— Дастан мырза, биылғы Go Viral фестивалінің басталуына санаулы күн қалды. Дайындықтарыңыз қалай?

— Фестивальге сегіз айдың төңірегінде дайындалдық. Қазір бағдарламаны түзеу, спикерлерді орналастыру, көпшілікке фестивальдің болатынын хабарлау, қатысушыларды тіркеу сияқты жұмыстармен айналысып жатырмыз. Бұған қоса, спикерлердің презентациясы мен жеткізгісі келетін ойы пайдалы болуына мән беріп отырмыз. Өйткені әрқайсына берілетін уақыт шектеулі. Сол себепті бәрі сапалы болуға тиіс. Бізге қатысушылардың жай келіп-кеткені емес, фестивальден тұщымды ой алғаны маңыздырақ.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әр панельдік пікірталас «Бұл не», «Мұны қалай шешеміз?» деген маңызды сұрақтарға жауап береді. Фестивальге келетін әр адам өзіне керек ақпаратты, дағдыны таба алады деп ойлаймын. Бизнес, медиа, мәдениет және технология дейтін төрт секторда өтетін лекциялар мен талқылаулардан бөлек уоркшоптарға қатысуға, көрмелерді тамашалауға болады. Мысалы, жас аниматорлар, сценаристер, режиссерлар, подкастерлер жиналатын бөлмелер дайындап қойдық. Мұнда таңертеңнен кешке дейін уоркшоп өтеді. Фестиваліміз жасөспірімдерге де ашық.

— Алматы тұрғындары мен қонақтары фестивальге не үшін баруы керек, биыл қатысушыларды не күтеді?

— Go Viral — алматылықтарға таныс жоба. Фестиваль АҚШ мемлекеттік департаментінің демеушілігімен Орталық Азиядағы АҚШ дипломатиялық миссияларының қолдауымен өтеді. 2021 жылғы қазан айынан бастап жобаны Орталық Азиядағы соғыс пен бейбітшілікті жариялау жөніндегі институты өткізіп келеді. Бұған дейінгі фестивальдермен салыстырғанда, ең ерекшесі және есте қалатыны биылғысы болмақ. Өйткені осы жылы «көшпелі фестиваль» өткіздік. Ең бірінші фестиваль Душанбеде басталды, кейін Ташкентке өтті, сосын Бішкекте болды. Ендігі кезек Алматыда, әрі қарай Ашхабадқа жібереміз.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фестивальдің биылғы тақырыбы – «Іздеу. Ойлап табу. Шешу». Осы жылы сырттан келетін спикерлерді емес, Қазақстанда өзін эксперт екенін дәлелдеп үлгерген адамдарды көптеп шақырдық. Біздің түсінгеніміз — әр мемлекеттің өз проблемасы, сарапшысы бар және әрқайсының тәжірибесіне баға жетпейді. Осының бәрін көпшілікке көрсеткіміз келді. Бір жылғы еңбегіміз де осы болды. Биылғы фестивальде жаңа есімдер белгілі болады. Бұған дейін танылғандары басқа қырынан ашылады.

Go Viral-ға тағы не үшін келу керек? Қызық бағдарламасы үшін дер едім. Өйткені мұны 4,5 ай бойы жасадық.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Биыл қазақша панельдік пікірталастарға, тренингілерге көбірек көңіл бөлген екенсіздер. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

— Go Viral фестивалінде бұған дейін Нұрбек Матжани, Асхат Еркімбайлар қазақша сөйлеген. Ал биылғы Go Viral фестивалінде қазақша спикерлерді көбейттік. Неге? Өйткені сұраныстың көп екенін білеміз. Сол себепті биылғы фестивальде қазақша спикерлерді көбейтуге тырыстық.

Спикерлер бұрын да осы тақырыптарда сөйлеуі мүмкін. Мысалы, Назгүл Қожабекті жұрт қазақ тіліндегі калькамен күресетін маман ретінде таныса, бұл жолы қазақша қауымдастықты Telegram арқылы қалай құрып, оны дамытып отырғаны туралы айтып береді. Өзбекстанда осындай кейс бар екенін білеміз, онда Telegram-каналдардың ықпалы зор. Қазақстанда да осындай тренд байқалады. Мысалы, «Қатал редактор», «Журфак», «Калькасыз қазақ тілі» каналдары көпшілікке танылып үлгерді. Бұл бізге қызық мысал болды.

