Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әл-Фараби көшесіндегі жол апаты: айыпталушы 10 жылға сотталды

Фото: t.me/prokadrykz

Не болды?

Алматы соты Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысы бар айыпталушыға үкім шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Сот Zeekr көлігін басқарған 32 жастағы Александр Пак қылмыстық кодекстің 345-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейді.

Сонымен қатар сотталған азамат өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды.

Сот қаза болған қыздардың бірінің әкесі берген азаматтық талап-арызды ішінара орындап, өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін жәбірленуші тарап 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен.

Қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігіне соқтығысқан.

Салдарынан Mercedes жүргізушісі – 29 жастағы ер адам және 20 мен 22 жастағы екі қыз көз жұмды.

Апаттан кейін Александр Пак түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Кейін жағдайы тұрақталған соң тергеу изоляторына қамалды.

Тергеу барысында оның жол апаты кезінде мас күйде болғаны анықталған.

Контекст

Естеріңізге салайық, прокурор Александр Пакты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Мақалаға реакция