Оның сөзінше, қоғамды бұл тақырыптың алаңдата бастағаны — жақсы нышан және осы сұрақ төңірегінде зерттеулер жүргізілуі керек. Өйткені елімізде президент болуға лайық әйел көп. Алайда олардың көпшілігі сайлау туралы заңдағы екі талаптан сүрінеді. Біріншісі — жасы жетпейді, екіншісі — мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ.

«Әуелі кандидат атанып, кейін президент болуға лайық дейтін әйелдің көбі шетелде оқыған, ғылым саласында жүр. Менің ойымдағы үміткерлердің басты проблемасы — осы екі пункт», — дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Орталық сайлау комиссиясы 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде екі әйелді — Қарақат Әбден мен Салтанат Тұрсынбекованы тіркеді. Заңгер Әйгерім Құсайынқызы бұған тек қуанатынын айтты, оның сөзінше, бұл — маңызды прецедент. Өйткені 2019 жылғы президент сайлауында тек бір әйел кандидат (Дания Еспаева) болған. Алайда Әйгерім Құсайынқызының биыл сайлауға түскелі отырған Қарақат Әбденге көңілі толмайды. Өйткені ол кандидаттың кейбір ұсынысы ақылға сыймайды деп есептейді.

«Ол Астана мәслихаты депутаты болғанда мемлекет бюджеті есебінен «Қазақ қызы» институтын ашқан. «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет» дейтін кітап шығарды. Қарақат Әбден ҚР Гендерлік теңдік туралы құжаттарды оқыса, өз әрекеті Конституциямызға толықтай қайшы келетінін түсінер еді. Өйткені оның көздегені — қазақ қыздарын өзге ұлттан бөліп, оларды үйде отыратын әйел кейпіне қайтарғысы келеді. Бұл мүмкін емес, кей отбасы әлі де ХХ ғасыр құндылықтарымен өмір сүруі мүмкін, бірақ қазір — ХХІ ғасыр. Сол үшін де қолдамаймын. Шетелдіктермен отбасын құрған қыздарға салық салу керек деген ұсынысы — абсурд», — дейді ол. 

Биылғы президент сайлауына түсетін екінші әйел кандидат — Салтанат Тұрсынбекова. Ол әр жылдары жоғарғы сотта, өзге де мемлекеттік органдарда қызмет етіп, Қазақстан бас прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болған. Бас прокуратура институты директоры болып жұмыс істеген.

Әйгерім Құсайынқызы Салтанат Тұрсынбекованы әріптесі, заңгер ретінде қолдайтынын айтты. Өйткені оның бағдарламасында әйелдер проблемасы нақты көрсетілген.

«Салтанат Тұрсынбекова еліміздегі ең үлкен қылмыстың бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін әйелдің бірі екенін айтып өткеніміз абзал. Ол маман ретінде құқық тұрғысынан бұл мәселе қаншалықты ауқымды екенін және арнайы заң қабылданбаса, өз әйелін ұрып, өлтіретін еркектер саны азаймайтынын да біледі. Тұрсынбекова ханым ұсынып отырған бағдарламасында да осы әйелдер мәселесін алға тартады, сонысы ұнады», — дейді ол.

Әйгерім Құсайынқызының пікірінше, президент болуға лайық әйелдер тізіміне Жанар Темірбекованы, Инга Иманбайды, Зәуреш Батталованы және Бақытжан Төреғожинаны қосуға болады. Ол аты аталған әйелдер түрлі саладан болса да, бір миссияда жүрген қазіргі қоғамның көшбасшылары деп есептейді. 

Жанар Темірбекова

Жанар Темірбекова
Жанар Темірбекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жанар Темірбекова — Әйгерім Құсайынқызының нөмірі бірініші фавориті. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, ғалым. Жасы 45-те. Қазіргі күні шетелдік оқулықтың көбі оның транформациялық көшбасшылық тақырыбында жарияланған зерттеу жұмысына негізделген. Ғалымдар отбасынан шыққан, әкесі — философия профессоры, анасы — педагогика ғылымдарының докторы.

«Өзім ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова ханымды ерекше үлгі тұтамын. Ол ғылымның дамуына елеулі үлес қосып,  ғалымдар арасында ерекше құрметке бөленіп жүр деп айта аламын. Осы бағыттағы көп қызға үлгі», — дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Жанар Темірбекова Түркиядағы Хаджеттепе университетінің «Инженерлік» факультетін бітіріп, сонда «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурада білім алған. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқып, диссертациясын қорғаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Жанар Темірбекова Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Анкарадағы өкілетті кеңес басқармасында, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдарда еңбек еткен. Алматыдағы KIMEP, ҚБТУ және СДУ сияқты бірнеше маңызды оқу орындарында студенттерге сабақ берген. Еуразия технологиялық университетінің ректоры, Алматы менеджмент университеті президентінің кеңесшісі де болған. 

