Не болды?
Әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы заң бойынша, 18-27 жас аралығындағы азаматтар Отан алдында борышын өтеуге тиіс. Алайда денсаулығына қарай әскери қызметке жарамсыз азаматтар бар. Baribar.kz тілшісі әскерден босатуға негіз болатын ауру түрлеріне тоқталды.
Мәлімет
Белгілі бір диагноздың болғаны әскерге барудан автоматты түрде босатпайды. Комиссия мүшесі аурудың деңгейін, медицина тексерісі нәтижесін, емделу тарихы мен құжаттың дұрыс рәсімделуін жан-жақты қарастырады. Көбіне азаматты әскери қызметтен босататын диагноз түрлері мынадай:
Табанның жүре пайда болған және туа біткен кемістігі
Әскери комиссия тірек-қимыл мүшесінің саулығына ерекше мән береді. Әскерден босататын немесе қызметке белгілі бір деңгейде жарамсыз ететін ауру санатына:
- майтабанның үшінші дәрежесі;
- майтабанның екінші дәрежесі мен артроздың қатар жүруі;
- табанның түрлі деформациясы жатады.
Мұндай диагноз адамның көп уақыт жүруіне, жүк көтеруіне және денесі шыдамды болуына кері әсер етуі мүмкін.
Тері және теріасты шелмайының аурулары
Созылмалы тері ауруы да әскери қызметке шақыру кезінде ескеріледі. Олардың қатарында:
- теңге қотыр (псориаз);
- дерматиттің созылмалы түрі;
- созылмалы есекжем (крапивница) бар.
Аурудың жиі қайталануы немесе ауыр түрде өтуі әскери қызметті атқаруға кедергі келтіруі мүмкін.
Асқазан-ішек жолының аурулары
Ас қорыту жүйесіндегі кей ауру әскери комиссияның назарынан тыс қалмайды. Мысалы,
- асқазан немесе ұлтабар жарасы;
- созылмалы гастрит;
- өт қабының созылмалы ауруы.
Мұндай жағдайда дәрігерлер ауру деңгейін, асқынып-асқынбағанын және тұрақты ем қаншалық қажет екенін анықтайды.
Диагноз болғаны ғана жеткіліксіз
Әскери комиссия кезінде тек диагноздың атауы емес, құжаттардың толық болуы мен дәл екені де маңызды. Азаматтың медкітапшасы, талдау нәтижесі, ем алу туралы анықтамасы және басқа да құжаттар мұқият тексеріледі.
Сондықтан денсаулығында кінәрат бар азамат барлық құжатын жинап, қажет тексерістен өтуге тиіс.
Әскери қызметке қабылдануға, қызметтен босататын денсаулық жағдайына қатысты заңды толық мына жерден оқыңыз.
Контекст
Естеріңізге салайық, 15 маусымнан бастап 270 азамат арнайы әскери дайындықтан өтеді.
