Шығыс Қазақстан облысының Риддер тұрғыны XIX ғасырға тиесілі сирек атыс қаруын тауып, оны полицияға өз еркімен тапсырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, 43 жастағы ер адам Громотуха өзенінің маңында серуендеп жүрген кезде көне қаруға тап болған. Тарихи олжаны тапқаннан кейін ол бірден Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласып, қаруды тәртіп сақшыларына тапсырған.
ШҚО полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы жүргізген сараптама нәтижесінде табылған қарудың XIX ғасырдың соңында кең таралған 8 миллиметрлік Лефоше жүйесіндегі револьвер екені анықталды, — делінген хабарламада.
Криминалистердің айтуынша, штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты қарудың атуға жарамдылығын анықтау мүмкін болмаған. Дегенмен мамандар оның зауытта жасалғанын және тарихи құндылығы бар сирек жәдігер екенін растаған.
Полицияның мәліметінше, көне револьвер тиісті тәртіппен есепке алынды. Ведомство мұндай тарихи немесе қауіпті заттар табылған жағдайда оларды өз бетінше сақтамай, құқық қорғау органдарына тапсыру қажет екенін еске салды.