Инга Иманбай

Инга Иманбай
Инга Иманбай. Фото өзінің Facebook-парақшасынан алынды

Инга Иманбай — журналист, құқық қорғаушы. Жасы 33-те. Анасы қазақ тілі пәнінің мұғалімі, әкесі зоотехник болып жұмыс істеген.

Ол Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бітірген. Студент кезінен «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген. 10 жылдан соң сол газеттің бас редакторы қызметіне тағайындалды. Алайда ұжым ішіндегі келіспеушіліктерге байланысты ол бұл қызметте тек бір ай тұрақтаған.

Инга Иманбай — тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі. Жанболат Мамайды билік «жалған ақпарат таратты», «билік өкілін қорлады» және «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағып, қамауға алды. Ол сегіз ай тергеу изоляторында отырып, 2 қарашада үйқамаққа жіберілген.

Инга Иманбай орталық сайлау комиссиясына өзін биылғы сайлауда үміткер ретінде тіркеу туралы өтініш берген еді. Алайда ОСК оны жасы қырыққа толмағаны және мемлекеттік қызметте бес жыл жұмыс істемегені себепті тіркемеген. Кейін Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында мұны білсе де, әдейі өтініш бергенін жазды.

Сарапшы Әйгерім Құсайынқызы Инга Иманбай президент болса, әділетті қоғам құруға барын салатынына сенеді.

«Оның қазір шерулетіп, талап етіп жүргені де сол — әділеттілік пен саяси тұтқындарды түрмеге заңсыз отырғызбау. Инга ханымның кейінгі 15 жыл азаматтық белсенді болып, сөз бостандығын талап етіп, топ бастап жүргені де үлгі тұтарлық. Жанболат Мамайдың сот істеріндегі табандылығына да куә болдыңыздар», — дейді ол.

Зәуреш Батталова

Зәуреш Батталова
Зәуреш Батталова. Фото: Azattyq

Зәуреш Батталова — Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті, экс-сенатор. 61 жаста. Ол Семейдегі педагогикалық училищені (қазір колледж) тәмәмдап, Семей педагогикалық институтын бітірген. 

Еңбек жолын ауыл мектебі мұғалімінен бастаған. Әр жылдары «Балауса» балалар қоры жетекшісі, Семей мәслихатының депутаты, ҚР парламент сенатының депутаты болған.

Зәуреш Батталова 2016 жылы Қазақстанның жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясынан ҚР парламенті мәжілісі депутаттығына кандидат болды. Алайда бұл партия парламентке өту үшін жеткілікті дауыс жинай алмады.

Әйгерім Құсайынқызы президент болу үшін барлық талапқа сай келетін бірден-бір әйел — Зәуреш Батталова деп есептейді. Ол тіпті Зәуреш Батталованың өзіне хабарласып, «Неге президент болмасқа, неге сайлауға қатыспасқа?» деп ұсыныс та айтқан екен.

«Алайда ол жеке себептерімен бұл жарыстан шет қалуды жөн көрді. Меніңше, өте лайық үміткер. Кейінгі 20, тіпті 30 жыл деп алсақ та, тіпті қызметке келгелі жасап жүрген бар жұмысын саясаттағы әйелдер үлесін арттыруға, әйелдер проблемасын көтеруге бағыттады. Еліміздегі конституционализмді дамытуға үлесін қосты», — дейді ол.

Бақытжан Төреғожина

Бақытжан Төреғожина
Бақытжан Төреғожина. Фото өзінің Facebook-тегі парақшасынан алынды

Бақытжан Төреғожина — құқық қорғаушы, азаматтық белсенді, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі. Интернетте оның өмір жолы жайлы дерек жоқтың қасы. Бақытжан Төреғожина бастаған «Ар. Рух. Хақ» ұйым мен өзге де азаматтық қоғамдық ұйымдар волонтерлармен бірлесіп, Қаңтар қырғынында қаза болғандар мен негізсіз айыпталған азаматтардың тізімін жасады.

Ол 2022 жылғы 29-30 қыркүйек күндері Варшавада өткен ЕҚЫҰ жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сынады. Оның сөзінше, Қазақстан билігі Қаңтарда азаматтарға оқ атқандарды жасырып отыр. Құқық қорғаушы дәл осы жиынның екінші күнінде Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды қамаудан босатып, мыңдаған азаматты қудалауды тоқтатуды талап етті.

