Гримші мамандығына қалай келдіңіз? 

Кішкентай кезімнен сурет салғанды жақсы көремін. Мектеп бітірген соң, «Сымбат» сән-бизнес академиясындағы «Кино, театр мен ТВ өнерінің гримі» мамандығында оқыдым. Ол жерде Жазира Әбілқайырова, Шәмшінұр Ибрагимова сынды апайларымыз дәріс берді. Басында он студент болып түскенбіз, бес жылдан соң екі адам ғана бітірдік. Көбі жарты жолдан тастап кетті. Студент кезімде іс-тәжірибеден осы театрдан (Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – авт.)  өтіп жүретінмін. Ол кезде бұнда Жанар Алтыбаева деген апайымыз жұмыс істеді. Сол кісі мені қолдап, бар білгенін үйретті, осы салаға бейімдеді.

Оқу бітірерде екі бағыттың бірін таңдау керек болды: телевизияға кету немесе театрда қалу. Мен театрды таңдадым. Еңбек жолым осы жерден басталды.

Кәмшат Омарова, гримші
Кәмшат Омарова ©SZH.kz

Ең алғаш жасаған образыңыз қандай?

Ең алғаш рет кәсіби гримді студент кезімде жасадым. «Айқаракөз» қойылымы болатын. Актерлерге жасаралық грим жасап бердім. Жасаралық грим дегеніміз — жас актрисаларды әже қылу, кішкене ересектеу актерлерді жас жігіт қылу керек немесе керісінше. Театр гриміне деген махаббатым, барлық қызығушылығым осыдан басталды (күліп).

Актерлер басында маған «Жасай ала ма екен?» деп, сенімсіздікпен қарайтын, гримге отырмай қоятын. Бірақ оның бәрінен өттік. Биыл осы театрда істеп келе жатқаныма он жыл болыпты. Соған қарғанда өзімді жақсы жағымнан көрсеттім деп ойлаймын  (күліп).

Қандай образдарды жасағанды жақсы көресіз?

Маған «Қара шекпен», «Құстар фестивалі» сияқты фантастикалық жанрдағы қойылымның кейіпкерлерін жасаған ұнайды. Себебі, бұл жерде қарапайым жасаралық грим емес. Адамды жануарлар, құстар кейпінде беру керексің. Сондықтан ерекше ізденеміз. Режиссермен, басқа гримші қыздармен, актерлермен ақылдасамыз. Осындай кездерде  шығармашалық шабытым оянып, небір идеялар туындайды.

Образды жасардың алдында актердің сахнада оны қай қырынан көрсетіп, қандай мінезін ашқалы тұрғанын білу керек. Актер оны жақсы қырынан ашқысы келіп тұр ма, әлде жаман жағынан ба? Грим кезінде осының бәрін ескереміз. Соған байланысты материалдарымызды әзірлейміз.

Гримге қажетті материалдар қайдан әкелінеді?

Шаш, сақал-мұрт сынды материалдарды өзіміз тоқимыз. Соған арналған арнайы құрал-жабдықтарымыз бар. Оған синтетикалық материалдарды, жүндерді, кейде адамның шаштарын қолданамыз. Адам шашы, көбінесе, кино актерлеріне грим жасаған кезде пайдаланылады.

Грим бояулары
©SZH.kz

Кино әртістерімен жұмыс істеп көрдіңіз бе? Театр мен кино актерлерінің гриміндегі айырмашылық қандай?

Кино саласында жалғыз тәжірибем бар: осыдан екі-үш жыл бұрын Талғат Теменовтың «Судағы із» деген сериалында жұмыс істедім.

Кино мен театр гримінде айырмашылық көп. Кинода операторлармен, жарықпен жұмыс істейсің. Себебі ірі пландар, таңертең, түнде түсірілетін кадрлар бар. Сосын актерлердің гримі табиғи болады. Яғни актердің терісінің түсіне жақын бояуларды қолданамыз.

Ал, театрда өзгешелеу: сахнада  тұрған актердің гримі ең артқы қатарда отырған көрерменге анық көрінетіндей қанық болып жасалады.

