Дәурен Ерболат, журналист:
«Екі мерекені қосып атап өтуге болады»
2020 жыл соңында жұмыстан соң әріптестерімізбен әңгімелесіп отырған едік. Әріптес бір қыздың жігіті болды. Ғашықтардың қарым-қатынасы туралы сөйлесіп отырғанда психолог Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду» деген кітабы сөз болды. Бұл автор адамдар бір-бірін қанша жақсы көрсе де, екі ортада түсінбестік туатынын айтады. Мұндай мәселені шешу үшін адамды болмысымен қабылдау қажет дейді. Сонда барып қарым-қатынас берік болады екен. Ал керісінше, адамды өзгертуге тырысса, жұптың бірге болу болашағы күмәнді. Әлгі әріптесіме осы кітапты оқи тұруға берейін дедім.
Ертесіне кітапты апарым бердім. Әріптесім парақтап отырып, көзі жайнап шыға келді, оқуға ынталы екенін байқадым. Сосын аяқ астынан кітапты сыйға тарттым. Қуанып қалды.
Жылдап кітап оқымай жүріп, аз уақытта бірнеше шығарманы бітіріп тастауым мүмкін. Алғашында Мұхтар Әуезов, Иван Бунин, Максим Горький сияқты классик жазушылардың шығармасын оқып жүрдім. Абай Құнанбаевтың, Қадір Мырза Әлінің, Борис Акуниннің жазғандарын жақсы көрем. Кейінгі сүйіп оқыған шығармамның бірі — Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс туралы повестер мен әңгімелерінің» барлық томы. Агата Кристиді сүйіп оқимын. XXI ғасыр Агата Кристиі америкалық жазушы Гиллиан Флиннің «Өткір заттар» (Sharp Objects»/Острые предметы), «Кеткен қыз» (Gone Girl/Исчезнувшая), «Түнек орындар» (Dark Places/Тёмные тайны) сияқты шығармаларын оқыдым. Өте қызық жазады, бір бастасаң, бас ала алмай қаласың. Былтыр есімде қалған кітаптардың бірі — испан жазушысы Алекс Михаэлидестің «Үнсіз панциент» (The Silent Patient/Безмолвный пациент) деген кітабы. 300 беттен тұрады, қатты қызығып 3 күнде бітірдім.
Басында тарих пен детективке қызықсам, қазір медицина тақырыбында оқып жүрмін. Ұлыбритания нейрохирургі Генри Марштың «Зияның тимесін» (Do No Harm/Не навреди) деген шығармасы бар. Өз өмірі мен кәсіби қызметі туралы баяндайды. Нейрохирург адам көзіне көрінбейтін тамырларға микроскоппен операция жасайды. Кітаптың арқасында организмдегі ісіктер туралы біліп қалдым. Түсінгенім, ісік деген қатерлі және қатерсіз болып бөлінеді. Қатерлісі табылса, адамның өмір сүруіне санаулы уақыт қалды деген сөз. Қатерсіз болса, нейрохирург ісікті операция арқылы алып тастайды.
Генри Марш «Мықты нейрохирург болғаныммен, бәрібір бір сәттілікке сенемін. Дәрігермін, бәрін білемін, бәрі жақсы болады деген нәрсе жоқ. Операция кезінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сабырлы, өзіңе сенімді болуың қажет, оған қоса сәттілік керек», — дейді. Автор екі рет үйленгенін, нейрохирург жұмысы ауыр екенін, түнімен жұмыста қалып қоятынын айта келе, анасының өлімге қалай дайындалғаны туралы баяндайды. Нейрохирургия саласында білікті дәрігерлер аз екен. Бұл дәрігердің аса кәсіби бола тұра, қарапайым жан болғаны ұнады. Ол былай дейді: «Денеміз ауырғанда, негізі аурудың бәрі сол жерде емес, мида болады. Ми жұмыс істемесе, ештеңе сезбейміз. Сондықтан, бастысы, миымыз аман болсын». Бұл кітап арқылы нейрохирургия саласымен танысып, дәрігердің жұмысына қызықтым.
14 ақпанды Ғашықтар күні деп тойлап жатады. Бұл Кітап сыйлау күні екенін де бүгін білдім. Кітап жақсы көрген соң, оқу қанға сіңген әдет болған соң мерекені маңызды санаймын. Бұл күні сүйікті адамың жаныңда болса, оның үстіне ол кітап жақсы көрсе, екі мерекені қосып неге атап өтпеске?!