Әйгерім Құсайынқызы Бақытжан Төреғожинаны Қазақстандағы заңгер әйелдердің үніне айналып үлгерді дейді.  

«Президент атануға лайық тағы бір үміткер — Бақытжан Төреғожина. Қазіргі таңда Қаңтар қырғынына қатысты әділдік талап етіп жүрген, тіпті Қаңтардың бейнесі болған батыр әйел. Өзім осы азаматшаларды үлгі тұтамын және дәл қазір ел президенті болуға лайық әйел деп есептеймін. ҚР сайлау туралы заңындағы кей талапқа сай келмей тұрса да, дәл осы әйелдер өмірлік тәжірибе тұрғысынан біраз кандидаттан мықтырақ. Олардың азаматтық-саяси ұстанымы, құндылықтары, әділетті талап етуі елді шынымен алға сүйрейтініне сенемін. Бұл әйелдерді әлеуметтік әділетті мемлекет жасау жолындағы күрескерлер деп атар едім», — дейді ол.

Әйгерім Құсайынқызы сонымен бірге Әсем Жәпішева мен Халида Әжіғұлованы да президент болуға лайық үміткер деп есептейді. Кейінгі екеуі жоғарыда аты аталған әйелдердің ізін жалғап, артынан еріп келе жатыр.

«Негізі лайық емес әйел жоқ, олай айта алмаймын. Феминистік идеяны қолдайтын адам ретінде кез келген әйелдің саясатта болуын қолдаймын. Шындап ұмтылса, билікке келу бәрінің қолынан келеріне де сенемін», — дейді ол. 

Заңгердің пікірінше, Қазақстанда алдағы уақытта президент әйел болып жатса, оған қалыптасып кеткен патрирархал түсініктерді өзгерту қиындау болады. Алайда ең әуелі елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы шешіліп, әйелдер мен балаларға қауіпсіз қоғам құруға амалдар жасалады.

UN Women зерттеуіне бойынша Қазақстан билік басына әйел келіп көрмеген 119 мемлекеттің тізіміне кіреді. 230-ға жуық мемлекеттің тең жартысында бірде-бір рет әйел мемлекет басшысы болмаған.

Әйгерім Құсайынқызы елімізде қандай да бір заң қабылданар кезде ерлердің мүддесі көбірек қорғалып кететінің себебін саясатта әйелдердің үлесі аз болуынан көреді. 

«Парламенттегі әйелдердің үлесі биыл ғана 27% болды. Бұл сан өзгеруі керек және әйелдердің кандидатурасын ұсына беру керек. Өйткені қазіргі қоғам — патриархал. Оған біздің тарихи, діни, антропологиялық ерекшеліктеріміз әсер етті. Билікке әйел келіп, бірден алапат өзгеріс болады деп айта алмаймын, қиындау. Бұған уақыт керек. Елімізде жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Әлі күнге дейін әйелдерді бұл зұлымдықтан қорғайтын заңның болмауы да — үлкен проблема. Заңның көбіндегі сексистік нормалар, көпбалалы балаларға төленетін төлемақының аздығы, еңбек нарығында әйелдердің барлық салаға бірдей бармауы — проблема көп. Қазақстанда билікке әйел келсе, әрине, әйелдерді жақсы түсініп, бірінші кезекте олардың проблемасын шеше алады. Қатыгездіктен, зұлымдықтан, өз күйеуінің қолынан жапа шегуден қорғай алады. Қазір билікте әйелдің үні естілмейді, сол себепті олар қауіпсіз қоғамда өмір сүру мүмкіндігінен айырылып отыр», — дейді ол.

Заңгердің сөзінше, әйелдер өз бетінше билікке араласуға ұмтылуы керек. Сайлауға түссе, халық та оларды қолдауға тиіс.

«Саясатта «шыны шкала» деген теория бар. Әдетте құлдырау алдында тұрған мемлекет әйелдің билікке тек осындай қиын-қыстау кезеңде келуіне рұқсат береді. Көршілес қырғыз елінде билікке Роза Отынбаеваның келуі де осындай жағдай еді. Әрине, бұл Орталық Азияда ел басқарған алғашқы әйел болса да, оның таққа келу оқиғасы басқа. Ол феминистік қозғалыс күшімен емес, сол кездегі саясаткерлер жауапкершіліктен қашқан соң келді. Қазір дәл осы теорияны біздің ел де белсенді қолданып жүр. «Қазпошта» билігін әйелге беріп қою да осы бір теорияны растай түседі. Енді жеті жылдан кейін болатын сайлауға дейін жұмыс істей берсек, келесі сайлауда әйел кандидат жеңіп шығып, билікке келу ықтималдылығы бар», — дейді ол.