Күн сайын грим жасаудың бет терісіне зияны жоқ па?

Гримге арналған бояулардың құрамында табиғи майлар болады. Оның бет терісіне ешқандай зияны жоқ, аллергия туындатпайды. Ал, актердің терісі тым сезімтал болып жатса, қарапайым тондық кремдерді қолданамыз. Бірақ, осы уақытқа дейін актердің терісіне грим жақпай қалып, аллергия шыққан кездер болмапты. Болмай-ақ қойсын (күліп).

Режиссерлердің гримге қоятын талабы қандай?

Режиссерлер де әртүрлі болады. Бірі бүкіл картинаны, қай актердің қандай образда шығатынын алдын ала елестетіп алады да, содан шықпауды, гримді дәл өзі айтқандай жасауды талап етеді. Кейбір режиссерлер ізденіске мүмкіндік береді. Мысалы, қойылымда қандай кейіпкерлер болатынын, оның мінез-құлқы қандай екенін түсіндіріп айтып береді де, образды шығаруды бізге тапсырады. Сосын режиссердің өзімен, актерлермен ақылдаса отырып, қойылымның әр дайындығы болған сайын әртүрлі грим жасап отырамыз. Соңында режиссер өзіне ұнаған образды бекітеді.

Негізі гримге ондай қатты талап қоймайды. Марқұм Жанат Хаджиев ағамыз ғана гримге, киімге – бәріне қатал қарайтын еді. Сәл өзгертіп жіберсең, «кеше мына актердің шашы басқаша болған, бүгін басқа» деп аңғарып қоятын.

Ең көп ізденген образдарыңыз болды ма?

«Қара шекпен» қойылымы үшін көбірек іздендік. Қойылымды көргендер түсінер, онда адамдар жануарлар бейнесінде ойнайды. Гримді балаларға арналған қойылымдардағыдай таза жануар кейпінде де емес, тым адами да емес, екеуінің арасында болатындай қылып жасадық. Өте нәзік жұмыс болды.

Балалардың қойылымына грим жасау кішкене оңайырақ. Олардың кейіпкерлері көбінесе жан-жануарлар болады. Қоян, тышқан дегендей (күліп). Балаларға қабылдау оңай болуы үшін барынша шынайы қылып жасаймыз. Бірақ олардың өзін бір-біріне ұқсатпау керек. Біреуі қыз қоян болса, біреуі ұл қоян болады. Олардың кірпіктерінде, қастарында айырмашылықтар болады. Бәрін ескереміз.

Гримдер
Кәмшат Омарованың жұмыстары. ©Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Жұмысыңызда шығармашылық тоқырау бола ма?

Болады. Жасаралық гримді ғана қажет ететін қойылымдар бірінен кейін бірі болып кетсе, шығармашылық тоқырауға ұшырап кете жаздаймыз. Күнделікті сол жасарту мен қартайту… Жалығасың, жаңашылдық жетіспей қалады. Сол кезде бұның бәрі қашан бітеді деген ойлар келе бастайды (күліп).

Онымен қалай күресесіз?

Кішкене шыдап кетсең, өзімен-өзі кетіп қалады (күліп).

Шабытты қайдан аласыз?

Шабытты ұжымымнан аламын. Осы театрға келгелі, осы ортаға сіңіскелі бері басқа жаққа кеткім келмейді. Әбден бауыр басып қалдым. Ұзақ демалып қойсам да, театрды сағынып кетемін. «Шай ішпесем басым ауырады» дегендей, театрға келмесем «басым ауырып», бірдеңе жетіспей тұрады (күліп). Сыртынан болса да, көріп кетуім керек.

Егер ұжым дұрыс болмаса, қандай жалақы беріп тұрса да, жұмысқа зауқыңыз соқпайды. Ал, біз үнемі бірге жұмыс істейміз. Актерлермен жұмыс істеген өте қызықты. Гастрольдік сапарларға да бірге шығамыз.

Табысыңыз қанша?

