– Әсем, Сұңғат, Erkin jas аудиоподкасы не туралы? Неге мұндай атау таңдап алдыңыздар?

Әсем Ілесбай: Подкаст жасөспірімдер туралы, мұнда олардың эмоциясы, психикалық проблемаларға көзқарасы, сезімі, жеке пікірі айтылады. Осындай коллаборациядан жасалған жоба. Тақырыпқа байланысты жасөспірімдердің ойын білеміз, бірақ оларға сенікі дұрыс немесе бұрыс дегенді айтпаймыз, жауапты толық тыңдаймыз және қабылдаймыз. Өйткені қарсы шығуға құқымыз жоқ. Кәсіби тұрғыдан дұрыс болуы үшін подкасқа психологтар пікірін қостық.

Біздің менталит пен дәстүр жасөспірім психологиясына әсер етеді, оны жасырмаймыз. Оларда осы себепті травма көп. Өзім балалар психологиясы бойынша магистратурада оқимын. Дәстүрлі психологияны, оның салдарын зерттедік. Жеке шекараның сақталмауы, “Қой, бұлай қатты күлме!” “Әй, жылама, жігітсің ғой!” деп баланың эмоциясын тыйып отыру оның бойында дамып келе жатқан табиғи процеске кесірін тигізуі мүмкін. Бала эмоциясы нормасымен шығып отыруы керек. Оны басып, тұншықтарған сайын проблема пайда болады. Сосын осындай тақырыптардың қазақ тілінде қозғалмауы cебепті де жобаны қолға алдық.

Сұңғат Анапия: Қазақстанда психикалық саулық түсінігі қалыптасқан деп айту қиын. Ересектер арасында да психологқа барудан ұялатындар бар. Психикалық саулық түсінігін қалыптастырайық деген оймен осы жобаны қолға алдық. Ал аудиторияны таңдауға Әсемнің магистрлік диссертациясы негіз болды. Ол балалар арасындағы кибербуллинг туралы ғылыми жұмыс жазып жатыр. Бізге жасөспірімдер жақын ғой деген оймен осы аудиторияны таңдап алдық. Әсем Қызылорда облысындағы мектептерге барып, оқушылармен психология, кибербуллинг туралы сөйлесіп, зерттеу жасаған. Осы сұхбатты онлайн форматта жасайық деп шештік.

Сосын балалар пандемияға байланысты онлайн оқуға мәжбүр болды. Осындай кезде ата-анасымен үйде отырды. Олармен күні-түні сөйлесуі керек, араласуы керек. Мектепке бармайды, достарымен кездесе алмайды. Университеттің 4-курсында оқитын өзімде де ата-анаммен конфликтілер болды. “Күні бойы компьютердің алдында отырасың”, “Одан да даланың шаруасын бітірмейсің бе?” деп ұрысты. Пандемия кезінде мұндай түсінбеушілік жасөспірімдерде де болды деп ойлаймын.

Подкаст неге “Еркін жас” деп аталады дегенге келсек. Жас деген бір жағынан “жаңа буын”, “жеткіншек” ұғымында қолданылады, тағы бір мағынасы – көз жасы, тамшы. Ал еркін дегеніміз тәуелсіз, сауатты дегенді білдіреді. Сауатты адам ғана өзін еркін сезінеді. Қаржы жағынан сауатты болсаңыз, ешкімге тәуелді емессіз. Діни сауатыңыз болса, ағымдарға еріп кетпейсіз. Осы сияқты психология жағынан сауатыңыз болса, ешкім сізге манипуляция жасамайды, жеке шекараңызға өтпейді, себепсіз айғайлап, жағымсыз қарым-қатынас жасамайды. Әркім өз орнын біледі.

Осылайша, еркін жас дегеніміз “тәуелсіз жеткіншек” дегенді, сосын “еркін эмоция” дегенді білдіреді. Өз сезімін шектемейтін адам әрқашан ішіндегісін жылап немесе басқа эмоцияларымен шығара алады.

– Жобаны жасауға Internews Қазақстан қаржылай қолдау бергенін айттыңыздар. Қандай да бір ұйым немесе бағдарлама көмегінсіз мұндай жобаны жүзеге асыру қиын ба?

