Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Лос-Анжелес-2028 Олимпиадасына еріктілерді іріктеу басталады

Фото: Оlympic.kz

Не болды?

2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін жазғы Олимпиаданы және Паралимпиаданы  ұйымдастыру комитеті еріктілер санатына өтінім қабылдауды бастайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Тіркеу 2026 жылдың 14 шілдесінде, ашылу салтанатына тура екі жыл қалғанда басталады. Ресми мәліметке сәйкес, еріктілер құрамында шамамен 60 мың адам болады.

Еріктілер спортшылар мен қонақтарды қарсы алып, шығарып салуға, көрерменге бағыт-бағдар беріп, спорт нысандарында көмектесуге, медицина және аударма сынды бағытта қолдау көрсетуге тиіс.

Еріктілердің басым бөлігі Лос-Анжелесте жұмыс істейді. Сонымен қатар ойындар өтетін АҚШ-тың басқа қаласындағы нысандарға да іріктеу жүреді.

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады: дайындық кезеңіндегі қоғамдық, спорт, экология жобаларына қатысу және Олимпиада мен Паралимпиада кезінде тікелей жұмыс істеу.

Бағдарламаға қатысу үшін 2028 жылғы Олимпиада басталған сәтте 18 жастан асып, ағылшын тілін білу қажет. Әр ерікті ойын кезінде кемінде 10 ауысым, шамамен 8 сағаттан жұмыс істеуге тиіс.

Толық ақпарат еріктілерді іріктеуге арналған ресми сайтта көрсетілген.

Лос-Анжелес Олимпиадасы 2028 жылдың 14–30 шілдесі аралығында, ал Паралимпиада 15–27 тамызда өтеді.

Контекст

Естеріңізге салайық, 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиадада ел спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Дзюдошы Елдос Сметов олимпиада чемпионы болған еді.

Мақалаға реакция