Қазақстан әйелдері елдің саяси өміріне неге ерлермен теңдей араласа алмай келеді? Әлде бұл олардың өз таңдауы ма? Ал үй тірлігі тек әйелдің міндеті ме? Ақысы төленбейтін еңбек оның дамуына кедергі жасамай ма? Журналист-фрилансер Әйнел Әмірхан «Тасадағы әйелдер» дейтін жобасында сарапшылармен осы сұрақтардың жауабын іздейді, көпшіліктің ойын да біледі. Автор қорытынды мен шешім айтпайды, мұны көрерменнің өзіне қалдырады.

— Әйнел, алғашқы шығарылымды жұртшылық қалай қабылдап жатыр? Қандай пікірлер естіп жатырсыз?

— 2023 жылғы 17 наурызда өзімнің YouTube-каналымда OY-DETOX Explanatory айдарымен шығатын «Тасадағы әйелдер» жобасының алғашқы бөлімін жарияладық. Алғашқы шығарылымның тақырыбы «Әйел және саясат» болды. Пікірлердің басым бөлігі жақсы. «Іске сәт» тілегендердің және «Қоғам үшін өзекті тақырыпты көтеріпсіз» дегендердің қатары көп. Арасында жобаның концепциясын түсінбей жатқандар да бар. «Жоба аясында мәселе көтеріліп қана қоймай, оның шешімі де айтылады» деген үміт болыпты.

Дегенмен бұл — авторлық жоба, оның негізгі мақсаты — әр тақырып аясында мәселелерді көрсетіп, оны көпшілікке жеткізіп, сарапшылардың көмегімен түсіндіру. Ал қорытындыны көрерменнің өзі жасауы керек.

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Бұл жобаны бастауыңызға британиялық журналист Кэролайн Перестің еңбегі себеп болғанын айтыпсыз. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші. Бұл кітаптың қандай әсері болды?

— Шын мәнінде жобаның туындауына бірнеше себеп бар. Біріншісі, әрине, британиялық журналист Кэролайн Перестің Invisible Women: Exposing Data Bias in a World Designed for Men (Көзге көрінбейтін әйелдер. Неге біз еркектерге ғана ыңғайлы әлемде өмір сүреміз?) деген гендерлік мәліметтерге негізделген кітабы еді.

Перес кітабында түрлі саланы талдап, гендерлік деректер көбіне ер кісілерді негізге алып жиналатынын айтады. Ал бұл күнделікті өмірімізге әсер етіп, соның негізінде, мысалы, кинотеатр мен театрлардағы дәретханалардың саны, кеңселердегі қолайлы ауа температурасы (қолайлы деп арықша келген 40 жастағы еркекке ыңғайлы температура алынады) анықталады екен.

Дүниежүзі тұрғындарының тең жартысы әйелдер болса да, қандай да бір ғимаратты салғанда, жаңа дәріге сынақ жасайтын кезде тек ер кісілердің мүддесі ескерілетіні мені таңдандырды. Себебі о бастан адам дегенде тек ерлерді мысалға алады екен.

Бір мысал келтірейін. Кітапта көліктерге жүргізілетін краш-тест жайлы айтылады. Автокөлік қауіпсіздігіне арналған сынақтың бәрінде ерлердің антропометриялық деректері алынады екен. Көлік әйелдердің салмағы мен бойын ескеріп жасалса, олар рульге және басқышқа жақынырақ отыруы керек. Сонымен қатар қауіпсіздік белдіктерін жасағанда әйелдердің анатомиялық ерекшеліктері ескерілмей келген. Бұл әйел жүргізіп келе жатқан көлік өзгесімен соқтығысса, олардың ерлерге қарағанда ауыр жарақат алу ықтималдығы 47%-ке және қайтыс болу ықтималдығы 17%-ке жоғары екенін білдіреді.

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Әйнел Әмірхан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кітап «Күнделікті өмір», «Жұмыс орнында», «Техника және технология», «Дәрігерде», «Қоғамдық өмір» және «Қайғылы жағдай болғанда» деген алты бөлімнен тұрады және әр бөлімді оқыған сайын қалыпты болып кеткен көп мәселе басқа қырынан ашыла бастады.

Екінші әсер еткен нәрсе — менің подкастер ретіндегі қызметім. OY-DETOX жобасы аясында осы уақытқа дейін 50 сұхбатты дайындап шығардым. Түрлі кездесуге қатысып, жекеме келіп түскен көп әйелдің хатын оқыдым. Байқағаным — қазір әйелдер арасында «Мен нені қалаймын», «Бұл расында да менің таңдауым ба?» деген рефлексия жүріп жатыр. Ал бұл сұрақтарға тек «Қазақ қызы осындай болуы керек» не «Біздің менталитет осындай» деген сөздермен жауап беру жеткіліксіз. Нақты қандай да бір зерттеулерге, мәліметтерге негізделген жауаптар, қоғамдық дискуссия қажет болды.

