Енді магистранттар Қазақстанда және Қытайда қатар оқи алады. Өйткені әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық универcитетінің филиалы ашылды. Мұнда оқыған студенттер екі ел оқу орнының дипломын алып шығады. Baribar.kz тілшілері филиалға барып, онда оқитын магистранттармен сөйлесіп, бағдарламаның артықшылығын біліп қайтты.
Екі диплом алады
Алматыда Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық универcитетінің филиалы былтыр ашылды. Онда қазір магистранттар үш мамандық бойынша оқиды: «компьютер ғылымы және технология», «материалтану және инженерия», «ақпараттық және коммуникациялық инженерия» мамандығы.
Солардың бірі — 1-курс студенттері Мұрат Болысбек пен Дильназ Кадырма. Мұрат «компьютер ғылымы және технология» деген мамандықта, ал Дильназ «материалтану және инженерия» деген мамандықта оқиды.
Алғашында өз саламыз бойынша әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің магистратурасына грантқа түстік. Кейін университеттің жанынан Қытай университетінің филиалы ашылғанын естідік. Оқытушылар онда ауысуға мүмкіндік барын айтты, бірақ сұхбаттан өту керек екен. Сұхбатта профессорлар ғылыми жұмысымыздың тақырыбы мен маңызын, болашақтан не күтетінімізді сұрады, — дейді Дильназ.
Негізі бұл филиал туралы ғылыми жетекшімнен естідім. Басында толық түсінбедім. Кейін мән-жайды білген соң, филиалдың мүмкіндіктерін естіген соң, аса қызықтым. Мұнда бізді қабылдамас бұрын Қытайдан келген профессорлар бізбен ағылшын тілінде сұхбаттасты. Дәл сол уақытта бұл филиал маған алғашқы септігін тигізді. Мен ағылшын тілінде сөйлеуге кішкене ұялатынмын. Әңгімелескенде сол қорқынышымды жеңдім, — дейді Мұрат.
Қытайға барып оқиды
Мұнда да магистранттар екі жыл білім алады. Олар бірінші жылы Қазақстандағы осы филиалда, ал екінші жылы Қытайдың Сиань қаласындағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінде оқиды. Сөйтіп екі мемлекеттің де студенті болады. Айта кетері, екі елдің бұл университеті — өз елдеріндегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі.
Қазір Қазақстанның гранты бойынша шәкіртақы алып жүрміз. 2-курста Қытайға барғанымызда ол жақта қосымша 2000 юань (шамамен 125 мың теңге — ред.) аламыз. Оған қоса Солтүстік-батыс политехникалық университеті виза және тағы басқа құжаттарды реттеп береді, жатақханаға тегін жатқызады, — дейді магистранттар.
Қытай тілін меңгеріп шығады
Қытай технология, жасанды интеллект тұрғысынан әлдеқайда дамып кеткені белгілі. Бұл — ғылыммен айналысқысы келетін қазақстандық студенттерге туып тұрған мүмкіндік. Оған қоса студенттер өз саласын ғана емес, қытай тілін де меңгереді. Мұрат пен Дильназдың айтуынша, олар екі жылда қытай тілінің алты деңгейінің үшеуін үйреніп шығады. Ал тағы бір тіл білу ешкімге артық етпейді.
Қытай тілі — дүниежүзіндегі ең қиын тілдердің бірі. Десе де біздің оқытушыларымыз бізге барынша қытайшаның қарапайым түрін үйретуге тырысып жүр. Бізге ұнап жатыр, — дейді Мұрат.
Мықты профессорлар дәріс береді
ҚазҰУ-да ашылған бұл филиалда Қазақстанның және Қытайдың профессорлары дәріс оқиды. Бір жыл ішінде мұнда Қытайдың жалпы 40-тан астам білікті профессоры келіп сабақ берді. Студенттердің айтуынша, филиал әкімшілігі ең білікті мамандарды жиғаны бірден байқалады.
Қытай профессорлары өз саласындағы кейінгі жаңалықтардан үнемі хабардар. Әр дәрісте кейінгі жаңалық бойынша талдау жасаймыз. Оған қоса мұндағы профессорлармен еркін сөйлесесің, өзін қарапайым ұстайды. Кейде жасы үлкен профессор емес, досың сияқты, — дейді Мұрат.
