— Гүлзада ханым, Қазақстандағы БАҚ контентінде гендер теңдігі мәселесі қалай  жазылып, айтылып жүр?

— Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық бірнеше конвенциясына қол қойған. Оның ішінде әйелдерге қатысты кемсітушіліктің бәрін жою деген комитет бар. Оған сәйкес, Қазақстан қоғам ішінде гендерге қатысты стереотипдерді жою үшін түсіндірме жұмысын жүргізуі, журналистердің осы тақырыпты талқылауын қадағалауы және әйел мен ерге қатысты мәселелерге назар аударуы қажет. Кейін мемлекет елімізде гендер тақырыбында қанша, қалай түсіндірме жұмысын жүргізгені және оған қанша қаражат бөлгені туралы халықаралық деңгейде есеп береді.

Осы мәселеге қатысты қазір Medianet халықаралық журналистика орталығының жас қызметкерлері еліміздегі журналистер мақала жазғанда, сюжет жасағанда гендерге қатысты мәселеде сөздерді қалай пайдаланатынын, контентті қалай жасайтынына анализ жасап жатыр. Олардың айтуына қарағанда, мемлекет БАҚ құралдарына түрлі тақырыпта тапсырыс береді екен. Оның ішінде гендер тақырыбы да бар, бірақ олар тақырыптың қаншалық ашылып-ашылмағанына, көтеріліп-көтерілмегеніне есеп жүргізілмейтінін байқаған. Гендер деп айтқанымен, бұл тақырыптан мүлдем алыс жайттар жазылып немесе айтылып жатыр.

Тағы бір мәселе — сөздердің қолданылуы. Әлі күнге дейін эфирде «Әйел бастаған көш оңбайды», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Қызды қырық үйден тыю» сияқты мақал-мәтелдер қолданылып жүр. Журналистер мұндай тіркестер әйелдердің саяси құқығын шектейтінін ескеруі керек еді. Оның орнына «Қазақта қалыптасқан бұл сөздер қазіргі заманға қаншалықты сай», «Бүгінгі заңымызға қайшы емес пе?» деген сияқты көзқарасты талқылағаны жөн.

Бір қызық жайтты байқадым. Қазақстан өкілдері Женеваға барып, есеп бергенде еліміздегі әйелдердің нешеуі, қайда жұмыс істеп жатқаны, қанша айлық алатыны туралы айтады. Арнайы статистика жүргізіп, қандай прогреске ие екенімізді көрсетеді. Бір қызығы — мемлекеттің арнадағы бағдарламаның бірінен «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген тақырыпты көрдім. Бағдарламада сол Женевада мақтанышпен айтылған дерек пайдаланылады, бірақ халыққа негатив түрде жеткізіп жатқанын байқадым. «Ерлердің құқығы тарылып бара жатыр», «Жұмыс істейтін әйелдер саны көбейіп жатыр», «Сонда үйге кім қарайды?» деп айтты. Өкінішке қарай, әйелдердің саяси, экономикалық, азаматтық құқығы шектелетіні туралы эксперт пікірін естімедім.

Гүлзада Сержан, феминист
Гүлзада Сержанның Baribar.kz тілшісіне сұхбат беріп тұрған сәті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Журналистер мақаласында немесе сюжетінде гендер мәселесін қалай жазуы қажет?

— Гендер мәселесін халыққа дұрыстап түсіндіру мемлекеттің мойнында. Бұл мәселені олар екі құрал арқылы халыққа жеткізе алады: бұқаралық ақпарат құралдары және білім саласы. Білім саласына келсек, мектептегі және ЖОО-дағы оқулықтарда гендерге байланысты стереотип қалыптастыратын, дискриминация жасайтын мазмұндағы тақырыптар болмауы қажет. Медицина оқу орындарындағы «Қыз бала хирург бола алмайды», «Оңай саланы таңдасын» деген сияқты көзқарастарды жою керек.

Сонымен бірге мектеп оқулықтарында балаларға жігіттің жеті қазынасын үйретеді. Сол жеті қазынаның бірі — сұлу әйел. Біздің қоғам әйелді тазы, бүркіт, жылқы, кездік, ау және қақпанмен бір деңгейге қойып, объектіге айналдырып отыр. Өзін мектеп оқулығынан ердің жеті объектісінің бірі екенін білген оқушы қыз қандай сезімде болатынын ойлап көріңізші. Феминистік оптикасы бар қыз болса, үлкен шок алуы мүмкін. Бұл нәрсені әдет-ғұрыппен    байланыстыруға болмайды. Әдет-ғұрпымыз әйелді кемсітіп келсе, оны өзгертуіміз керек.

