«Бибол» фильмі 19 күнде түсірілді — Талғат Теменов

«Қазақфильм» киностудиясында түсірілген картина балалар үйінде тұратын алты жастағы Бибол мен зейнет жасқа келіп, туған қызынан қайыр көрмеген Қасымхан есімді қарияның жалғыздығы мен достығы жайында.

«Бүгін бүлдіршіндерімізге арналған ерекше мереке. Осы күнде еліміздің мақтанышы, белгілі режиссері Талғат Теменов өз туындысын ұсынып отырғаны ол үлкен мәртебе. Неге десеңіз, біз Талғат Теменовті керемет кино режиссері, театр режиссері ретінде жақсы білеміз. Сонымен бірге Төлеген Мұхаметжановтың бірге жұмыс істеуін керемет тандем дер едім, себебі оның Теменовтің фильмдеріне жазған әндері кейін жеке хит болып, елдің мақтанышына айналып жатыр. Өзі, бүткіл метрлердің ортасында тұрып, ұзақ сөйлеген ыңғайсыз екен. Өнерде тек қана сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын!», — деді фильмнің тұсаукесеріне қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Режиссер Талғат Теменовтің айтуынша, фильмнің прокатқа шығуы қыркүйек айына жоспарланған. Алайда министрдің жеке бастамасымен, балалар мерекесіне орай оның «жабық көрсетілімін» өткізу ұйғарылған.

Картина режиссері айтып өткендей, Биболдың рөліне үміткерлердің саны екі мыңнан асқан екен. Соның ішінен іріктеп алынған Әнуар Төлеуғажы Есік қаласынан табылыпты.

«Біз бұл фильмді бас-аяғы 19 күннің ішінде түсіріп шықтық. Төлеубек Аралбай басты рөлдегі қарияны сомдады. Бұны «Қазақфильмдегі» бюджеті ең аз фильм деуге болады. Оған картинаның продюсері Ахат Ибраев көп көмек көрсетті», — дейді Талғат Теменов.

Бұл картинада бауыр еті баласын жетімдер үйіне тапсыратын безбүйрек ана мен тас бауыр әке, ата-анасына қайырымсыз қыз бен жастар арасындағы жұмыссыздық сынды әлеуметтік проблемалар да көрініс тапқан.

ДереккөзBaq.kz