Астана прокуратурасы балалар арасында спорттық жарыстар өткізді

«Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңғырту» бағдарламасын іске асыру мақсатында Астана қаласы прокуратурасы балалар мен жасөспірімдер арасында 11 спорт шарасын өткізуді жоспарлап, алтауын осы жылдың қазан мен қараша айында өткізді.

Осы бағдарлама аясында үстел теннисі, дойбы, гір көтеру және армрестлинг, тоғызқұмалақ спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Жасөспірімдермен кездесу барысында «Астана» ФК футболшылары шеберлік сабақтарын өткізіп, үлкен футболмен таныстырып, өз тілектері мен кеңестерін айтты.

Ең есте қалған спорт шарасының бірі тәлімгерлермен өткізілген футбол кездесуі, оған спортшылар мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері қатысты.

Аталмыш бағдарлама аясында Астана қаласының жасөспірімдері мен балаларының бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына орай, балалар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу шаралары бойынша жасалды.

Айта кетейік, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңғырту» бағдарламасының мақсаты — балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің алдын алу, сонымен қатар мақсаты айқын, денсаулығы мықты, спортқа бейім ұрпақ тәрбиелеу.