Ал бұқаралық ақпарат құралдары жоғарыда атап кеткен сөздерден аулақ болғаны жөн немесе оны қандай мақсатта қолданып жатқанын, сөздің түпкі мән-мағынасына түсіндірме жасауы қажет. Медиада көбіне әйелдердің саясаттағы орны, жалақыдағы теңсіздік, оқулықтағы гендерге қатысты мәселелер сияқты өзекті тақырыптарды талқылауы, көтеруі қажет.

Журналистер бағдарламасында, мақаласында қоғамдағы бір мәселені талқылайды делік. Бағдарламасына бірнеше маманды шақырады, мақаласында бірнеше эксперттің пікірін қосады. Бір қызығы — кейбірі тек ерлерді немесе тек әйелдерді жинап алады. Бұл дұрыс емес. Журналист қандай тақырыпта контент дайындаса да, оған пікір білдіруші, сұхбат берушілердің жартысы ер, жартысы әйел болуына назар аударуы қажет. Бұл екі жыныстың да құқығын бұзбауға көмектеседі әрі қозғалып отырған мәселені шешуге септігін тигізеді.

Гүлзада Сержан, феминист
Гүлзада Сержан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Медиа аборт, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, харассмент сияқты тақырыптарды талқылағанда не нәрсені ескерген жөн?

— Жалпы жыныстық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық, харассмент, бопсалау және тағы басқа жағдайлардан зардап шеккен адамдарды көбі негатив түрде таниды. Олардың бұл оқиғасы, жағдайы артық масыл, көңіл-күйді түсіретін, адамның қытығына тиетін фактор деп есептеледі. Дегенмен кез келген қоғам мүшесі оларға көмек керек екенін ұмытпауы қажет. Қаржылай, психологиялық, моралдық тұрғыдан болсын қолдау көрсетуге тырысқанымыз жөн.

Ал журналистер мұндай тақырыптағы контентінде жәбірленушіні айыптаудан аулақ болуға тиіс. Жығылғанға жұдырық болып, «Өзі тілеп алған шығар», «Өзі бүйткен-сүйткен шығар» деп айтпауы керек.

Бізде бір оқиға болса, жәбір көрген адамды барынша сипаттайды. Оның кім екені, не кигені, қайда жүріп-тұрғаны, не істегені толық жазылады. Қоғам оған қатысты ақпараттың бәрін біліп отырады. Ал күдікті немесе жәбірлеген адам туралы бір дерек айтсаң, ол қылмыс болып есептеледі. Сот ісі жүріп жатқан кезде күдіктінің жеке бас мәліметтері заңмен қорғалады. Оны таратқан журналист істі болып кетуі мүмкін.  Меніңше, бұл заң әділ емес. Адамның және оның жеке мәліметтер қауіпсіздігін ойлайтын заң екі жақты бірдей қарастыруы қажет. Жәбірленуші мен күдікті туралы бірдей ашық айтылсын немесе екеуі туралы да мәліметтің тарамауын заң қадағаласын.

«Құрмет» орденін алған Ауыт Мұқибек жуырда балдызын жыныстық қатынасқа итермеледі деген ақпарат тарады. Өзім қыздың айтқанына сенемін және оны қолдаймын. Бұл — жеке пікірім. Оның мұны ашық айтуын да дұрыс деп есептеймін. Бопсалауға ұшыраған қыздар осылай қорықпай мәселесін айтуы керек.

Ал журналистер мұндай ақпарат таратқанда екі жақтың да пікірін қатар бергені дұрыс. Себебі түптің-түбінде кімнің рас-өтірік айтып жатқаны анықталады. Дегенмен ақпаратқа манипуляция жасап, бір жақты кінәләп, балансты жоғалтпау қажет. Бұл оқиғаның соңы не боларын білмеймін. Егер ол кісі шынымен сондай бассыздыққа барса, оны жазалау қажет, «Құрмет» орденін қайтаруы қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!