Елімізде жер, тіл, қазақ әйелі әлі де өзекті тақырыптың бірі болып отыр. Өкінішке қарай, әйел құқығы мен еркіндігі, оның қоғамдағы орны туралы үлкен мінберлерден сөйлеп, сөз жүзінде қолдау білдіретін феминист, либерал ерлер де іс жүзінде оларды қолдауға дайын болмай тұрады. Әйелдер де қандай да бір ішкі шектеулерге, санамызға тереңдеп сіңген стереотиптердің әсерінен өзінің қоғамдағы орны туралы нақты ойын қалыптастыра алмады. Ал гендерлік стереотиптер психологиялық, физикалық және әлеуметтік тұрғыдан адамның мүмкіндігін шектеп отыр.

Негізінен бәрі қарапайым әжетханадан басталды. Бұл күнделікті өмірде ойлана бермейтін мәселе ғой. Кинотеатрға, театрға немесе мейрамханаға барғанда ерлер әжетханасында екі кабина, әйелдердікінде екі кабина болса, тең жағдай жасалған дейміз. Алайда бұл жерде теңдік мәселесінен гөрі мұны қолайлы ету маңызды еді. Өйткені әйелдер ерлерге қарағанда әжетханада көбірек уақыт өткізеді. Ол кейде баламен, оның арбасымен кіреді немесе басқа да қажеттіліктері бар. Қандай да бір зерттеу жасалса, мұның бәрі ескерілер еді. Алайда бізде зерттеу жоқ. Сонымен бірге қаладағы инфрақұрылым, ғимараттар әйелдерге, оның ішінде жүкті, баласы бар әйелдерге қаншалықты қолайлы деген мәселе қазір жиі талқыланып жүр.

2015 жылы құрбыммен Вьетнамға бардым. Экскурсия кезінде бірнеше автобус қатар бір жерге аялдады. Сол кезде «кезек азайсын» деп сәл кешірек шығып едім. Сол кезде нақты есімде жоқ, бірақ әйелдердің дәретханасындағы кабина саны ерлерге қарағанда көбірек болды. Ерлер жақта да, әйелдер жақта да кезек жоқ. Былай қарасаңыз, қарапайым нәрсе, бірақ мені ойландырып тастады. Шынын айтсам, қазір бұл елде не жеп, не ішкенім, қайда барғаным есімде болмаса да, бірақ әжетхана есімде қалып қойыпты. Кэролайн Перестің кітабын оқығанда да осыны еске түсірдім.

Күнделікті өмірімізде біз ойлана бермейтін, қалыпты деп қабылдайтын, алайда әйелдерге қолайсыздық тудыратын нәрселер көп. Дәл осы сияқты әйел қызметте өсуі, дамуы үшін, бәсекеге толыққанды сай болуы үшін оған үйде де тең жағдайлар жасалуы керек. Өйткені әйел — ең әуелі тұлға, адам. Одан кейін ғана өзі қаласа, жар, ана.

Жоба арқылы осы сұрақтардың жауабын сарапшылар мен осы тақырыпқа қызығатын адамдарды тарта отыра іздеп, мәселеге аудиторияның жаңа көзқараспен қарауына атсалысқым келді. Жобама, маған сеніп, идеямды қолдаған Internews Қазақстан қорына алғыс айтамын.

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Әйнел Әмірхан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Алғашқы шығарылымды неге «Әйелдердің билікке келуі мүмкін бе?» деген тақырыптан бастадыңыз? Бұл елімізде жуырда ғана өткен сайлау науқанымен байланысты ма?

— Internews Қазақстан қоры қолдаған жоба алты бөлімнен тұрады. Алғашқысы Қазақстанда өтетін мәжіліс және мәслихатты сайлауы қарсаңында шығатынын ескеріп, тақырыпты әдейі «Әйел және саясат» деп алдық.

Алайда мақсатымыз депутаттарды сайлаудан гөрі, мәселеге басқа қырынан қарап көру, тарихқа үңіліп, мамандармен себептерін талқылау болды. Сайлау науқанын сипаттауға емес, алғышарттарына, «Әйелдің саясатқа келуі неге қиын?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

2022 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстан халқының 51,4%-і — әйелдер. Eлімізде 9,84 миллион әйел бар. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2%-ке көп. Ел халқының жартысынан көбі әйелдер болса да, депутат, министр, әкім болған әйелдердің үлесі 50%-ке жетпесе де, соған жақын көрсеткішке жақындамауы — қызық фактор. Осыған байланысты сарапшылармен «Билікте, шешім шығаратын құрылымдарда әйелдердің үлес салмағы неге аз», «Саясатта әйелдердің аз болуына «менталитеттің», тәрбиенің, салт-дәстүрдің әсері бар ма», «Әлде әйелдердің өзі тасада қалуды құп көре ме?» деген сұрақтарға жауап іздедік.