Әсем Ілесбай: Жобаны MediaCAMP бағдарламасы аясында іске асырдық. Сұңғат екеуіміз байқауға өтініш қалдырып, бағымызды сынап көрдік. Әңгімелесуден өттік. Поштамызға “Құттықтаймыз, стипендия игерісіз” деген хат келді. Содан бастап жұмысымызды істеп жатырмыз. Internews Қазақстан әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау береді.

Жобаны ешқандай ұйымның қаржылай қолдауынсыз жасауға да болады. Әріптестеріміз де мұндай нәрсені көптеп жасап жатыр. Сіз подкаст жасау барысында жақсы продюсер, монтаждаушы, дизайнер болсаңыз, тіпті керемет. Сосын кейіпкерлерді барлық қырынан ашу маңызды. Олай болмаса, оны ешкім тыңдамай қояды. Біздің кейіпкерлеріміз – жасөспірімдер. Өтпелі кезеңдегі жандар, олармен байланысып, сөйлесетін кезде барынша мұқият болуға тырыстық. Олар өзін ыңғайлы сезінуі үшін бағдарламаны жасына, психологиясына қарай қоюға тырыстық. Осындай ұсақ-түйек, бірақ маңызды нәрселер бар, мұның бәрі подкастың сауатты, қызық болып шығуына әсер етеді.

Осының бәрінен хабарыңыз, тәжірибеңіз болса, ешкімнің көмегінсіз керемет жоба жасай аласыз. Біздің жоба тек подкаст емес қой, мұнда жасөспірімнің әлеуметтік ортасындағы проблемалар туралы скетч-фотолар да бар. Анимациядан хабарыңыз болмаса, қарапайым адамға мұндай комикстарды жасау қиын. Осы жағын да ескерген жөн.

Сұңғат Анапия: Біз подкастың 5 эпизодын және 10 комикс жасаймыз деп уәде бердік. Қазіргі уақытта 3 эпизодты және бірнеше комиксті жарияладық. Жалпы контент дайындайтын авторлардың ортақ проблемасы – қаржы. Кез келген өнімнің өз құны бар. Подкаст жасаған кезде де аудио жазатын, монтаж жасайтын құрылғылар керек. Біз мұның бәрін минимал қолдандық, бірақ осындай нюанс бар екенін естен шығармауымыз қажет. Ресурс мүлдем кетпейді деп айта алмаймыз, бұл авторлар қалтасынан алынады не демеушілер көмектеседі. Энтузиазммен жасауға да болады, бірақ бұл мәңгі емес. Өйткені жеке мақсатымызды, қаржылай қажетімізді өтемесе, оны жасау өте қиын болады. Сол себепті осындай қолдауды алдық.

– Подкаст тақырыбы мен  кейіпкерлерді қалай іздейсіздер?

Әсем Ілесбай: Подкаст жазбас бұрын ортаға бірнеше тақырып тастаймыз. Солардың арасынан ең актуалын таңдап аламыз. Осыдан кейін ақпарат жинаймыз, сұрақтар дайындаймыз. Жасөспірімдермен келісу процесі жүреді. Оларға осы тақырып төңірегінде сұхбат жасаймыз деп ескертеміз, бұл маңызды. Әңгімені жазу барысында бала ойын дұрыс жеткізе алмайды, ашыла алмайды, журналист екеуінің арасында шекара болып тұрады. Осындай жағдай болмауы үшін балаға кофморт жағдай жасау қажет. Оған сұрақтарды жаудырмай тұрып, көзқарасын біліп, жеңіл сұрақтар қойып алу керек. Бұл сауалдарға да жауап бере алмаса, өмірден алынған мысалдарды келтіруге тиіспіз. Осының бәрін жазып болғаннан кейін дәйексөздерді жинап шығамыз. Ерекше айтылған ойларды түртіп аламыз, олардың тізімін жасаймыз, осылайша, подкаст тақырыбы анықталады.

