Алматыда 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы прокуратураның араласуымен қорғалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қадағалау органы сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан кәсіпкерлерге қатысты заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.
Прокуратураның мәліметінше, кәсіпкерлер бизнес нысандарына сыртқы жарнама орналастыру үшін басқармаға тиісті хабарламалар жолдаған. Алайда лауазымды тұлғалар өтініштерді қараудың заңда белгіленген төрт жұмыс күндік мерзімін сақтамаған. Кей жағдайларда жауаптар 6-15 жұмыс күні аралығында ғана берілген.
Тексеру барысында басқарма мемлекеттік кірістер органдарына кәсіпкерлерге жарнаманы «хабарламасыз орналастырды» деген негізбен салықтың екі еселенген мөлшерлемесін қолдану жөнінде бастама көтергені анықталды. Нәтижесінде 2331 кәсіпкерден жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге өндіріп алу қаупі туындаған. Кәсіпкерлердің құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура уәкілетті органдарға прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Оны қарау қорытындысы бойынша бизнес субъектілерінің дербес шоттарында заңсыз есептелген сомалар қысқартылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол өз кінәсін мойындап, тағайындалған айыппұлды толық көлемде төлеген, — делінген хабарламада.
Прокуратура кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті.