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Әйнел Әмірхан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алғашқы бөлімде тарих ғылымдарының кандидаты Эльмира Телеуова, дінтанушы Асылтай Тасболат, психоаналитик Жұлдыз Төлеу, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті, экс-сенатор Зәуреш Батталова, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов, халықаралық құқық маманы, заңгер Әйгерім Құсайынқызы, «Феминита» ұйымының тең басшысы Гүлзада Сержан спикер болды.

Тағы бір айта кететін жайт сол, шығарылым үшін көшеде сауалнама жүргіздік. Респонденттердің арасында «Әйел басшы болмасын» немесе «Олар президент бола алмайды» дегендер кездеспеді, бірақ ешқайсы қазіргі бірде-бір саясаткер әйелдің атын атап бере алмады. Ал «Әйелдің бойында қандай қасиетті көргіңіз келеді?» деген сұрағыма «кішіпейілдік», «қарапайымдық», «биязылық» деген жауаптар алдым.

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Әйнел Әмірхан «Тасадағы әйелдер» жобасының алғашқы бөлімі үшін сауалнама жүргізіп тұр. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кэролайн Перес те кітабында мынадай қызық мысал келтіреді. 2016 жылы АҚШ-та президент сайлауы алдында The Atlantic журналы фокус-топтардың нәтижесін жариялайды. Оған қатысқан адамдардың басым бөлігі Хиллари Клинтонды «тым мансапқор әрі өзімшіл» деп бағалап, мұны «әйел үшін жат қасиеттер» деп атайды. Әрине, осы уақытқа дейін «ерлердің қызметі» деп есептеліп келген орынға бақталасу үшін әйелдің бойында бұл қасиеттер болуы керек еді, бірақ бұл еркек үшін үлкен «артықшылық» болғанымен, әйел үшін неге үлкен «кемшілік» деп есептелетіні түсініксіз.

— Жобаның алғашқы бөлімінде феминистердің және оларға қарсы адамдардың өткізген митингісіне барғаныңызды байқадық. Мұны әдейі плюрализм үшін қостыңыз ба?

— Феминистердің 8 наурыз күнгі өткізген митингісіне ертерек барған едім. Бұл жерде оған дейін зейнет жасын төмендетуге қатысты шара өткенін білмедім, саябақта ұлттық киім киген, әр өңірден келген әйелдер жүрді. Олар ұйымдастырған митингінің қалай өткенін бастан-аяқ білмеймін. Сол кезде мүмкіндікті пайдаланып, олардан да «Әйел президент бола ма?» деп сұрадым. Ешқайсы «Әйел президент болмасын» деп айтпады. Алайда олардың арасында «Тұрмысқа шықпаған қыз президент бола алмайды, себебі ол күйеуіне, отбасына қызмет етіп көрмесе, қоғамға, елге қалай қызмет етеді», «Әйел президент болса да, ерден бір саты төмен тұруға тиіс» деп пікір айтқандар болды. Осылайша, олар «Әйелдің бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?» дегенде лидер, басшы әйелдің болмысына, портретіне тән емес қасиеттерді атап берді.

Феминистер мен бұл кісілердің арасындағы қандай да бір қақтығысты көрмедім. Алайда олар феминистер митингісінің басы-қасында жүрген белсенді Мөлдір Албанға «Сен де ұлттық киім киіп алыпсың, бірақ сендердің дәріптеп жатқандарың дұрыс емес, бұл қоғамды бұзады, шаштарыңды бояп алыпсыңдар» деп айтты. Маған Мөлдір Албанның өзін өзі ұстағаны, провокациялық сұрақтарға жауап беру әдісі қатты ұнады. Ол өте байсалды үнмен митингінің негізгі мақсатын түсіндірді, әр жылы әртүрлі мәселе көтерілетінін, биылғы тақырып «Дене автономиясына» арналғанын айтты. Мөлдір «Сіз де, біз де шашымызды бояймыз, олар тек ашық түстерді қолданады, бар айырмашылығымыз — осы ғана» деп жауап берді. Осылайша, бәрі күліп тарқасты.

— «Тасадағы әйелдер» жобасында алдағы уақытта қандай тақырыптар көтеріледі?