Сұңғат Анапия: Қазірге дейін подкастың “Ер балалар ренішін ішінде сақтап қалады”, “Мектептегі мұғалімің қандай?”, “Буллинг: сенің достарың буллинг жасайтындар туралы айтып берді” деген эпизодтарды жарияладық. Бірінші тақырыпта балалардан эмоциясын қалай шығаратынын сұрадық. Сол кезде бір жасөспірім “Ер балалар көп жағдайда өкпесін ішінде сақтап қалады, шығара алмайды” деген ой айтты. Меніңше, осыны тыңдаған әр адам ойлануы керек. Өйткені жасөспірімнің өзі батыл түрде мұның дұрыс емес екенін айтып берді.

Оқушыны сыйламайтын мектеп мұғалімдер бар екенін білеміз. Баланың пікірін құрметтемейтін, оның жеке өміріне қол сұғатын ұстаздар проблемасын көтеріп, “Мектептегі мұғалімің қандай?” деген эпизод шығардық. Оқушылардан не ойлайтынын сұрадық. бұған психолог кеңес берді. Осы кезде бір баланың “Мұғалімдер балаға бей-берекет ұрса беретін жынды емес қой” деген фразасы есімде қалып қойыпты.

Сосын балалардың өзінен буллингті қалай түсінетінін сұрадық. Олар күші, әлі жеткен адамның өзінен әлсізді мазақтауы, келеке қылуы, оны шеттетуі, әлімжеттік деп атады. Бұл өте сәтті балама болды деп ойлаймын. Бір жасөспірім өзіне кезінде әлімжеттік жасалған соң оны өзгелерге де жасайды деп айтты.

– Подкаст кіріспесінде “Қазақ балаларының портреті жоқ, бұрынғы образбен әлі жүрміз” деп айтып қалдыңыздар. Жобаны жасау барысында балалардың қазіргі бейнесін байқай алдыңыздар ма? Ол қандай екен?

Сұңғат Анапия: Erkin jas аудиоподкастының 5 эпизодымен қазіргі баланың образы көз алдымызда пайда болды деп айта алмаймыз. Gazhaiyp жобасының авторлары Наргиза Ерес пен Қуаныш Жұбандықов сияқты балалардың, соның ішінде жасөспірімдердің образы туралы көп ойландық. Біздің қоғамда баланың пікірі, сезімі маңызды емес, олар ештеңені түсінбейді деген бұрынғы образ қалып қойған. Ал психологтар бала жеке тұлға екенін олардың ойы мен сезімі де маңызды екенін айтады. “Мама, күнделігіме тиіспе”, “Папа, смартфонымдағы фотоларды, чатты қарама” деп айтатын, айтқысы келетін жасөспірімдер бар екенін білеміз. Сол себепті подкаста жасөспірімдер туралы ойды олардың өзі қалыптастырғанын қаладық.

Ініңіздің, қарындасыңыздың немесе балаңыздың не туралы толғанатынын, қазіргі трендтер туралы не ойлайтынын білгіңіз келсе, Erkin jas аудиоподкастын тыңдап, өз бағаңызды беруіңіз керек.

Әсем Ілесбай және Сұңғат Анапия
Әсем Ілесбай және Сұңғат Анапия. Фото жеке архивтерінен

– Қазақстанда бала психологиясына қатысты қандай проблемалар бар? Оны қалай шешуге болады?

Әсем Ілесбай: Ең басты проблема деп ата-ана мен бала арасында диалогтың болмауын айтар едім. Бала басындағы проблемасын ашып айта алмайды, ата-анасымен сөйлесе алмайды. Диалог тек балалар арасында емес, ересектер арасында да маңызды. Бала проблемаға тап болса, ең әуелі досына, мұғаліміне немесе психологқа емес, ата-анасына жүгінуі керек. Оның басты қорғаушысы да солар. Бұл үшін әке-шеше баланы түсінуі керек, сөйлесуі қажет.

Қазіргі кезде жасөспірімдердің бойында травма өте көп. Бала туған кезде тап-таза боп туады, психикасы да бұзылмаған. Ата-ананың бойында да бала кезден алған травмалары бар, бұл бейсаналы түрде балаға да өтеді. Психолог “балаңызға жақсы тәрбие бергіңіз келсе, үйленіп, балалы болмай тұрып, ерлі-зайыпты ретінде психотерапевт кеңесін алу керек” деген кеңес берді. Болашақ ата-ана әуелі бойындағы травмаларды анықтап, оны емдеп алуы керек. Сол кезде балаға берілмейді.

