Жайық өңірінде «Жас New» еріктілер клубы жұмыс істеуде

Шарада ағымдағы жылдың он айында Мереке, Мерей, Шежін және Тасқала ауылдық округтеріндегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Кезек-кезек сөз алған ауыл әкімдері жастар арасында қоғамдық белсенділікті арттыру, жұмыссыздықты жою мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Аудан жастарының денсаулығын орталықтандырылған аурухананың нарколог дәрігері А.Баисов тілге тиек етті. Жиылған жастар осы орайда нашақорлықты және маскүнемдікті болдырмау, жас отбасылардың денсаулығын нығайту турасындағы ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Жергілікті «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Ералиева мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Тасқала ауданы бойынша жастар саясатының жүзеге асырылу барысына тоқталса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Нәріков спорттық нысандардың жатсар үшін қолжетімділігі және жастар арасында бұқаралық спорттың дамуы туралы өз ойын ортаға салды.

Аудандағы «Жас New» еріктілер клубының жұмысын жандандыру үшін жастар ресурстық орталығының ішінен арнайы кабинет аштық. Клуб құрамында қазір 25 белсенді жас бар. Олар қайырымдылық шараларын өткізіп, қоғамға пайдалы бастамаларға ұйытқы болуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы шаруаларды қарқынды түрде жалғастыратын боламыз, — деді Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Рауан Сатыбалдиев басқосу барысында.