Дегенмен Кітап сыйлау күнін тойлау үшін жаныңдағы адам немесе достарың да шынымен кітапты жақсы көретін адамдар болуы керек деп олаймын.
Айтөре Еділбай, математика пәнінің мұғалімі:
«Сыныбымның ата-анасы алғым кеп жүрген кітапты сыйлады»
Жұмысқа алғаш кірген жылым. 3 қазан туған күнім еді. Кластың ата-аналары бұл датаны қоймай сұрап алды. Содан туған күнімде Шамиль Аляутдиновтың кітаптары бар box алып келіп, ерекше қуантқаны бар. Бұл автордың кітаптарына қызығатынымды бірнеше апта бұрын әлеуметтік желіге салғанмын. Содан көрсе керек. Сол кезде ата-аналарға қарымтасын қайтарамын дегенім бар.
Қысқы мереке жақындап қалғанда әр оқушыма Халит Ертугрулдың «Как я выиграл жизнь» атты кітабын сыйлап шықтым. Көбісі кітап кейіпкерінен үлгі алып, сабағы дұрысталды. Қазір сол класым жетіншіде оқиды. Әлі күнге дейін жиі жиналып тұрамыз.
2016 жылдан бері кітапты жүйелі оқып жүрсем де, кітап сыйлау күнін атап өтіп көрмеппін. Биыл мерекеде жұмыстағы үш әріптесіме педагогика жанры бойынша кітап сыйлауды жоспарлап отырмын.
Астанада «Кітапқұмар» деген топқа қосылғанмын. Дегенмен көркем әдебиет менің негізгі ұнататын жанрым болмаған соң, аса араласа қоймадым. Әрі интроверт қасиетім бір басыма жетеді. Сондықтан кітапты өзім ғана отырып оқығаннан ләззат аламын.
Бес түрлі бағытта кітаптар оқимын:
- Психология-менеджмент. Жұмыста директордың орынбасары қызметін атқарамын әрі мұғалім психологияны жақсы білуге міндетті деп есептеймін.
- Тарих. Ислам діні мен Қазақстан тарихын оқып жатырмын. Осыларды бітірген соң әлем тарихына көшемін. Өткенімізді білмей, келешегіміз бұлыңғыр деп ойлаймын.
- Көркем әдебиет. Көбіне AudioKitap қосымшасынан кітапты аудио форматта тыңдаймын. Көркем әдебиет жанры аса жақын болмаса да, көркем сөйлей алу үшін оқып жүрмін.
- Тұлғалық әрі рухани даму жайлы кітаптар оқимын. Әр адам — тұлға. Оны дамыту тек өз қолында.
- Педагогика-тәрбие бағытындағы кітаптар. Бұл жанрда қазіргі таңда қазақша кітаптар көп емес, аудиториясы да аз. Сонда да кітап жазып, курс әзірлеп жүрген ағаларымыз, әпкелеріміз бар. Соның бірі Елжас Ертайұлы дер едім.
Назым Сапарова, студент:
«Бір-бірімізге кітап сыйлаймыз, қымбат кітаптарды алмасып оқимыз»
Kitapland деген оқырмандар клубы бар. 2 жылдан бері сол клуб мүшелері жиналысына барып жүрмін. Былтыр Кітап сыйлаудың халықаралық күнін тойладық. Клуб мүшлері жеребе тастап, сол арқылы бір-бірімізге кітап сыйладық. Әркім чатқа оқығысы келіп жүрген бінеше кітап атауын жазады. Кітап бағасының ең жоғарғы сомасын белгілеп алдық. Былтыр ақтөбелік қыздан Халед Хоссейнидің «Таулар жаңғырып, жауап берді» (And the Mountains Echoed/И эхо летит по горам) кітабын алдым.
Маған жеребеде өз университетімде оқитын құрбым түсті. Оның Foliant баспасынан шыққан «Үзілген жапырақтар» кітабын оқығысы келгенін біліп алдым. Сабақ кестесін көріп, кітапты орап, тілхат қыстырып, группаласымнан сыйлықты беріп жібердім. Ол құрбымның аудиториясына барып, кітапты қалдырып кетіпті. Өйткені құрбым сабаққа кешігіп барған. Аудиторияға кірсе, бәрі «саған біреу кітап қалдырып кетті, не деген романтика?!» деп шулапты. Кейін құрбым қалап жүрген шығармасын сыйлағаныма қуанғанын айтты.
