабель Вольф, Джоэнн Сэмюэл, Дэвид Робертс, Бет Чемпион, Сэм Винспер-Шиллингс, Тириел Мора, Роулэнд Холмс, Том Руни, Харрисон Саундерс

«Туған үйім — тірегім»

Бұл фильмді үндістандық «Khushi Motion Picture» мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен түсірген.

«Туған үйім — тірегім» фильмі отбасы құндылықтары туралы баяндайды. Үлгілі үнді отбасының шаңырағында туған Хуши есімді бойжеткен ата-анасының қарсылығына қарамастан, биден дәріс беретін Раджа есімді жігітке ғашық болады. Қос ғашық жасырын үйленіп, шаңырақ көтереді. Алайда, сүйіп қосылған күйеуі танымастай өзгеріп, Хуши далада қалады. Уақыт өте жақындарының қолдауымен бойжеткен Алматыға келіп, жұмысқа орналасып, биіктерден көрінеді.

Мелодрама жанрындағы кинокартинаның режиссері — Сачиндра Шарма (Sachindra Sharma).

«Виктория мен  Абдул»

Виктория 18 жасында Ұлыбританияның, Ирландияның, кейін Үндістанның ханшайымы атанады. Алайда ханшайым өзін жалғыз сезінеді. Оның миллиондаған қызметкерлерінің бәріне ханшайымның көзіне тік қарауға тыйым салынған. Бірақ бұл заңды Абдул Карим бұзады. Бұзады да, ханшайымның досына айналады. Олардың қарым-қатынасы тек Англия халқының ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударады.

Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Оны өмірбаяндық драмаға айналдырған режиссер — Стивен Фрирз.

Өндіруші ел: Ұлыбритания, АҚШ, 2017

Актерлер: Джуди Денч, Оливия Уильямс, Майкл Гэмбон, Саймон Кэллоу, Али Фазал, Эдди Иззард, Адиль Ахтар, Тим Пиготт-Смит, Фенелла Вулгар, Джулиан Уэдэм

«Түн адамы» («Полуночный человек»)

Режиссер Трэвис Заривнының картинасы үй шатырынан табылған ойын туралы. Оны Алекс пен достары тауып алады. Ойынның басты кейіпкері — Түн адамы. Ол өзін шақырған жанның қорқынышын шындыққа айналдырады.

Қорқынышты жанрдағы фильмде Логан Креран, Роберт Инглунд, Грэйсон Сзакакс, Эмили Хейн, Габриэль Хоф, Саммер Х. Хауэлл, Калли Лэйн, Кинэн Леманн, Луиз Линтон, Эбигейл Пнёвски сынды актерлер ойнайды.

Өндіруші ел: АҚШ, Канада, 2017

«Жұлдыздар шайқасы: Соңғы джедаи» («Звёздные войны: Последние джедаи»)

Жаңа хикая жарық пен түнектің, жақылық пен жамандықтың күресі туралы. Ол Хан Солоның өлімінен кейін басталады. Галактикада Бірінші Орден мен Қарсылық соғысып жатқанда Рей өзінің бойында өзгеше күшін оянғанын сезеді. Сөйтіп, соңғы джедаи Люк Скайуокермен кездеседі.

Ал Кайло Рен Түнек жаққа өтіп кетті. Әкесін өлтіріп, Бірінші Орденде жоғары лауазымға сайланды. Бірақ оның анасы Лея — Қарсылық тобының көшбасшысы.

Хикая қалай аяқталады? Оны режиссер Райан Джонсонның фантастикасынан көре аласыздар.

Өндіруші ел: США, 2017

Актерлер: Том Харди, Билли Лурд, Гвендолин Кристи, Дэйзи Ридли, Донал Глисон, Джозеф Гордон-Левитт, Адам Драйвер, Лора Дерн, Марк Хэмилл, Кэрри Фишер.

«Бөлінбейтін» («Неделимое»)

«Бөлінбейтін» картинасы — қазақстандық режиссер Олжас Ахметовтың толық метрдегі алғашқы туындысы. Ол инкассация көлігін тонаушылар туралы. Қылмыскерлер жол бойындағы ғимаратта бой тасалайды. Бірақ онда ақша салынған ала дорбаға көз салатындар көп. «Миллиондаған қаражат кімге бұйырмақ? Ату, қашу әлде келісу керек пе?» деп жазылған қылмыстық комедияның трейлерінде.

Фильмге Әзиз Бейшеналиев, Берік Айтжанов, Алексей Шемес, Нұржан Садыбеков, Шыңғыс Қапин, Асан Мәжит, Ерден Телемисов, Жібек Жаппасбаева, Ербол Семқұлов, Әлия Ахметова түскен.

Айта кетейік, Олжас Ахметов осы уақытқа дейін қысқа метрдегі «№6 пәтер» («Квартира №6») фильмін түсіріп, «Байқоңыр» фестивалінде «Үздік сценарий» аталымын жеңіп алған болатын.