GGG — «Канело» жекпе-жегі: Пікірлер майданы

Жекпе-жекте Геннадий Головкин жеңіске жетсе, Сауль Альварес оны реваншқа шақыра алады. Ал мексикалық боксшы басым түссе, Генаның барлық титулдарын иеленіп кетеді. «Канело» жеңген жағдайда қарымта жекпе-жек болмайды.

Демек, GGG осы жекпе-жекте қарсыласын ойсырата жеңуі керек. Бокс мамандары мен сарапшылар, танымал спортшылар қос боксшы туралы не дейді екен? Пікірлер майданын назарларыңызға ұсынамыз.

Абель Санчес, Головкиннің бапкері: «Канело» үлкен панчер емес. Ол бір соққымен нокаут жасай алмайды. «Канело» нағыз панчермен енді кездеседі. Адамдар бұл кездесу бәсекеге толы деп есептейді. Бірақ жекпе-жек біткен соң олар Альваресті ақтайтын әйтеуір бір себеп табатын шығар. Бұл жолы Головкин ара қашықтықты сақтап, таймингті сәтті ұстап, Альваресті жұдырықтың астына алатын болады. (Yahoo-ға берген сұхбаты)

Брэндон Риос, жеңіл салмақта бұрынғы әлем чемпионы: Бұл жекпе-жекте мен «Канелоға» жақтасамын. Неге дейсіз бе? Себебі Головкин бір-екі жыл бұрынғыдай мықты емес. Уақыт өз дегеніне көндіріп жатыр. (EsNews басылымы)

Геннадий Головкин: Бұл – эмоциясы орасан болғалы тұрған ерекше жекпе-жек. Физикалық дайындық тұрғысынан алғанда әдеттегідей жаттығу жұмыстарын жасап жатырмыз, ал стратегиялық тұрғыдан алғанда бәрі басқаша. Канеломен жекпе-жек жақын қашықтықта өрбиді деп үміттенемін. Ол — мексикалық және бұл кездесу Джейкобспен өткен кездесуге қарағанда қызығырақ болатыны сөзсіз. Альварес — қорқыныш дегеннің не екенін сезбейтін жауынгер. (BoxingScene)

Лорент Поулин, канадалық журналист: Жеке өз басым «Канелоны» суқаным сүймейді. Ол үнемі Оскар Де Ла Хойяның артына тығылып алып жүреді. Менде өзге Канада тұрғындары секілді Головкинге жанкүйер боламын. Ол «Канелоны» еш қиындықсыз сабасына түсіре алады.

Руслан Проводников, жартылай орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы: Бұл өте қызықты және қазіргі боксқа нағыз керек кездесу. «Канелоның» мықты, жолы болғыш боксшы екеніне еш күмән келтірмеймін. Бірақ, Головкинді жеңіп кете алатын боксшы әлі туған жоқ. (Allboxing.ru)

Дуглас Фишер, The Ring бокс журналының тілшісі: «Канелоны» бір соққымен нокаутқа түсіруге қабілетті боксшы деп есептей алмаймын. Егер солай болған күннің өзінде де оның бұл әдісті Головкинге өткізе аларына күмән көп. Сол себепті «Канело» жақын қашықтықта бокстаса жүріп, Головкинді жеңіп кете алады.

Рики Хаттон, әлемнің экс-чемпионы: Біз P4P рейтинге көш бастап тұрған қос боксшының кездесуіне куә боламыз. Бұл бокс әлемі үшін нағыз ғажайыптың өзі. Мен ылғи Головкин Канелоны жеңіп кетеді деп ойладым. Джейкобспен жұдырықтасамын дегенше солай ойлап келген болатынмын. Бірақ, Джейкобс Головкинге біраз ашуын көрсетіп, кеуде тұсынан соққыларын өткізе білді.

ДереккөзBaq.kz