Биыл осы клуб мүшелері мерекені тағы да тойлаймыз. Қазақстанның түкпір-түкпіріне кітап жіберіп, өзіміз басқа аймақтан кітап алып жатырмыз.
Мектепте оқып жүргенде «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» деген байқауға қатысқан едім. Сондағы қатысушылармен дос болып, әлі күнге дейін араласамыз. «Массагеттік достар» деген тобымыз бар. 13 ақпанда Кітап сыйлау күнін атап өту үшін кездескелі отырмыз. Сол үшін топтың Нұр-Сұлтан мен Талдықорғандағы мүшелері де келеді.
Кейінгі оқыған кітабымның бірі — Мэг Джейдің «Сындарлы жылдар» (The Defining Decade/Важные годы) шығармасы. Онда 20 мен 30 жас аралығындағы адамның ісі, жұмысы, махаббат мәселелері талқыланады. Кездесуде осы кітап жайлы айтып беріп, оқуға ұсынамын. Оған қоса, әрқайсымыз бір-біріміз қалаған кітап сатып алып қойдық. Мен Данияр Жігітбектің «Лайфхактарын» алғым келеді, ал маған түскен адам Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшысын» оқуға асық.
Мұндай кездесулерде түрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Дегенмен кітап — негізгі тақырыбымыз. Кім қандай кітап оқып жүргенін, қай баспа қандай кітап шығарғанын және қандай әлемдік бестселлер қазақшаға аударылғанын білеміз. Жақын уақытқа дейін 21 кітап оқуды мақсат етіп отырмын. Оның бірі тұлғалық даму бағытында болса, екіншісі көркем әдебет болады дегендей. Бас қосқанда әркім осындай мақсатын бөліседі. Бағасы қымбат кітаптарды ауысып оқимыз.
Хэл Элродтың «The Miracle Morning» (Магия утра) деген кітабы бар. Сол «Таң шапағаты» деп қазақшаға аударылды. Бұл кітапты журналист Ақжарқын Қыдырханованың «21 күн үздіксіз кітап оқу» марафонына қатысып, сыйға алдым. Кітап негізі ағылшын тілінде жазылған. Маған шығарманың орысшасынан гөрі, қазақша аудармасы көбірек ұнады. Тілі жатық, қызығырақ.
Мейрам қалай пайда болды?
Бір күні балалар кітабы сайтының иесі Эмми Бродмурдан ұлы «адамдар бір-біріне кітап сыйлайтын ерекше күн неге жоқ» деп сұрайды. Бұл сауал көкейінде қалған Эмми Бродмур кітап сыйлау идеясын қолға алады. Әлеуметтік желілерде бастама көтеріп, қолдау сұрайды. Желі қолданушылары оны іліп әкетеді, осылайша Кітап сыйлау күні танымал болады.
Эмми Бродмур бір блогында: «Адамдар бір-біріне кітап сыйлап қана қоймай, оған қатысты қызық оқиғаларын айтып, алған кітабын Twitter, Facebook желілерінде және International Book Giving Day’s website сайтында жариялайды. Бұл жобаға басқа да жаңа адамдардың қосылуына әсер етіп жатыр», — деп жазды. Желі қолданушылары кітап сыйлауға қатысты оқиғасын жазғанда #giveabook хештегін пайдаланады.
Кітап сыйлау күнін былай тойлауға болады:
- Досыңызға, кітапты жақсы көретін танысыңызға немесе отбасы мүшесіне кітап сыйлаңыз. Ол адамның сіз тұратын елдімекенде, тіпті Қазақстанда тұруы міндетті емес. Мереке халықаралық сипатта, сондықтан кітапты әлемнің кез келген бұрышына жіберуіңізге болады.
- Фойе немесе күту залы сияқты адамы көп орынға кітап қалдырып кетіңіз. Оны тауып алған адамға сыйлайтыныңыз туралы тілхатты ұмытпаңыз.
- Өзіңіз оқып қойған, жеке кітапханаңызға қоспайтын еңбектерді кітапханаға, мектепке, балалар ауруханасына, балалар үйіне, қайырымдылық қорына беріңіз.
- Өзіңіз сияқты кітапқұмар достармен кездесіңіз, сүйікті кітабыңыз туралы талқылаңыз.