Атырау облысында резонанс тудырған қос кісі өлтіру ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот барысында тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар көрсетіліп, онда айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев бұрынғы қайын атасы мен енесін қалай өлтіргенін егжей-тегжейлі баяндаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, бейнежазбада күдікті бұрынғы енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру үшін арнайы барғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, әйел қорада жүрген кезде алдын ала дайындаған пышақпен алдымен мойын тұсына, кейін жүрек тұсына соққы жасаған. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза болған.
Сарсемәлиев сонымен қатар бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалинді де әдейі өлтіруді жоспарлағанын мойындаған. Тергеу видеосында ол қылмысқа саналы түрде барғанын айтып, әрекетінің ауыр екенін түсінгенін жеткізеді.
Айыпталушының айтуынша, қылмысты жасағаннан кейін мәйіттерді қораға көміп, қолданған пышақты жуып, өзімен бірге алып кеткен.
Сот отырысында бұдан бөлек, қаза болғандардың, айыпталушының және қазір психиатриялық диспансерде ем алып жатқан оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның телефон байланыстары мен орналасқан жерлеріне қатысты жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері зерттелді.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
