АҚШ-тағы Джорджия университетінің ғалымдары қырмызыгүлдің (Calendula officinalis) құрамын зерттеп, оның өсімдік ақуызына бай екенін анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бұл гүлдің құрамындағы ақуыз мөлшері киноамен шамалас. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұл зерттеу тек Calendula officinalis түріне қатысты. Себебі қырмызыгүлдің барлық түрі жеуге жарамды емес.
Ғалымдардың айтуынша, 100 грамм құрғақ киноаның құрамында шамамен 14–15 грамм ақуыз болады. Ал киноа піскен кезде су сіңіріп, ақуыз мөлшері 4–8 граммға дейін азаяды.
Зерттеу авторларының айтуынша, қырмызыгүлдің сығындысы жоғары температураға төзімді болғандықтан, оның құрамындағы ақуыз жылумен өңдеу кезінде аз бұзылады.
«Жыл сайын миллиардтаған доллар жұмсалатын гүлдер қоқысқа тасталады. Егер біз осы гүлдерді тағам ретінде пайдалана алсақ, елестетіп көріңізші», – дейді зерттеудің жетекші авторы Ананд Мохан.
Қырмызыгүл көптеген халықтың тағамында бұрыннан қолданылып келеді. Ол Үндістандағы үйлену тойларында және Мексикадағы Өлілер күні мерекесінде маңызды рөл атқарады. Алайда көптеген елде бұл өсімдік әлі күнге дейін жеуге жарамды өнім ретінде қарастырылмайды.
Ғалымдардың айтуынша, өсімдіктің әлеуеті тек ақуызбен ғана шектелмейді. Қырмызыгүл құрамындағы аминқышқылдары тағамға умами дәмін бере алады, ал кейбір қосылыстары эмульсия түзуге көмектеседі. Сондықтан оны тұздықтар мен дәмдеуіштердің құрамына қосуға болады.
Бұдан бөлек, қырмызыгүлдің құрамында антиоксиданттар, жасұныққа (клетчатка) бай талшықтар, сондай-ақ кальций, калий мен темір сияқты маңызды минералдар бар.
«Бұл жеуге жарамды гүлдер әлеуетінің әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Олар тағамның тек қоректік құндылығын ғана емес, құрылымын, тұрақтылығын және қазіргі тағам өнімдерінің басқа да маңызды қасиеттерін жақсарта алады», – дейді зерттеу авторы Фидель Бенимана.
Өсімдіктің күлтелерін шикідей де, пісіріп те жеуге болады. Ал кептірілген гүлдері шай мен сорпа дайындауға жарайды. Зерттеушілердің айтуынша, оның дәмі эстрагонға ұқсайды.
Қырмызыгүл – астра тұқымдасына жататын, сары немесе қызғылт сары гүлшоғыры бар біржылдық шөптесін өсімдік. Ол күтімді көп қажет етпейді және фармакология саласында кеңінен қолданылады.