Фактчекинг тақырыбы да бұған дейінгі тренингілерден, форумдардан тыс қалмады. Алайда осы жолы Factcheck.kz порталының журналисі Жансерік Тілеухан мұны ойын түрінде өткізбекші. Көбі фактчекингті күрделі тақырып деп ойлайды. Біз осы стигманы шешкіміз келеді. Фестивальдің осы сессиясына келетіндер ойнап отырып-ақ, ақпаратты қалай тексеруге болатыны туралы дағдыны меңгереді.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Руслан Жұбаныш та бұған дейін көп сұхбат берді, дегенмен ол осы жолы тек қазақ поэзиясы туралы емес, оның арт-перфоманс арқылы бой көрсетуі дейтін тақырыпта сөйлемекші.

Раиса Қадырды көпшілігі «Хәрри Поттерді» қазақ тіліне аударған адам ретінде таниды. Ол қалай баспа ашуға болатыны және баспалар авторлық құқықты қалай сақтауға тиіс екенін айтып береді. Бұл біздің ұйым үшін өте маңызды. Себебі баспагерлердің кітапты аударғаны ғана емес, мұның бәрін заңды түрде жасағаны керек. Оның үстіне, қазір қазақша баспалар көбейіп жатқанда, бұл тақырып — актуал.

Спикерлердің арасында Tez tap ойынының авторы Дана Хамзабек бар. Бәрі Tez tap-ты үстел ойыны ретінде жақсы біледі, бірақ біз үшін бұл тек ойын емес. Бұл астаналықтарға нетуоркингке, бос уақытты тиімді өткізуге арналған алаңды жасап берді. Алаңның тұрақты ойыншылары бар. Бұған дейін коммуникация, достармен әңгімелесу қандай да бір шараның, астың алдында өтіп келсе, Дана Хамзабек бізге тың нәрсе алып келді.

Kazakbuble жобасының авторы Бибарыс Сейтақ та — Go Viral фестивалінің спикері. Бибарыс лингвистиканы жеңіл түсіндіреді. Оның үстіне, ол да қазақша сөйлейтіндердің және қазақша үйренгісі келетіндердің  қауымдастығын құрып жүр. Қателеспесем, ол біздің фестивальге Абу-Дабиден келеді. Бұл Бибарыс мырзаның Қазақстанның ішінде ғана емес, өз қауымдастығының өзге елдегі мүшелерімен де көрісіп, кездесіп жүргенін білдіреді. Бұл да — керемет мысал. Қазақша спикерлердің өз тақырыбын жаңа қырынан ашып көрсетететіне кәміл сенеміз.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Басқа секторлардағы тағы қандай ерекше тақырыптарды бөліп-жарып айта аласыз?

— Фестивальдің алғашқы күні панельдік пікірталастардан басталады. Төрт сектор бойынша өзекті проблемаларды талқылаймыз деп шештік. Соның бірі — кэнселинг (cancel culture). Бұл қазіргі біздің қоғамда көптеп кездесіп жатыр. Танымал артистің концерті өтіп, қандай да бір қате әрекетті байқаса, ертеңіне кэнселинг басталады. «Кэнселинг не?» деген сұраққа көпшілігіміз жауап бере алмаймыз. Бірі ақтайды, бірі даттайды. Біз сарапшылармен cancel culture коммуникациядағы ықпалы туралы сөйлескіміз келеді. «Бұл кезде реакция қандай болуы керек», «Мұны қалай түзетуге болады?» деген сұрақтарға жауап береміз.

«Мәдениет» секторындағы панелдік пікірталаста Алматыдағы арт-кеңістіктер туралы айтамыз. Пандемиядан кейін өте көп арт-кеңістік пайда болды. Соның арқасында онда баратын, қыдаратын адам көбейді. Оның әрқайсының өз принципі бар.

