Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«ДосболLike» бағдарламасы. Буллиңге қарсы іс-шараларға неге үстірт қараймыз?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі — балалар арасындағы буллиң. Балалардың басым бөлігі буллиңге тап болса, қалай әрекет етіп, кімге шағым айту керек екенін білмейді. Сарапшылар балалар арасындағы буллиң жайлы «ДосболLike» деген мемлекеттік бағдарлама аясында әлеуметтік зерттеу нәтижесін таныстырды.
Baribar.kz тілшісі оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы сараптама нәтижесімен танысып қайтты.

Балалар буллиң туралы сауалнамаға шынайы емес, «дұрыс» жауап беруге тырысады

Балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған Just Support қоры, ZUBR консалтиң орталығы мен Еуроодақ бірігіп, еліміздің алты облысында зерттеу жүргізген. Сауалнама сұрақтарына 1500-ге жуық адам жауап берген. Зерттеуге Алматы, Шымкент қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Маңғыстау облыстарынан 779 ата-ана, 610 педагог, 70 оқушы қатысты. Респондентердің 73,2%-ы — қала тұрғындары, ал 26,8%-ы — ауыл тұрғындары.

Just Support қорының өкілі Светлана Богатырованың сөзіне қарағанда, қоғамдық сараптаманың негізгі мақсаты — «ДосболLike» бағдарламасы аясында буллиң мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс дайындау. Ол өзгелерге әлімжеттік көрсеткен баланы, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатпаған ата-ананы немесе мектептегі мұғалімді жазғыру арқылы буллиңге тоқтау салу мүмкін емес деп есептейді.

зерттеу
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Мемлекеттің басты міндетінің бірі — балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаған. Біз буллиң расымен өзекті мәселе екенін дәлелдеп, оған қоғам назарын аударып, бірге шешу үшін зерттеу жүргіздік. Мысалы, балалардың басым бөлігі буллиң туралы сауалнамаға шынайы жауап беруге қорқады. Сондықтан «дұрыс» нұсқаны белгілеп, ішкі ой-пікірін ашық айтпайды, — дейді Светлана Богатырова.

Психолог көмек сұрап келген оқушыны қуып жіберген

Зерттеу дерегі бойынша, еліміздегі бір мектеп психологы оқушыны жеке шақырып, мектептің беделі үшін психологиялық тест жауабын өзгертуге мәжбүрлеген.

Психолог мектептің беделін түсірмес үшін және жұртқа нашар болып көрінбес үшін баланы тестіні қайта жазуға мәжбүрлеген. Мен бәрін шынайы белгіледім. Алайда психолог бір аптадан кейін мені шақырып, тестіні қайта толтыруды талап етті, — дейді оқушылардың бірі.

зерттеу буллиң
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Сауалнамаға жауап берген оқушының сөзіне қарағанда, досы психологқа көмек сұрап барып, кабинетіне кіре алмай қайтқан.

Досым психологқа барып, көмек сұрағысы келген еді. Алайда оны кабинеттен қуып жіберген. Сондықтан мен тестіге де, психологтарға да сене алмаймын, — дейді оқушы.

Буллиңге қарсы іс-шараларға неге үстірт қараймыз?

Қазір мұғалімдер мен оқушылар «Таза Қазақстан», «Адал азамат» деген тақырыпта видео түсіріп, оны мектептің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктейді. Светлана Богатырова жыл сайын әр министрлік мектепке бірнеше бағдарлама жолдайтынын және оқушылар оны сапалы әрі нәтижелі меңгере алмайтынын айтып отыр.

Буллиң туралы зерттеу
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Мектеп әкімшілігі «біз бұл бағдарламаны қабылдамаймыз» деп айта алмайды. Сондықтан буллиңге қарсы шаралар көбіне ресми есеп беру үшін атүсті өтеді. Мұндай жағдайда мұғалімдерді кінәлауға болмайды. Өйткені мектеп психологының жүктемесі тым көп. Бір маманның міндетін тізіп, жұмыс ауқымын ескерсек, оны толық атқару үшін кемінде бес психолог қажет. Бұл — жүйедегі қате. Балалардың басым бөлігі өзін жалғыз сезініп, ішкі уайымын кімге айтарын білмейді. Ал мектеп әкімшілігі есеп жазумен әлек, — дейді Just Support қорының өкілі.

Сарапшылар оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, осы мәселені ортаға салуды жоспарлап отыр.

«Полицияға арыз жазу мектептің беделіне нұқсан келтіреді»

Мұғалімдер әртүрлі бағдарламалардың маңызын жоққа шығармайды. Дегенмен оны тәжірибеге енгізіп, өмірде қолдану үшін уақыт пен күш-қуат жетпейтінін айтып отыр. Мұғалімдердің пікірі бойынша, балалар арасындағы буллиң пен әлімжеттік туралы арыз полицияға жетсе, жағдай ұзақ әрі күрделі мәселеге ұласады.

Полицияға арыз жазу мектептің беделіне нұқсан келтіреді, яғни атом бомбасының жарылысымен бірдей, — дейді мұғалім.

Сауалнамаға жауап берген ата-аналардың бірі оқушыларға сабақ бермей, тек бала тәрбиесіне көңіл бөлетін куратор лауазымын енгізуді ұсынған.

«Адамның өмірі қағаздағы ресми жүйеге бағынбайды»

ZUBR консалтиң орталығының өкілі Юлия Натарованың сөзіне қарағанда, білім беру жүйесі ереже мен алгоритм бойынша құрылған. Алайда қиын жағдайға тап болған отбасы үшін мәселе біртұтас күйде болады дейді. Ол адамның өмірі қағаздағы ресми жүйеге бағынбайтынын айтып отыр.

зерттеу
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Балаға ғана емес, тұтас отбасына назар аудару керек. Қазір мектепте әр саланың мамандары бар. Мысалы, әлеуметтік педагог, медицинада маманы, полиция мен психологтар. Алайда олар көбіне бөлек-бөлек жұмыс істейді. Сапалы нәтижеге жету үшін барлық маман бірге әрекет етуі керек. Қазақстан азаматтарға көп мүмкіндік береді. Сырт көзге бәрі мінсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде жүйенің ішкі үйлесімі әлсіз. Мүмкіндікті толық пайдалансақ, педагогтардың жүктемесі біршама азаяды, — дейді Юлия Натарова.

 

***

Тағы оқыңыз:

Зорлық-зомбылық, буллиң: енді балаларға қатысты істер жедел қаралады

Мақалаға реакция