Василий Левитке алтын медаль табысталды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алтын медаль арнайы Василий Левит үшін құйылған. Медальдың Рио Олимпиадасының медальдарынан еш айырмашылығы жоқ. Бір артықшылығы — Олимпиада медальдарында алты микрон болса, Левитке табысталған медальдың 25 микрон алтыны бар.

«Біз үшін Василий Левит — Олимпиада чемпионы!», — дейді қостанайлықтар. Кездесуге Василий Левиттің алғашқы бапкерлері — Асылхан Бусурманов пен Марат Тапенов те келген. Олар 10 жасар боксшыны тәрбиелеп, спорт шебері деңгейіне жеткізгеннен кейін Астана қаласына жіберген. 12 жыл бойы Василий «Сұлтан» атты спорт клубында жаттығып, өз шеберлігін шыңдады.

Айта кетейік, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындары кезінде қазақстандық боксшы, Қостанай облысының Федоровка аулының тумасы Василий Левит финалға дейін жетіп, ресейлік боксшы Евгений Тищенкомен кездескен болатын. Василий Левит соққылардың саны жағынан ұтып тұрса да, төрешілер өз шешімін Евгений Тищеноконың пайдасына шығарды. Жеңіс ресейлік боксшыға берілгенде, залдағы көрермен наразылығын білдірген болатын. Марапаттау салтанатында да Евгений Тищенко мінберге көтерілгенде халық гуілдеп, чемпионды мойындамайтындарын білдірген.

Дереккөзbaq.kz