Баланың жеке шекарасының сақталмауы да проблема дер едім. Әсіресе, қазақ менталитетінде бұл бір күрделі мәселе. Балалар арасында ғана емес, ересектер арасында да көп кездеседі. Жеке шекара дегеніміз – баланың жеке ойы, пікірі, көзқарасы, жеке бөлмесі, күнделігі, WhatsApp-тағы чаттары, Instagram-дағы парақшасы немесе TikTok-тағы видеолары. Ал біздің менталитет бойынша бұған бәрі араласады. “Әкел, ана уатсабыңды оқиық, кім жазып жатыр, кіммен сөйлесіп отырсың?” деп әке-шеше де, аға-әпкелері де тексеріп отырады. Бұл өз басымнан да өткен. Ағам Вконтакте желісіндегі чаттарды қадағалап отыратын. Мұның дұрыс емес екенін кейін білдім, ал сол кезде қалыпты нәрсе болып көрінді. Бала осының бәрін норма көреді, кейін тұлға болып қалыптасқан кезде проблемаға тап болады. Ата-ана баланы құрметтеуі керек, оған сенуі, гиперопека жасамауы қажет.

Келесі проблема – баланың эмоциясын үнемі басып отыру. Ол барлық эмоциясын шығарып отыруы керек. Ашуланғысы келсе – ашулансын, жылағысы келсе – жыласын, қуанғысы келсе – қуансын. “Жылама, күлме, ашуланба, бұл тәрбиесіздікке жатады” деп тыюға болмайды. Эмоциясын тыйған сайын бала жабыла береді, оның бойында сенімсіздік пайда болады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

Енді мұны қалай шеше аламыз дегенге келсек, ата-ана мен бала арасында диалог болуы керек, қолдау да маңызды. Бұған қоса, мектептегі психолог маман көмектесуге тиіс. Ал олардың жұмысында бюрократия көп, есеп берумен уақыт жоғалтып, балаға көңіл бөлінбей қалады. Әрине, бәрі мұндай деп айтуға келмейді, бірақ өңірлердегі жағдай осы. Баладан “Психолог не істейді?” деп сұрай қалсаңыз, “Білмеймін, қағаз толтырғызады, сауалнамалар алады” деп жауап беруі мүмкін. Мектеп психологтарына да оңай емес, жалғыз өзі қаншама оқушымен жұмыс істейді. Бір адамның өзіне кеңес беру үшін уақыт, күш керек. Осы себепті олардың жұмысы бағалануы керек.

Сонымен бірге педагогтар да психолог кеңесін алып тұруы қажет. Ол жеке өмірі мен жұмысты шатастырмауға тиіс. Үйде болып жатқан проблема мектепке, жұмыс орнына келмеуі керек. Өйткені бұл мұғалімнің кәсібіне кесірін тигізеді.

Сосын психологқа бару үшін ақша керек қой деген сұрақ тууы мүмкін. Қазір тегін көмектесе алатын қолдау орталықтары жұмыс істейді. 150 нөміріне хабарлассаңыз, сізге психология тұрғысынан көмек береді. Алғашқы 30 минуты немесе бір сағаты тегін болуы мүмкін, проблемаңызды толық шешем десеңіз, психологпен жұмыс істеу қажет. Біз сияқты жобалар көбейіп жатыр, бұл – қуанатын жағдай. Мұны тек сауатты, бала психологиясына кесірін тигізбей жасау қажет.

Сұңғат Анапия: Балалардың психика жағынан проблемасы бар екен деп оны жапа шеккен адам ретінде көруге тиісті емеспіз. Оларды шеттетуге құқымыз жоқ, керісінше, олардың мінберге шақырып, ойын, сөзін тыңдауымыз қажет. Ересектер өзінің де, баланың да психология денсаулығына мән беріп, жауапкершілікпен қараса, үлкен қадам болар еді.

– Әңгімелеріңізге рақмет!

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Erkin_jetkinshek🥑 (@erkin_jetkinshek)