Универсиаданың төртінші күні: Қазақстан қоржынында 15 медаль

Төртінші күн бірден алтын жүлдемен басталды. Биатлоннан 7,5 шақырымға спринтерлік жарыста қазақстандық Галина Вишневская қарсыластарынан оза шауып, 21:43.1 уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орын Украина спортшысы Яна Бондарьға бұйырса (+22.8), үздік үштікті ресейлік Анастасия Егорова 36.7 уақытымен қорытындылады.

Галина Вишневская
Галина Вишневская

Алтынның ізі алтынмен жалғанды. «Шымбұлақ» шаңғы базасында өткен фристайл могулынан отандасымыз Юлия Галышева үздік нәтиже көрсетіп, еліміздің қоржынына төртінші алтынды салды. Ол бұрылыстарын өте сәтті жасап 47,2 балл алса, өте күрделі секірістеріі үшін 13,89 балл, жылдамдығына 12,71 балл алып, барлығы 73,20 баллмен үздік нәтиже көрсетті. Екінші нәтижені ресейлік Анастасия Первушина 62,13 балмен көрсетсе, 52,05 бал жинаған Катарина Рамзауэр үшінші орынға тұрақтады.

Байқағандарыңыздай, спортшылардың балдарында алшақтық өте үлкен. Оған себеп секіріс кезінде қателіктер жіберіліп, тіпті жолақтан шығып, мәреге жете алмай қалғандар да көп болды.

Юлия Галышева
Юлия Галышева

Жанкүйерлер Галышеваның жеңісінен езу жиып үлгермей жатып, фристайлдың осы түрінен ерлер арасында сынға түскен Дмитрий Рейхард та жеңіс тұғырынан көрінді. Ел қоржынындағы бесінші алтын. Ортаға ресейлік спортшы Сергей Шимбуевті салып, үшінші орынға отандасымыз Павел Колмаков жайғасты. Бұл бесінші қола жүлде.

Дмитрий Рейхард, фристайл
Дмитрий Рейхард

Артынша ерлер арасындағы шаңғы жарысы бойынша 10 км спринтте Роман Еремин де қарыластарына есе жібермей, қола жүлде еншіледі.

Роман Еремин
Роман Еремин

Бүгінгі қуаныш ұзаққа созылды. Шаңғышылар арасындағы классикалық стильдегі жекелей жарыста Қазақстан намысын үш спортшы қорғады. Олар – Олжас Климин, Александр Малышев және Иван Люфт. Біздің жігіттерге ресейлік Владимир Фролов, Юрий Гаврилов және Егор Березин қарсылас атанды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде отандасымыз Иван Люфтке бұйырды. Күміс ресейлік Фроловтың еншісінде кетті. Қола жүлдені де ресейлік Егор Березин жеңіп алды. Ал біздің Климин мен Малышев бесінші-алтыншы орындарды бөлісті. Осылайша, Қазақстан құрамы Универсиаданың алтыншы алтынын алды.

Иван Люфт
Иван Люфт

Ал, бүгінгі күннің қорытынды ойындары өтіп жатқанда, ел қоржыны тағы бір қоламен толықты. Анна Стоян шаңғыдан әйелдер арасындағы классикалық спринт сынында  ресейлік спортшы Мария Давыденкова мен Лилия Васильеваға жол беріп, қола медаль еншіледі. Айта кетейік, бұл сында қазақстандық спортшылар арасынан тек Анна ғана финалға жеткен болатын.

Анна Стоян
Анна Стоян

Осылайша, Қазақстан құрамасы төрт күн ішінде Универсиада тарихында жеңіп алған жүлделер саны бойынша өз рекордын жаңартты. Ел қоржынында қазір 6 алтын, 2 күміс, 7 қола бар.

Осыған дейін еліміздің спортшылары ең жоғарғы көрсеткішті 2015 жылы Гранада қаласында өткен қысқы Универсиада ойындарында көрсеткен еді. Испания жерінде қазақ спортшылары бес алтын және алты күміс медаль алған болатын.

Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте екінші орындамыз. Бірінші орында 14 алтын, 13 күміс, 6 қоламен Ресей құрамасы тұр. Ал, үздік үштікті Франция түйіндеді. Оларда 3 алтын, 1 күміс, 1 қола бар.

универсиада рейтингі
Универсиада. Төртінші күннің қорытындысы бойынша елдер рейтингі. ©almaty2017.com

Айта кетейік, ертең Универсиаданың бесінші күнінде жарыс жолына Денис Тен шығады. Ол мәнерлеп сырғанаудан басты фавориттердің бірі.