Көп емес (күліп). 60-70 мың теңгенің көлемінде. Оның сыртында жеке жұмыстарымнан түсетін сыртқы табыстарым да бар.

Елімізде грим өнері қаншалықты деңгейде дамыған деп ойлайсыз?

Грим өнері бізде енді-енді дамып келе жатыр. Бұрындары нашар болуының себебі – ол кезде гримге қажетті материалдар аз болатын. Қазір қолжетімді бола түсті. Технология дамыған сайын гримді қалай жасау керек екенін үйрететін түрлі сайттар, видеолар пайда болды. Осыдан болса керек, елімізде гримге қызығатындардың қатары артты. Сан бар жерде бәсеке бар. Ал, бәсеке өсуге әкеледі.

Жұмыстарын үнемі бақылауда ұстайтын, өзіңіз үлгі алатын гримшілер бар ма?

Нақты бір адам жоқ. Әр гримшінің жұмысынан өзіме керек элементтерді алып, үйреніп отырамын. Егер бір ғана адамға еліктесең, жұмыстарың көшірме болып кетеді.

Грим жасау
Күйіктің ізін жасау үшін коллодий деген сұйықтықты жағып, ол кепкен соң, қызыл, қоңыр түсті бояулармен үсітінен бояймыз. Сосын бояуды кішкене жаймалау керек. Дайын. Бұл грим тез жасалады және оңай алынады — Кәмшат Омарова. ©SZH.kz

Гримші мамандығында оқыған адам тағы қандай жерлерде жұмыс істей алады?

Кино, театр, концерт залдарының грим бөлімінде, сұлулық салондары мен телеарналарда визажист болып жұмыс істеуге болады. Қосымша сыртқа шығып, той макияждарын жасауға болады. Қысқасы, «қарын тойғызатын» мамандық.

Қайдан оқуға болады?

Бұл салада білім беретін мамандар аз. Менің білуімше, «Сымбат» сән-бизнес академиясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында оқытады.

Оқуға тапсырғанда қандай талаптар қойылады?

Қазір қандай екенін білмеймін, біздің кезімізде сурет пен сызудан шығармашылық емтихан болғын. Емтихан тапсыратынымызды естіген соң, Өнер академиясындағы ұстаздардан кәсіби сурет өнерінен екі аптадай сабақ алдым. Мольберттің не екенін біліп, қай суреттің қалай салынатынын, заңдылықтарын үйрендім. Сөйтіп, емтиханнан сәтті өттім.

Визажист курсын оқыған адамдар гримші болып жұмыс істей ала ма? 

Визаж дегеніміз тек бетті әрлеп, бояумен шектеледі. Грим ауқымдырақ. Онымен адамның образын, сыртқы бейнесін өзгертіп, мүлдем басқа жанға айналдырып жіберуге болады. Гримші визажбен айланыса алады, ал визажист гримші бола алмайды. Екеуі бір-біріне ұқсас болғанымен, екеуі екі бөлек нәрсе. Екеуін салыстыруға да болмайды. Гримді меңгеру үшін аз дегенде үш жыл оқу керек. Ал, үш айлық курстарды оқумен кәсіби гримші бола алатынына күмәнім бар.

Кәмшат Омарова, гримші
©SZH.kz

Сүйікті қойылымдарыңыз қандай?

«Қызыл орамалды Шынарым» мен «Балкон» қойылымдары. Бұрын «Айқаракөзді» жақсы көретін едім, оны репертуардан алып тастады. Қойылымдарды жанрына қарамай көре беремін. Кейде комедия, бірде трагедия.

Ал, өмірде оптимистпін, тек жақсылықты көргім келеді. Ғаламдық мәселелермен басымды қатырмаймын. Саясатқа да, шоу-бизнеске де қатысым жоқ. Қай жұлдыздың өмірінде не болып жатқанына да қызықпаймын. Оның бәрі артық ақпарат. Одан да өзімнің шығармашылғымды ойлап, жұмысымды жауапты атқарғаным дұрыс.

Негізі, әр маман өзінің жұмысына жауапты болса, елімізде ешбір мәселе туындамайтын еді.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.