Әдетте бір сабақты бір профессор өтеді ғой. Ал мұнда басқаша. Мұнда бір сабақты үш-төрт оқытушы өтеді. Бір профессор бір апта өз әдісі бойынша дәріс оқып, қорытындылайды. Содан кейін екіншісі келіп бір апта басқаша әдіспен үйретеді. Сосын үшіншісі оқытады. Осылай бір пәнді түрлі методика бойынша, түрлі бағытта меңгеріп шықтық, — дейді Дильназ.
Көрші елдің мәдениетімен танысады
Магистранттардың айтуынша, олар сабақта тек ғылыммен айналыспайды. Оған қоса Қытай мәдениетімен де танысады: Қытайдың шай құю дәстүрін үйренген, күрделі әрі әдемі иероглифтерін жазып көрген. Екеуі Қытайға оқуға барғанда күн астындағы елінің ерекше мекендерін аралағысы, түрлі тағамын жеп көргісі, шетелдік достар тапқысы келетінін айтады.
Маған түрлі елдің сәулет өнері, мәдениеті қызық. Жақында Мәскеуге барып, еуропалық стильді көріп қайттым. Енді азиялық стильді көргім келеді. Осы оқудың арқасында Қытайға бірінші рет бармақшымын. Сиань қаласында Терракото әскері бар, соны көргім келеді, — дейді Мұрат.
Биыл осында оқығанымның арқасында Қытайға алғаш бардым. Группаласымыз екеуіміз семинарға қатыстық. Университет барлық шығынымызды өтеді. Жақсы тәжірибе жиып келдік, әдемі жерлерді көрдік. Қытайдан ерекше бір мешітті көріп келдім, — дейді Дильназ.
Ғылыммен тереңірек айналысуға мүмкіндік
Қазір Дильназ күннен электр қуатын алу тақырыбын зерттеп жатыр, ал Мұрат жасанды интеллект арқылы суреттерге талдау жасайды. Екеуі ғылыми жұмысы үшін Қытай университетінің Алматыдағы филиалы өте қолайлы екенін айтады. Біріншіден, филиалдың іші жаңа, таза әрі жайлы. Екіншіден, ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін түрлі құрал-жабдығы бар. Тіпті қазір трендке айналған 5G. 5.5G желісі технологиясының зертханасы бар. Ал магистранттар Қытайға барғанда ғылыми зерттеу, эксперимент жасаса, университет белгілі бір мөлшерде қаржылай көмектеседі.
Айтпақшы, биыл 15-30 маусым аралығы филиал Сиань қаласына үздік студенттерді курстық және практикалық іс-шараларға тарту үшін тегін жазғы лагерь өткізеді.
Әлемдік ірі компаниялардан тағылымдамадан өтеді
ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің бірлескен филиалында оқитын магистранттар Қытайдағы семинарларға, жарыстарға қатыса алады. Жазда Солтүстік-батыс университетінде тағылымдамадан өте алады.
Оған қоса филиал түрлі университет және компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Бүгіннің өзінде Huawei Technologies Kazakhstan компаниясымен серіктес болып үлгерді. Бұл студенттер осы ірі компанияға барып, тәжірибе жия алады деген сөз.
Ірі компанияда жұмыс істеуге мүмкіндік
Алматыда Huawei, China Electric Construction Corporation сияқты 100-ден астам қытайлық компания бар. Ал бұл филиалдың екі дипломына ие магистранттардың онда жұмысқа орналасуы жеңілдей түседі. Себебі олар Қазақстан нарығын да, Қытайдың және олардың кәсіпкерлерінің мәдениетін де жақсы біледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 17 мамырда Қытай мен Орталық Азияның бірінші саммитінде Қытайдың бас хатшысы Син Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келісімге қол қойып, осы филиал ашылған еді.
Филиалдың мақсаты – Қазақстан үшін материалдар, компьютерлер, коммуникациялық технологиялар және басқа салаларды зерттей алатын, халықаралық қарым-қатынас пен көзқарасқа ие студенттерді тәрбиелеу, оған қоса Қытай мен Қазақстанның тиісті саладағы ғылыми ынтымағын нығайту, — дейді филиал әкімшілігі.
Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің сайтына мына жерден кіріп, танысуға болады.