— «Тасадағы әйелдер» жобасы аясында биылғы тамызға дейін тағы бес шығарылым шығады. Оқырман мен көрерменге тосынсый болсын деп, тақырыптарды алдын-ала жария етпеуді жөн көріп отырмын. Қазір командамен «Төленбейтін үй ақысы» дейтін тақырыпқа дайындықты бастап кеттік. Бұл — кейінгі кезде сарапшылар жиі талқылап жүрген, бірақ көпшілік әлі жете түсіне қоймаған тақырып. Өйткені ондағы деректер, пікірлер өте қиын, ғылыми тілмен айтылған. «Тасадағы әйелдер» жобасының мақсаты да көтеріп отырған мәселені қарапайым тілмен жеткізу болатын. Мұның қолымыздан қаншалықты келетінін көре жатармыз.

Сонымен бірген жоба аясында көрермендермен офлайн кездесу өткізуді де жоспарлап отырмыз. Ол OY-DETOX Talqy аясында өтеді.

— Команданы жасақтағанда не нәрсеге көбірек мән бердіңіз?

— Жобаны Internews Қазақстан қолдаған соң ақырындап команданы іздей бастадым. Алайда өзім о бастан оператор, монтаждаушы Илья Мартыновпен жұмыс істейтінімді білдім. Өйткені Ильямен «Сорос Қазақстан» қорында, кейін подкаст саласына келгенімде де талай нәрсені бірге істедік. Ол азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста, олар көтеретін тақырыптарды біледі, түсінеді, құндылықтарымыз ортақ деуге болады.

Айта кететін нәрсе — жобаның бюджеті аса көп емес, ал істейтін жұмыс көп. Сол себепті коммерциялық бағытта пайда табуды көздемейтін, қазақша контентті дамытуды, өзекті тақырыпты көтеріп, жаңа салада жұмыс істеп көргісі келетін адамдарды іздеп, команданы осындай принцип бойынша жинақтадым.

Бақытгүл Салыхова осы жобаның редакторы болуға бірден келісті. Ол да осы салада жүрген маман, Balapan телеарнасында жұмыс істеген,  аударма саласында қызмет еткен, өзінің «Ата-ана сағаты» деген видеоподкасы бар. Ол видеоға мәліметтерді жинауға, сценарий жазуға көмектеседі, деректерді тексеріп, фактчекинг жасайды. Бақытгүл ханым қазір шетелде болғандықтан, жобаға онлайн атсалысып жүр.

Жобаның концепциясын жасаған кезде видеолардың ұзақтығы 30-35 минут болады деп көрсеттім. Кейін команданың өзге мүшелерінен «Бұл өте ұзақ, қазір адамдарға өніміңді 20 минут көрсете алсаң, мұның өзі — жетістік» дегендей пікір айтты. Өзім өте ұзақ видеоларды, сұхбаттарды көп көремін, тыңдаймын. Сол себепті өзім сияқты адамдар көп деп ойладым. Сөйтіп ақпаратты көбіне әлеуметтік желі арқылы тұтынатын адамдарға reels-видеолар дайындаймыз деп шештік. Мұның басы-қасында басқа адам болғанын қаладық, өйткені барлық өнімді дайындауға мен атсалыссам, онда мұның бәрі тек менің көзқарасыммен шығады. Сол себепті командаға рилсмейкер ретінде Дастан Аққожаны шақырдық.

Ал дизайнерді таңдағанда оның қазақ тілін білгенін қаладым. Өйткені осы уақытқа дейін орысша сөйлейтін дизайнерлермен жұмыс істеу қиындау болатын. Бұл жолы Сұңғат Анапиямен кездесіп, жобаны айтып түсіндіргенде бірден келісті. Сұңғатпен жұмыс істеген қатты ұнайды, оған тапсырмаларды, идеяларды аудиохатпен айтып түсіндіремін, ол бірден қағып алып, әрі қарай жасайды. Бұл жоба болғандықтан, салық туралы есептерді де тапсыруымыз керек. Мұнымен есепші Кәмшат Несіпбаева айналысады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Әйнел Әмірхан, Тасадағы әйелдер
Әйнел Әмірхан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Автор туралы қысқаша

Әйнел Әмірхан — әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, саясаттану ғылымдарының магистрі. Шотландиядағы Роберт Гордон университеті жанындағы «Шығармашылық және мәдениет» мектебінің «Корпоративтік коммуникация және қоғаммен байланыс мамандығы бойынша магистранты. Ол үкіметтік емес ұйымдарда, PR саласы бойынша 15 жылдан бері еңбек етпен. Әйнел Әмірхан — OY-DETOX  подкасының авторы және жүргізушісі. OY-DETOX — кейінгі үш жылда қазақ тілінде тұрақты шығып жүрген подкастың бірі. Қазір мәдениет, әдебиет, білім, маңызды әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді қамтыған 50-ден астам эпизоды бар.