«Технология» секторындағы пікірталас цифрлық теңсіздік тақырыбынан басталады. Қазақстандағы цифрлық теңсіздік проблемасы бәрібір актуал болып отыр. Мұны шешу амалы қандай, қалай әрекет етеміз деген сияқты сұрақтарға жауап беріледі.

Ал «Бизнес» бөлімінде әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес туралы сөйлесеміз. Қазір кәсіппен айналысу адамдарды дамытудың тиімді құралы болып отыр. Сол себепті осы тақырыпта уоркшоп өткізуді жөн көрдік.

АҚШ-тағы Кремний алқабынан келетін Оскар Гарсияны асыға күтіп отырмыз. Оның мысалы тіптен ерекше. Ол стартап-жобаларға сырттан инвестиция тартпай-ақ, қалай жұмыс істеуге болатынын үйретпекші. Бұл да маңызды. Өйткені Go Viral-да жыл сайын стартап-жобалардың көрмесі болады. Алайда фестивальден кейін олар мұны жалғастыра ма, бұл жағы белгісіз. Сол себепті әрі қарай қолдана алатын құрал беру маңызды болды.

Бішкектен балаларға арналған музыкалық D Billions музыкалық тобының негізін қалаушылар Чолпонай Кенжеғұлова және Эрнест Үмбетәлиев келеді. Бұл топ Қазақстан халқына аса таныс болмауы мүмкін. D Billions-тың видеолары YouTube-те миллиардтаған қаралым жинайды, каналға 19 миллионнан астам адам жазылған. Олардың әні биылғы Еurovision 2022-нің ашылу салтанатында орындалды. Алайда дүниежүзі олардың Қырғызстаннан екенін жақында ғана білді. Орталық Азиядан шығып, дүниежүзіндегі топ-10 YouTube каналдың біріне енді. Чолпонай мен Эрнест дәл осы тәжірибесін Go Viral фестивалінде бөліспекші. Бұл — біз үшін өте қуанатын жайт. Біз осы арқылы адамдарға еңбек етсеңіз, бәрі мүмкін деген месседжді жеткізгіміз келеді.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Go Viral фестивалінде сонымен бірге қызық концерттік бағдарлама болады. Бас сахнада Ninety One, DAMU, Soul Note, Tori Park, NasiafromAsia, Jordan және Dj KOCONJA мен Dj Nurboogie өнер көрсетеді.

Белсенді қатысушыларымызға Ninety One тобымен фотоға түсуге, әңгімелесуге мүмкіндік жасамақшымыз. Бұл үшін Instagram-дағы конкурсымызға қатысуыңыз керек. Шарттары оп-оңай. Парақшамызға жазылып, екі досын белгілеп, репост жасағандар арасынан 10 адамды кездейсоқ таңдап аламыз.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Go Viral Central Asia (@goviral.ca)

— Фестивальге бүгінге дейін қанша адам тіркеліп үлгерді?

— Фестивальге 21 маусым 23.59-ға дейін онлайн тіркелуге болады. Дегенмен бұдан кейін фестивальге қатыса алмайсыз деген сөз емес. Алайда сол күні кезекте көп тұрып қалуыңыз мүмкін. Бәрі тегін қатыса алады. Қатысушыларды іріктемейміз, өтініп тапсырған кез келген адам қатыса береді.

Қазір 900-ден астам өтініш келіп түсті. Фестиваль бір күнде 1 500-нан астам қонақты қабылдай алады.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Go Viral фестиваліне келушілерге не айтасыз?

— Өзіме алматылықтардың биылғы фестивальдегі белсенділігі қызық болып тұр. Алматы тұрғындары көп келсе екен деймін. Өйткені Тәжікстанда 3 000 адам, Қырғызстанда 1 500 адам қатысты. Алматы тұрғындары мен қонақтарына айтарым: міндетті түрде келіңіздер, белсенді болыңыздар. Әр қатысушы өзіне қажет және қызық нәрсе табатынына сенемін және кепілдік беремін. Қызыққа толы 3 күн болады.

— Әңгімеңізге рақмет, фестивальде кездескенше!

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы