Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

1:3. Өзбекстан Әлем Чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді

Фото: Fifa.com

Не болды?

Өзбекстан құрамасы футболдан 2026 жылғы Әлем Чемпионатындағы алғашқы матчын өткізді. Тарихи кездесуде өзбек футболшылары Колумбия құрамасымен бақ сынасты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Матч Мексиканың Мехико қаласындағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтті.

Кездесудің алғашқы минутында Колумбия футболшылары шабуылда белсенді болғанымен, Өзбекстан спортшылары сенімді ойнап, қарсыласқа қауіпті соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Кейін өзбек футболшылары тарапынан да қарымта шабуыл басталды.

Бірінші таймдағы ең қауіпті сәт 31-минутта тіркелді. Колумбия шабуылшысы Луис Диас айып алаңына еніп, қақпаның алыс бұрышын көздегенімен, доп бағанаға тиіп кері қайтты. Ал 40-минутта Диастың дәл пасынан кейін Даниэль Муниос қақпашымен бетпе-бет шығып, есеп ашты. Нәтижесінде алғашқы тайм Колумбияның 1:0 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін Өзбекстан құрамасының бапкері бірнеше өзгеріс енгізді. Бұл шешім өз нәтижесін беріп, 60-минутта тарихи гол соғылды. Хамдановтың пасынан кейін Элдор Шомуродовтың соққысын қақпашы қайтарғанымен, допты Аббосбек Файзуллаев бос қақпаға дәл бағыттады. Бұл Өзбекстан тарихындағы Әлем Чемпионатында соғылған алғашқы гол болды.

Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Бес минуттан кейін Луис Диас қарсы шабуылды нәтижелі аяқтап, Колумбияны қайта алға шығарды. Матч соңында Өзбекстан командасы есепті теңестіруге тырысқанымен, қосымша уақытта Хамильтон Кампастың баспен соққан голы Колумбияның жеңісін айқындады.

Қорытынды есеп – 1:3, Колумбия құрамасы басымдық танытты.

Топтағы алғашқы турдан кейін Колумбия 3 ұпаймен көш бастады. Португалия мен Конго құрамасы бір-бір ұпайдан жинаса, Өзбекстан әзірге ұпайсыз қалды.

Өзбекстан құрамасы келесі кездесуін 23 маусым күні Португалияға қарсы өткізеді.

Әлем Чемпионатындағы тарихи матчқа байланысты бүгін Өзбекстанда жұмыс күні сағат 10:00-ге шегерілді.

Контекст

Футболдан Әлем Чемпионатында жеңіске жеткен құрамалар жайлы мына жерден оқыңыз.

Мақалаға реакция