Кітапханашының айтуынша, «балалар кітап оқымайды» деген пікір жаңсақ, себебі Жамбыл атындағы кітапханаға келетін жасөспірімдер қазақ жазушыларының шығармалары мен шетел әдебиетін зор ынтамен оқиды.

«Менің атым — Қожа». Бердібек Соқпақбаев

балалар кітап
Бердібек Соқпақбаевтың кітабы. Фото: Айгүл Хожантаева

Жас оқырманның ең көп оқитын кітабының бірі — Бердібек Соқпақбаевтың жинағы, әсіресе «Менің атым — Қожа» повесі. Туынды 1957 жылы жазылған. Шығармада бала Қожаның мектеп жасындағы әртүрлі қызық оқиғасы баяндалады. Бұзық Қожа жақсы адам болуға тырысады. Ол өзінің мінезін, тәртібін өзгертуге талпынады. Сонымен бірге Қожаның балалық махаббаты да суреттеледі. Ол класындағы тәртіпті әрі сабағын үздік оқитын Жанар деген қызды жақсы көреді, кейде оған арнап өлең шығарады.

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым-Қожа» повесін білмейтін бала жоқ шығар. Қаншама жылдан бері сұранысы азаймаған кітаптың бірі. Бір бала кітапты оқып болып кітапханаға әкеліп тастаса, сол күні екінші бала алып кетіп жатады, — дейді Ғазиза Нұрғалиева.

балалар кітабы
«Он бес жасар капитан» кітабы. Фото: Айгүл Хожантаева

«Он бес жасар капитан». Жюль Верн

«Он бес жасар капитан» Алматыда 2011 жылы басылып шыққан. Қазақшаға аударған — Сұлтан Қалиұлы. Романда 15 жасында кеме капитаны болған Дик Сэнд деген баланың бастан кешкен оқиғалары мен өміріндегі қиын кезеңде қасында болған достары туралы жазылған. Ғазиза Нұрғалиеваның айтуынша, француз жазушысы Жюль Верннің бұл кітабын 5-6-класс оқушылары қызыға оқиды.

Бұл кітаптың кейіпкері оқырманның көбімен жасты болғандықтан олар шығарманы сүйсіне оқиды. Кейіпкердің бастан өткерген шытырман оқиғалары балаларға мақсатқа жетуді, армандай білуді үйретеді, — дейді кітапхана меңгерушісі.

«Хәрри Поттер». Жоаң Роулиң

балалар кітабы
«Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы. Фото: Айгүл Хожантаева

Жасөспірімдер жиі оқитын үшінші кітап — Хәрри Поттер туралы шығармалар жиынтығы. Әлемдік бестселлер 1980 жылы жарыққа шыққан. Жамбыл атындағы кітапханада сиқыршы бала Хәрри Поттер туралы шығармалар жиынтығының орыс тіліндегі аудармалары бар. Жақында олардың қатарына қазақша нұсқасы — «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы қосылды. Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, Хәрри Поттер сияқты сериялы кітаптың оқырманға пайдасы көп.

Біріншіден, балалар сериялы кітап оқығанда оқиғаның немен аяқталатын білу үшін бір кітаптан екіншісіне көшіп отырады. Осының арқасында бала кітап оқуды әдетке айналдырады. Екіншіден, Хәрри Поттер әлемі — сиқыр әлемі. Бұл кітап баланың армандауына, креатив ойлауына көмектеседі, — дейді Ғазиза Нұрғалиева.

«Жусан иісі». Сайын Мұратбеков

балалар кітабы
Сайын Мұратбековтің шығармалар жинағы. Фото: Айгүл Хожантаева

Жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі әлі күнге дейін сұранысқа ие. Шығарамада халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, автор замандастарының тыныс-тіршілігі сомдалады. Ол жерде Аян есімді жасөспірімнің өмірі баяндалады. Әкесі мен ағасы соғыста, анасы жоқ, жалғыз әжесі қайтыс болған. Аянның ішкі болмысы, оның көрген азабы да сипатталады.

Жазғы демалыста балалар мұғалімдері оқуға берген кітаптар тізімін алып келеді. Байқағаным, біздің оқытушылардың көбі  Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» оқуға кеңес береді. Шығарманың басты кейіпкері Аянның тағдыры балаларға өмірлік тәжірибе алуға септігін тигізеді, — дейді кітапхана меңгерушісі.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы

балалар кітабы
Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы. Фото: Айгүл Хожантаева

Бүгінде поэзияға қызығатын бала да көп. Жеткіншектер кітапханаға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын іздеп келеді. Әдебиеттен түрлі байқауға қатысқалы жүрген оқушылар да оның өлеңдер жинағын іздейді. Мұқағали Мақатаевтың өзі де жастайынан көркем шығармаларды сүйіп оқып, 14-15 жасынан өлең жазған. Оның алғашқы жыр жинағы 33 жасында шыққан. Ақынның 1000-нан астам поэтикалық шығармасы бар.

Поэзияға қызығатын және ақындық қабілеті бар балалар Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ерекше ынтамен оқиды, — дейді Ғазиза Нұрғалиева.